Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

Мұғалім мүддесін қорғау маңызды

0 191

Ұстаз бен тәрбиеші, әдіскер мен кітапханашы, зертханашы мен техникалық қызметкер – бәрі де оқу-тәрбие үдерісінің ажырамас бөлшегі. Олардың әрқайсысының адал еңбегі – еліміздің болашағына бағытталған инвестиция.

Білім саласындағы ең басты еңбек адамы – мұғалім. Мұғалім – жай ғана маман емес, ол – ұрпақ тәрбиелеуші, мемлекет іргесін біліммен бекітуші. Қазіргі қоғамда ұстаздар тек білім беруші ғана емес, олар – тәлімгер, психолог, кеңесші, тіпті кейде ата-ананың рөлін де атқарып жүрген маман. Мұғалімдердің еңбегі – көрінбейтін, бірақ нәтижесі ұрпақ бойынан, ел болмысынан айқын сезілетін еңбек. Олар шәкірттерінің жүрегіне білім мен ізгіліктің нұрын себеді. Еңбектері ауыр, жауапкершіліктері зор болса да, олар бұл жолды саналы түрде таңдайды. Нағыз еңбек адамы – дәл осы ұстаздар!
Білім жүйесі тек мұғалімдерден тұрмайды. Мектептер мен колледждерде, балабақшалар мен университеттерде жүздеген түрлі маман жұмыс істейді. Тәрбиешілер – балабақшадағы бүлдіршіндердің алғашқы ұстазы. Педагог ұйымдастырушылар – оқушылардың бос уақытын тиімді өткізуге бағыт берушілер. Әдіскерлер – білім беру сапасын арттыруға атсалысушылар. Психологтар мен әлеуметтік педагогтар – бала жанын түсініп, қолдау көрсететін жандар. Техникалық қызметкерлер – тазалық пен тәртіпті қамтамасыз ететін көзге көрінбейтін еңбек иелері. Осы мамандық иелерінің барлығы – білім саласындағы еңбек адамдары, оларсыз оқу үдерісі толыққанды жүзеге аспайтыны анық.
Кәсіподақ – еңбек адамының тірегі. Кәсіподақтар – білім саласындағы қызметкерлердің құқықтарын қорғап, олардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған нақты жұмыстар атқарып келе жатқан қоғамдық ұйым. Кәсіподақ ұйымдары мұғалімдердің жалақысының әділ төленуін, артық жұмыс жүктемесінен босатылуын, еңбек қауіпсіздігінің сақталуын, жас мамандарға әлеуметтік қолдау көрсетілуін, демалыс орындарына жолдама беруді, зейнетақы мен жәрдемақы мәселелерінде заңдылықтың сақталуын қамтамасыз етеді.
Сонымен қатар кәсіподақ білім беру мекемелерінде әділетті еңбек қатынасын қалыптастыруда, еңбек дауларын шешуде, мерекелер мен марапаттау іс-шараларын ұйымдастыруда да үлкен рөл атқарып келеді.
Қоғамдық құрмет – еңбекті мойындау. Қоғам дамуындағы білім саласының орны ерекше. Бұл саладағы еңбек адамдары – елдің интеллектуалдық, мәдени, рухани деңгейін қалыптастыратын негізгі күш. Олардың маңдай тері мен жанкешті еңбегі – мемлекет дамуының қозғаушы күші. Сондықтан Қазақстандағы кәсіподақ қозғалысының мерейтойы – жай ғана тарихи дата емес, бұл білім саласындағы қарапайым еңбек адамдарын ұлықтайтын, олардың мәртебесін көтеретін үлкен қоғамдық мүмкіндік.
«Еңбек адамы – ел мақтанышы» деген қанатты сөздің мәні терең. Әсіресе білім саласында аянбай еңбек етіп жүрген жандар – ел болашағының сәулетшілері. Олардың әр күні – бала болашағына бағытталған ұлы еңбек. Білімді ұрпақ – жарқын болашақтың кепілі, ал сол ұрпақты тәрбиелейтін еңбек адамы – нағыз халықтың қаһарманы.

Дедек Төлен

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.