Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

Әулиеатада алғашқы өнеркәсіптік аймақ ашылды

0 232

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Жамбыл облысында алғашқы шағын өнеркәсіптік аймақ ашылды. Бұл бастама өңірдің өнеркәсіптік әлеуетін арттырып, шағын және орта бизнеске жаңа мүмкіндіктер ұсынады.
Ашылу салтанатына Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев қатысып, өнеркәсіптік аймақтың өңіріміздің дамуына зор серпін беретінін тілге тиек етті.

– Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, өңірімізде алғашқы шағын өнеркәсіптік аймақтың ашылуы – біздің экономикалық әлеуетімізді арттырып, кәсіпкерлікке жаңа серпін беретін мәні зор оқиға. Яғни, осы өндірістік аймақтың ашылуы – өңіріміздегі шағын және орта бизнеске жасалған нақты қолдау. Біз кәсіпкерлерге қолайлы жағдай жасау, жаңа өндірістерді ашу және Жамбыл облысының экономикалық өсімін қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстарды жалғастыра береміз, – деген Ербол Шырақпайұлы кешенді аралап, жұмысымен танысты.
Жобаны іске асыруға «Тараз» ӘКК мен «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ қолдау көрсетті. Жоба құны –  1,4 миллиард теңге, бастамашы – «I Cons» ЖШС. Құрылыс жұмыстары 2024 жылдың қыркүйегінде басталған болатын.
Шағын өнеркәсіптік аймақ «Тараз» индустриялық аймағында орналасқан. Мұнда кәсіпкерлерге дайын өндірістік ғимараттар ұсынылып, бұл бастапқы шығындарды едәуір азайтып, өндірісті қысқа мерзімде жолға қоюға мүмкіндік береді. Бұл шешім жаңа өндіріс ашуды жоспарлаған кәсіпкерлер үшін инфрақұрылымға қол жеткізу мәселесін тиімді шешеді.
Кешенде жалпы аумағы 10 000 шаршы метрді құрайтын төрт өндірістік корпус бар. Онда шыңдалған шыны, фиброцемент плиталары және есік өнімдерін шығаратын кәсіпорындар жұмыс істейді. Өнімдер қазірдің өзінде сұранысқа ие. BI Group сияқты ірі құрылыс компаниялары оларды тұрғын үйлер салуда пайдаланып жүр.
Фиброцемент плиталарын шығаратын кәсіпорынның өндірістік қуаты – жылына 140 мың шаршы метр. Ал есік жасайтын өндіріс орны жылына 50 мың  дана өнім шығаруға мүмкіндік береді. Бұл өнімдер заманауи, жайлы мектептер құрылысына да қолданылуда.
Жоба іске қосылу нәтижесінде шамамен 100 жаңа жұмыс орны құрылды.

Құрмаш ҚАПТАҒАЙ

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.