Тарих – өшкеннің ізін, өткеннің сөзін жаңғыртатын құрал. Ал бүгін жазған дүниең ертеңге мұра болып қалса ғибрат. Сондықтан да дана қазақ «Ауызда атың, қағазда хатың қалсын» деген. Бүгінде өзінің артынан өшпестей із, мәңгілік мұра, ұрпаққа өсиет қалдырған тұлғалар аз емес. Солардың бірегейі – ақын, жазушы, журналист, драматург Болат Бекжанов.
Болат Үмбетәліұлының артында қаламынан туған туындыларынан бөлек, қойын дәптеріне түртіп қойған тағылымды дүниелері де қалған. Бүгінгі таңға дейін өз өміршеңдігін жоймаған осы тәлім- тәрбиелік мәні зор жазбаларын «Jambyl-Taraz» газетінің әр санында жариялап тұруды жөн көрдік.
Редакциядан
Байқап жүрміз, байқаймыз да, бас шайқаймыз. Ер сөзі жер сөзі болып бара жатыр. Қашаннан аталы сөз айтып, айтылған сөзде тұра білген халық ек. Салтымыздың сондайлығынан сертіміз де сенімді болып келетін.
Ерді сөзіне қарап танитынбыз.
Қазақ қазақ болғалы нелер заман өтсе де, осы ер сөзіне тоқтай білетін салтымыз қатты қадірленуші еді. Енді ше…
«Кешегі сөзің бұлай емес еді» десең, кешегі сөз байласқан кісің бүгін кешегі сөзіне кері әрекет жасап, кері іс қылатын әдет біртіндеп қалыпты дағдыға айналып барады. Бұндай жаман дерт қоғамды дендеп алғандай.
… Бір қызықты көзім көрді. Қайран қалдым. Екі құда бір мәселеге келісіп отырды. Бірі айтады, екіншісі мақұлдайды. Мынаусы өз ойын бекітіп, келісімді өз жағынан пысықтай түссе, анаусы онысын құп алып отыр. Ақырында…
Екеуі қол алысты. Нағыз қазақ үлгісіндегі ағайынаралық бітім болды деп, екі құдаға ішпей-жемей мен риза болып отырмын. Қанша дегенмен бұлар аталы сөзге тоқтап өскен, салт-дәстүрге берік қазақтар ғой деп ойлап қойдым. Дегенмен…
Екі құдағи осында отырған ел-жұрттың көзінше басқалай сыр бермеді. Ерлерінің сөзін тыңдаған сыңай танытты. Ал ертеңіне…
Жаңағы қол алысқан екі ер азамат құдалар бір-біріне қарай алмай қашқақтап қалды.
Олардың кешігі «ер сөзі, еркек сөздері» жайына қала бергендей болды.
Осының анығы қиын болып тұр…
Білмейтін істері жөнінде білгірсіп, кесім айтатындарға таңғаламын.
– Әне бір өлеңіңді оқыдым, тамаша жазыпсың, – деп қалды бір ағай маған деген шын ризашылығын білдіріп.
Мені «жақсы» дегені жанын қарып түскен бір ішіне шынашақ айналмайтын бейбақ:
– Өй, бұлар, ақындар, ішіп алып жазады ғой, – деді есерленіп.
– Е-е, шалқып отырып жазбаса, қалай жазады? – деді екіншісі одан да асып түскісі келіп.
– Әй, бұлар ішіп алып шабыт шақырады ғой. Әйтпесе, шабыт келмейді, – деді кесіп тұрып тағы бірі.
Олар үшін «шабыт» дегеніңіз бір жаны бар, келгісі келсе келіп, келгісі келмесе келмей қоятын нағашың ба, жиенің бе, бірдеме сияқты екен.
Мен бірдеңе дейін деп-ақ тұрмын.
Ал әлгілер уәж айтуға мұрсат беретін емес, бастырмалатып барады.
Ақыры тұтығып тұрып-тұрып:
– Енді, ішсек, ішетін шығармыз… Бірақ мас болып алып жазсақ, лағып кетпейміз бе? – дедім бүкіл ақын деген қорғансыздар атынан ақталып.
– Ой, білеміз ғой, Шәмші де, Мұқағали да… Тағы кім еді?… Әлгі… – деп, соның бәрімен бірге жүріп, бірге тұрғандай лепіріп келіп қолын сілтей салды әлгі әумесер.
