Қалалық қоғамдық-саяси газет

Тілсіз жауды тізгіндеген

0 299

Тәуліктің кез келген уақытында, тіпті аптап ыстық пен қақаған аязда олар отқа да, суға да түседі. Осылайша, жүктелген жауапкершілікті арқалаған жандар үшін құтқару, көмектесу деген мақсат күн сайын бірінші орында тұрады.

Арайлым Шабденова

Өрт сөндірушінің жұмысы оңай емес. Олардың қызметі әлемдегі ең ауыр, күрделі мамандықтардың бірі саналады. Лауазымдарының өрт сөндіруші-құтқарушы болып өзгеруі де тегін емес. Олардың жұмысы ерлікпен пара-пар. Өз өмірін қауіп-қатерге тіге жүріп, өзгенің өмірін арашалап қалатын жандар қызыл жалын тұтанған сайын ерлік жасайды. Өрт сөндіруші сөзі абырой, батырлық, өжеттік сөздерімен қатар естіледі. Иә, өрт сөндіру сынды жауапты да қатерлі жұмыстарында жүрген ұжым мүшелерінің еңбегі қай жақтан болса да құрметке лайық. Халық «Өрт – тілсіз жау» деп тегін айтпаған. 19 қазан – Құтқарушылар күні ретінде өрт сөндіру мамандарының кәсіби күні болып белгіленген. Бірі білсе, бірі білмейтін бұл атаулы күннің маңызы зор. Өмір мен өлімнің арасында жүріп, елі үшін ерен еңбек сіңіріп жүрген азаматтар мақтан етуге тұрарлық.

Ғаламдағы ең қауіпті мамандықтардың бірі – өрт сөндіруші қызметі. Нағыз ер азаматтарға тән мамандық жүректілік пен батылдықты талап етеді. Күнде өлім мен өмірдің арасында арпалысып жүрген батырлардың құрал-саймандары сақадай сай, дайындықтары жоғары болуы керек. Себебі бұл іс сәл мүлт кетуді кешірмеуі мүмкін.

19 қазан – Құтқарушылар күні қарсаңында Тараз қаласы №1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінде бір сәт мамандығымызды ауыстырып, сала мамандарының қиын да жауапкершілігі мол жұмыстарына куә болып қайттық.

Құтқарушы мамандығының ең басты міндеті – адам өмірін құтқару, бұл – жоғары және жауапты миссия. Олардың басты міндеті – халықтың бейбіт өмірін, тұрмыстағы, өндірістегі қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, апаттық жағдайға жол бермеу. Апаттың айтып келмейтіні ақиқат. Тосыннан болған оқыс оқиға кезінде азаматтарға бірінші болып көмекке ұмтылатын төтенше жағдайлар қызметінің құтқарушылары. Бұл іс кез келгеннің қолынан келе бермейді. Ол үшін үлкен жүрек, машық, білім мен білік және тәжірибе керек екен. Оған облыс орталығындағы №1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінде болған жаттығу барысында көз жеткіздік.

