Қалалық қоғамдық-саяси газет

Бағыты бөлек арна

0 299

Жамбылда «Taraz 24» ақпараттық интернет арнасы жұмысын бастады.

Жаңа жобаның тұсаукесеріне ақпараттық сала қызметкерлері, билік өкілдері мен облысқа сыйлы сала ардагерлері қатысты. Ақ батасы мен жылы лебіздерін білдірген журналистер қауымы арнаның алдағы жұмысына табыс тіледі.
Қазіргі таңда халықтың талғамына сай ақпараттың қолжетімділігі аса маңызды рөл атқарады. «XXI ғасыр компьютердің дәурені жүретін заман болады» деген пікірлердің барлығы расқа айналып, газет-журнал, тіпті телеарна болсын әлеуметтік желіде өз контенттерін кеңінен жариялайтын күнге жетті. Телеарнаны тозды демесек те, Ютуб пен әлеуметтік желінің озды деген тұстары көп болып тұр бүгінде. БАҚ саласы бұрыннан дамыған АҚШ, Украина, сондай-ақ Еуропа елдерінде 2000 жылдың бас кезінен ақпараттық интернет арналар қолға алынып, бүгінде дамудың даңғыл жолына түсіп қойған. Ал елімізде бұл бастаманы «Азаттық» арнасынан соң «Тараз 24» жобасы бастап отыр.
– Жаңалықты жедел жариялау, қос жақты пікір мен ақпараттың растығы, ең бастысы, қолжетімділік – бұл факторлар «Тараз 24» интернет арнасының басты ұстанымына айналады. Жаңа жоба сексен жылдық тарихы бар облысымыздың медиа саласына серпіліс әкеледі деген сенімдеміз, себебі дәл осындай жоба өңірде алғашқы рет қолға алынып отыр, – деді арнаның құрылтайшысы және директоры Зарина Қуаттегі.
Аталмыш арна алғашқы маусымында республика мен өңірді қамтитын 7 жобасын ұсынып отыр. Олардың қатарында «Жаңалықтар», сан саланы саралайтын «Сараптама», желіден хабар беретін «Онлайн Ой», «80 жыл – 80 дерек», «Жаңарған Жамбылым» бағдарламалары көрерменге жол тартпақ. Ақпарат арнасы тек бір бағытта емес, қоғам, билік, агро, білім, денсаулық, бизнес, спорт салаларын түгел қамтитын болады. Бастысы, контент екі тілде жарияланады. «Тараз 24» ақпараттық интернет арнасы материалдардың санына емес, сапасына әрі сауатты жазбалардың жариялануына ерекше назар аударатынын мәлімдеді. Жамбыл жерінде қолға алынған тың жобаның бастамасы ақпарат ағынына үлкен серпіліс әкелетініне сеніміміз мол.

Сәндібек Асанәліұлы,
ТарМУ студенті

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.