Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

Қыз тәрбиесі – қоғам айнасы

0 141

Қазақ халқы қыз баланы қашанда төріне шығарып, ерекше қадірлеген. Тарихтың тереңіне үңілсек, қазақ қызы тек инабатты ана ғана емес, ел намысын қорғаған ер жүрек батыр, ақылдың кеніндей дана, сөздің мәйегін төккен шешен болған. Ұлттың ұйытқысы болған олар қазақы құндылықтарды санасына сіңіріп, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізуде айрықша рөл атқарғаны белгілі.

Бүгінгі күннің өзінде де қазақ қыздарының тәрбиедегі орны айрықша. Қыз бала – тек шаңырақтың шырақшысы емес, ол – ұстаз да, дәрігер де, ғалым да, кәсіпкер де. Уақыттың өзі өзгерсе де, қазақ қызына тән иба, ар-намыс, ізгілік, көркем мінез секілді асыл қасиеттер қашан да өз маңызын жойған емес. Осыған орай шаһардағы №62 орта мектепте «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы аясында «Қыз тәрбиесі – қоғам айнасы» апталығы өтіп, оның шеңберінде «Қызға қырық үйден тыйым» атты тағылымды іс-шара ұйымдастырылды.
Шара барысында сөз алған Тараз қаласы әкімдігінің білім бөлімінің әдіскері Қайрат Үкібасов халқымыздың қыз баланы тәрбиелеудегі терең танымы мен ерекшелігін айрықша атап өтті.
– Қызды тыйып ұстаудың түп мақсаты – оны тұсаулап, төмендету емес, қайта қырық үйдің, тіпті бүтін елдің ақыл-өсиетін естіп, көргенді болсын деген ниеттен туған. Құлағында сыңғырлаған сырғасы, шашында төгілген шашбауы бар, жан сұлулығы мен тән сұлулығын қатар ұстаған қазақ қызының ең алғашқы тәрбиешісі – ана. Ана қыздың киім киісінен бастап жүріс-тұрысына, қай ортада болсын өзін қалай ұстауы керек екенін құлағына құйып отырған. Үлкеннің алдын кесіп өтпеуді, кішіні сыйлауды үйреткен. Қазақ қызына көрік те, тәрбие де жарасқан. Өйткені бүгінгі бүлдіршін қыз – ертең сүйікті жар, ибалы келін, ардақты ана атанады. Ертеңгі елдің батырын да, ақыны мен шешенін де өмірге әкелетін – ана, – деді Қайрат Исаұлы.
Іс-шара соңы оқушылар дайындаған көңілді әрі мазмұнды концерттік бағдарламаға жалғасты.

Жұмаш ЖОЛБОЛДЫ

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.