Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

Көне шаһарда құс еті өндіріледі

0 234

Тараз қаласында еліміздегі екінші ірі құс  етін өңдеу зауыты іске қосылды. Жылдық қуаттылығы 70 мың тонна болатын бұл ауқымды жобаны «Алель Агро» акционерлік қоғамы 19,8 миллиард теңге инвестиция құю арқылы табысты жүзеге асырды.

Салтанатты ашылу рәсіміне облыс әкімі Ербол Қарашөкеев, кәсіпорын өкілдері, «Жамбыл Invest: жаңа жобалар – жаңа жұмыс орындары» республикалық баспасөз турына келген журналистер және жергілікті тұрғындар қатысты.
Инвестициялық жоба Мемлекет басшысының агроөнеркәсіп кешенін дамыту, өңдеуді тереңдету және қайта өңделген өнім үлесін арттыру жөніндегі тапсырмалары аясында жүзеге асырылып отыр.
Зауытта әлемдік жетекші компаниялардың заманауи жабдықтары орнатылған, барлық технологиялық үдерістер халықаралық стандарттарға сай жүргізіледі. Бұл өнім сапасын тұрақты бақылауға және өндірістік қауіпсіздіктің жоғары деңгейін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
«Алель Агро» АҚ-ның Жамбыл филиалы – құс шаруашылығы саласындағы жетекші кәсіпорындардың бірі. Негізгі бағыты – бройлер тұқымды құстардың етін өндіру және қайта өңдеу. Компания толық өндірістік циклді жүзеге асырады: балапандарды инкубациялаудан бастап, құсты өсіру, ет өндіру және дайын өнімді нарыққа шығару кезеңдерінің барлығын қамтиды.
Кәсіпорынның қазіргі қуаты – жылына 10 мың құс еті. Қазіргі таңда зауыт басшылығы өндіріс көлемін ұлғайту және тиімділікті арттыру мақсатында заманауи технологияларды, өндірістік инфрақұрылымды енгізіп келеді.

Еркін Сайын

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.