БАҚ қызметкерлері үшін арнайы ұйымдастырылған шара барысында бізді аталған өрт сөндіру бөлімінің бастығы Асқар Базарбаевтың өзі күтіп алып, техникалық қауіпсіздік ережелерін түсіндірді. Себебі мұндағы шалт қимыл өміріңе қауіп төндіреді. Сондықтан әр басқан қадамыңды аңдап баспасаң, өзің жапа шегіп қалуың бек мүмкін. Осындай түсіндіру жұмыстарынан соң бізді қатардағы қызметкерлер сынды тынығу бөлмесіне жіберді. Айта кетерлігі, тынығу бөлмесінде сала мамандары үшін барлық жағдай жасалынып қойыпты. Жайлы жиһаздар мен теледидар, өнерге жақындары үшін төрде домбыра мен гитара ілулі тұр. Басты ұнағаны, ол бөлмеге кіргенде қазақылықтың исі шығады. Өйткені халқымыздың ою-өрнектерімен безендіріліп, шаңырақ та назардан тыс қалмапты. Оның өзін сондағы сала қызметкерлері өз қолдарымен жасаған екен. Хош, сонымен тынығу бөлмесінде жайланып отырғанымызда дабыл қоңырауы соғылып, өрт сөндіру қызметкерлері сынды жылдам жүгіре жүріп арнайы киімді киюге тырыстық. Негізінен мұндай киімді киіп үлгеруге 1 минутқа дейін уақыт беріледі екен. Өз кезегінде біз осылай жиналуға 1,5 минут уақытымызды жұмсадық. Осы уақыт аралығында өрт сөндіру көлігі арнайы тұрақтан шығып үлгеріпті. Барынша ептілігімізді көрсетіп, көлікке отырдық. Дабыл қосылған көлік сала мамандары жаттығатын орынға алып келді. Мұнда «жауынгерлік қанат жаю» сынынан өттік. Кезекші ауысым басшысы Байбек Сембек бізге құбыршекті қалай қолдануы керектігі жөнінде нұсқама берді. Негізінен өрт кезінде құбыршек арқылы 15 атмосфералық қысымда су беріледі. Сонымен бізге белгіленген нысанға екі құбыршекті жедел жеткізіп, бір-біріне жалғау тапсырылды. Шындығын айту керек, сырт көзге оңай көрінетін бұл жұмыс іс жүзінде оңайға соқпайды екен. Себебі ұзындығы 30 метрді құрайтын құбыршекті алып жүгірудің өзі біршама күшті қажет етеді. Одан соң ол арқылы берілетін су 15 атмосфералық қысымда техникалық қауіпсіздік ережелерін сақтамасаңыз, бір жеріңізді зақымдауыңыз мүмкін. Сондықтан сала мамандары бізге тек 7 атмосфералық қысымда ғана су берді. Оның өзін ырқымызға әупірімдеп жүріп қана көндірдік.

Мұнан соң өрт сөндірушілердің практикалық негізді жаттығатын тыныс алу аппараттарымен түтін камерасынан өтуге мүмкіндік алдық. Арнайы жабдықталған түтін камерасында темір құрсаулар мен жолды бөгейтін заттар орнатылған екен. Анығы, түтінделген қараңғы камера ішінен жол тауып, іште жатқан «манекен» адамды алып шығуың қажет. Ол үшін арқамызға ауа толтырылған баллонмен ішке ендік. Түтінделген камера ішінде салмағы 15 келі болатын баллонмен жүру түгілі құр денеңді алып жүрудің өзі айтарлықтай қиындық тудырады. Жасыратыны жоқ, камера ішінде өрт сөндірушілер мен құтқарушылар жұмысының қиындығына тағы бір рет көзіміз жетті. Дегенмен намысқа тырысып, нұсқаушылардың көмегімен діттеген миссияны орындап шықтық.

Келесі кезекте шабуыл сатысымен оқу мұнарасының 2-қабатына көтерілдік. Мұнда өрт сөндіру бөлімінің бастығы Асқар Базарбаев қалай қимыл жасап, қалай шығу керектігі жөнінде тәптіштеп түсіндіріп берді. Айта кетерлігі, бөлім бастығы шабуыл сатысымен мұнараға шығу спортынан ҚР құрама командасының жаттықтырушыларының бірі екен. Жақында ғана Ресейде өткен әлем чемпионатында ел құрамасы аталған спорт түрінен күміс жүлдеге қол жеткізгенін де мақтанышпен жеткізді бөлім бастығы Асқар Қуанышбекұлы. Әрине, құраманың мұндай жетістікке жетуінде бөлім бастығының да еңбегі жатқанын ұғындық. Сонымен құрама бапкерінің айтқан ескертпелерінен соң қолымызға сатыны алып, мұнараның екінші қабатына көтерілдік. Мұндағы сатының ерекшелігі жеңілдігімен қатар ғимараттардың әйнектерін сындыруға ыңғайлы етіп жасалған.

