Қала тұрғындары Жамбыл облыстық мәслихатының 2017 жылғы 27 маусымындағы №12 – 16 шешімі бойынша абаттандыру бағытындағы жұмыстарға жүйелі атсалысуда. Осыған байланысты қала аумағындағы құрылыс нысандарының, тұрғылықты жерлердің иесі немесе пайдаланушылары болып табылатын жеке және заңды тұлғалардың өздеріне тиесілі аймақтарды таза ұстауын бақылауға алатын арнайы жұмыс тобы құрылды.
Биылғы екі айлық барысында құрылған арнайы жасақ қала әкімінің орынбасары Бейсенбек Керімбекұлының назарында болды. Қызметке сақадай сайланған мамандардың жұмысымен біз де танысып қайттық. Қаламызда жыл сайын бірнеше жаңа құрылыс нысандарының кірпіші қаланып жатқанын көріп жүргеніміз рас. Дегенмен күнделікті тірліктің қамымен жүріп, көп нәрсеге жіті көңіл аудара бермейміз. Мысалы, қаламызда үй маңындағы күл-қоқыстарды шығармайтын азаматтар, құрылыс аймақтарында қаланың тазалығын сақтамайтын, өткіншілерге қолайсыздық тудыратын нысандар көп екен.
– Күзгі екі айлық барысында Тараз қаласының тазалығы бойынша тыңғылықты жұмыстар жүргізілуде. Соның бір көрінісі арнайы жұмыс тобының құрылуы болып табылады. Қала тұрғындары тек осы екі айда ғана емес, барлық уақытта өздерінің тұрғылықты жерін таза ұстаса, табиғатқа қосқан үлесі болар еді. Біздің екінші аймақтық округ бойынша осы айда 55 ескерту беріліп, 18 айыппұл салынды, – дейді №2 аумақтық округінің бас инспекторы Әмірхан Тоқтасынұлы.
Жұмыс жасағының алғашқы аялдамасы Абдрахман Әйтиев көшесі №113 үйде орналасқан. Құрылысы аяқталып қалған нысан маңындағы қоқыстан аяқ алып жүрудің өзі қиынға соққан. Ескі нысан сүріліп, жаяу жүргіншілер жолын басып қалып, көлік жолының жиегіне дейін жеткен. Топ мүшелері құрылыс нысанының басшылығымен сөйлесіп, кешке дейін қоқыстарды тазалауды тапсырды.
Дәл осылай қала көшелерін аралап жүріп көп нәрсеге куә болдық. Кейбір үй иелері есіктерін ашпай қойса, енді бірі дау шығарып ақталып бақты. Десе де, аса түсіністікпен қарайтын топ мүшелері бірінші ескерту береді, ал оған құлақ аспаған жағдайда айыппұл салады. Әрине, мұның бәрі тек аймақтық учаскелік полицейлердің қатысуымен жүзеге асады.
Сәндібек Піренов,
ТарМУ студенті