Мен ызадан буынып қалдым.
Осы кезде бүгін, жаңа ғана таныс Мұхтар деген суретші жігіт шынтағымнан ептеп алып, былай икемдей бере: «Не қыласың соларға ренжіп, қоя ғой оларды» – деді тыжырынып, селқос қана. Сөйтті де:
– Өткенде бір пысықай інішек келіп, бай бастығының портретін салдырды, – деп әңгіме бастады жайлап қана – Сурет біткен күні сол көкесінің өзін ертіп келді. Ол суретті көріп риза болды-ау деймін, қалтасына қолын салып тұрып: «Қанша дейсің?» – деп ақысын сұрады. Мен сәл кібіртіктеп: «Он мың теңге берсеңіз болады», – дедім, шыли артық кетпейін деп сыпайылық жасап. Әлгі бастықтың көзі бағжаң ете қалды да, суретке бір, маған бір қарап тұрып:
– Мынау оң мың ба? – дегені өз суретіне менсінбей, жиіркене қарап.
– Суреттегінің құны қанша екенін білмеймін, ал сурет – он мың, – дедім мен де қиястана қалып.
Оны ол түсінді ме, түсінбеді ме қайдам:
– Сонда өстіп бояумен сыза-сыза салғандарыңа он мың теңге аласыңдар ма? – дегені таңғалып. Мен күйіп кеттім де:
– Мен сізге қазір он мың доллар санап берейін, менің суретімді салып бересіз бе? – дедім. Қайтесің бұларды, – деп жұбатты мені.
Әй, өнер туралы түсініктеріңе болайын, мықтылар-ай, өлдік-ау сендерден-ақ!…
Баланы өмірге әкелдік, өсірдік, оқыттық-шоқыттық, сол үшін олар бізге қарыздар. Солай ғой?
Ал басқаша ойлап көруге бола ма? Мәселен: «Сол бала сізге мені өмірге әкел деп жалынды ма? Оны кім үшін, не үшін әкелдіңіз өмірге?» деп. Анығы мынау емес пе? Сізге ең алдымен бала керек болды. Өтірік дей алмайсыз ғой. Өйткені сізден ақылды Абай: «Адамның бір қызығы бала деген» деп сіз бұлтара алмас дәлелмен шегелеп кеткен. Демек, өз қызығыңыз үшін әкелдіңіз оны дүниеге. Балаңыз жоқ болса, айналаңыз сізге аяп, мүсіркей қарайды. Сондай болмаса екен деп аласұрдыңыз. Кейде бала үшін екінші әйел алып жанталастыңыз. Өзіңіз Құдайдан сұрап, ескілікше айтсақ, шеңгел-шеңгел аралап, қоңыр бұршақ тағып, әулие-әнбиеге түнеп, диуана болып жүріп көрдіңіз оны. Сөйтіп «баласы жоқ, қубас» деп атанудан құтылдыңыз. Тағы да қусыз, «Сол бала өзім қартайғанда асырайды» деген ішкі жымысқы есебіңіз де бар.
Ал сізге еш құзыретті орын бере алмайтын «Әке» деген атақ әперген сол баланың құқығы ше? Жә, осы жерден тоқтайық.
Әрине, бұл осылай-осылай ойлауға да болатынын ескерту, ойын түрту, өзімізді қамшылау дей салайық. Әйтпесе, ары тереңдеп кетеміз…
Сөйте тұра, ата-ана мен бала арасындағы адами міндеттер Ата заңымызда: «Кәмелетке толған еңбекке қабілетті балалар еңбекке жарамсыз ата-анасына қамқорлық жасауға міндетті» делініпті.
Дәл бүгін бізде жоғары оқу орнын жаңа бітіріп келген жастарға үй болып кетер үміт айқын ба? Біріншіден, жас мамандардың жалақысы мардымсыз. Өйткені еңбек өтілі жоқ. Жалақысы төмен жастар ипотекаға үй ала алмайды. Олар – еңбек жолына жаңа қадам басқан ұстаздар, дәрігерлер, журналистер, артистер, т.б. Қысқасы, жас интеллигенция.
Жалақысы төмен болса, пәтермен қамтамасыз етілмесе, өзі қаңғып жүрген қай жас ата-анасына қамқор бола алады?!
Парадокс…