Сонымен қатар өрт сөндіру мен құтқару жұмыстарына арналған арнайы көліктің құрылғысы арқылы 32 метр биіктікке де көтерілдік. Бұл көліктің көмегімен төтенше жағдайлар бола қалған жағдайда 10 қабатты тұрғын үйлерден де адамдарды құтқаруға болады екен. Қызығы, осы арқылы биіктіктен қорқынышымызды жеңе алдық.

– Өрт сөндіруші күн сайын оқу-жаттығудан өтеді. Физикалық, психологиялық тұрғыдан өзін шыңдау қажет. Өрт сөндіру тек жеке адамның еңбегі емес. Бұл – төрт көзі түгел ұжымның бірлесіп атқаратын еңбегі. Жалпы бөлімде 68 қызметкер қызмет етеді. Біздің жұмысымызды түсінбейтіндердің арасында «күнде өрт бола бермейді, олар бос уақытында ұйықтайды, өрт кезінде өзгенің дүние-мүлкін жымқырады, оқиға орнына өмірі сусыз көлікпен барады» деген әңгімені көп естиміз. Шын мәнінде, біздің жұмыс үздіксіз жаттығудан тұрады. Бір сәтке де босаңсуға, бел шешіп демалуға хақымыз жоқ. Олай болған емес, болмайды да. Мәселен, жоғары қысымда үзіліссіз аққан су небәрі 8-10 минутқа ғана жетеді. Тіпті төтенше жағдай болған бір тәулік он тәуліктей болып, уақыт өтпей кетеді. Өртті ауыздықтаудың өзі қара кештен таңға дейін жалғасқан күндер болған. Әр салада өзінің қиындығы мен қызығы, қаупі қатар жүреді, – дейді бөлім бастығы.

Бөлімде «Ерлігі үшін» медалімен марапатталған бейбіт күннің батырлары да бар екен. Олар – төтенше жағдайда басын қауіпке тігіп, қала тұрғындарын жалыннан алып шыққандар.

Мамандығымызды ауыстырып, өрт сөндірушілердің күнделікті жасап жүрген жаттығуларын жасау арқылы түйгеніміз, бұл – аса ауыр және жауапкершілігі мол сала. Сондықтан олар әрдайым жаттығу жасау арқылы тосыннан болатын төтенше жағдайларға тәуліктің 24 сағатында сақадай сай дайын болып отырады. Себебі жаттығу ауыр болғанымен, іс жүзінде жеңіл болатындығы белгілі.

– Шыны керек, бүгінде қалада болып жатқан өрт саны азайды. Жаз мезгілінде мұндай оқиғалардың көп болатыны белгілі. Мәселен, шілде айында тәулігіне 15 реттен шығып отырдық. Қазір 2-3 реттен қоңыраулар түсіп жатыр. Бұл оқиғалардың ішінде ең ірілері «Қарасу» ықшам ауданы, автовокзал аумағында болды. Орын алған тілсіз жау қызметкерлеріміздің ептілігінің арқасында дер кезінде сөндірілді. Тілге тиек ете кететін жайт, біздің бөлім техникалық жағынан толықтай қамтамасыз етілген. Сондықтан тек қала көлемінде ғана емес, облысымыздың барлық аймағына шыға береміз, – дейді Тараз қаласы №1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің бастығы Асқар Базарбаев.

Шындығында, адамның қауіпсіздігі – өрт сөндірушілердің басты ұстанымы. Ал оның айналасындағы қауіпсіз ортаны құру мен оны ұстауға, адамның төтенше жағдайдан шығуына өз өмірлерін арнаған батыл адамдар – аталған сала маман иелері. Сондықтан тілсіз жаумен күресте жан аямай бірге жұмыла қимылдайтын өрт сөндірушілер мен құтқарушыларды қоғам – бағалауы тиіс. Шара барысында көңілге түйгеніміз осы.

Арайлым Шабденова

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.