Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жариялаған Жұмысшы мамандықтарының жылы қоғамдағы еңбек адамының беделін арттыруға, өндіріс пен техникалық салаларға жаңа серпін беруге бағытталған маңызды бастама екені белгілі. Бұл бастама еліміздің экономикалық дамуы мен инновациялық жаңғыруының негізгі тірегі саналатын кәсіби-техникалық білім беру жүйесінің маңызын тағы бір мәрте айқындап отыр.
Қазіргі таңда еңбек нарығы жоғары білікті мамандарға, нақты іс жүзінде жұмыс істей алатын кәсіби кадрларға зәру. Осындай жағдайда кәсіптік және техникалық білім беру ұйымдары ел экономикасына қажет мамандарды даярлаудың басты орталығына айналуда. Бүгінгі күні колледждер тек білім беру мекемесі ғана емес, жастардың кәсіби бағыт алуына, өз қабілетін табуына және еңбекке бейімделуіне жол ашатын маңызды әлеуметтік институт болып отыр. Осы орайда еліміздің білім беру жүйесінде ерекше орын алатын «Bilim» кәсіби гуманитарлық-техникалық колледжі кәсіби мамандар даярлаудың іргелі ордасы ретінде еңбек нарығына лайықты үлес қосуда.
Оқу ордасының іргетасы 2006 жылы қаланды. Осы 20 жылға жуық уақыт ішінде колледж түрлі кезеңдерден өтіп, бүгінде заманауи талаптарға сай техникалық және кәсіптік білім беретін көп салалы беделді оқу орнына айналды.
– Бүгінгі таңда біздің колледжімізде жастар заман талабына сай техникалық, педагогикалық, ақпараттық технологиялар бағыттары бойынша сапалы білім алуда. Атап айтқанда, студенттеріміз «Бастауыш білім беру», «Құқықтану», «Қаржы», «Автокөліктерге техникалық қызмет көрсету», «Есептеу техникасы және бағдарламалық қамтамасыз ету», сондай-ақ «Оптикалық және электронды құрал-жабдықтар» секілді 6 біліктілік бойынша жан-жақты даярлықтан өтеді. Оқыту үдерісі қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде бюджет есебінен және ақылы негізде жүргізіледі. Бұл жастарға өз қабілеттері мен таңдауларына сай кәсіби бағыт таңдау еркіндігін береді.
Колледжіміздің басты мақсаты – еңбек нарығының сұранысына сай, тәжірибемен шыңдалған, бәсекеге қабілетті мамандарды даярлау. Біз әрбір студенттің кәсіби тұрғыда қалыптасып, өз ісінің шебері атануына жағдай жасауға бар күшімізді салудамыз. Білім ордамыздың түлектері бүгінде еліміздің әр өңірінде табысты еңбек етіп, өз мамандығы арқылы қоғам дамуына үлес қосып келеді. Бұл – біздің ұжымның ең үлкен жетістігі және мақтанышы, – дейді колледж директоры Жанат Ертаева.
Әрине, шәкірттердің білімді де білікті болуы, ең алдымен, ұстаздың кәсіби шеберлігі мен адами парасатына байланысты. Осы тұрғыдан алғанда «Bilim» колледжінде ұлағатты ұстаздар жетерлік. Оқу ордасының оқытушылары – өз саласының майталмандары, тәжірибелі де шығармашыл мамандар. Олар жас ұрпаққа тек теориялық білім беріп қана қоймай, өз ісін сүюге, еңбекқорлық пен жауапкершілікке баулып келеді.
Колледж ұстаздары әр студенттің бойындағы қабілетті көріп, оны шыңдай біледі. Заманауи педагогикалық тәсілдерді, инновациялық технологияларды тиімді пайдалана отырып, олар оқу үдерісін қызықты әрі нәтижелі етуге ұмтылады.
Бүгінде білім ордасында ғылым докторы, ғылым кандидаттары, магистрлер, жоғары және бірінші санатты оқытушылар еңбек етуде. Олардың арасында «Білім мақтанышы», Қ.И.Сәтбаев атындағы ордендер, «Білім берудегі үздік жетістіктері үшін», «Білім берудегі салмақты үлесі үшін», «Білім беру ісінің құрметті қызметкері», «Ы.Алтынсарин» медальдары, ҚР Оқу-ағарту министрлігінің, «AMANAT» партиясының, Жамбыл облыстық мәслихаты мен білім басқармасының Алғыс хаттары мен Құрмет грамоталарымен марапатталған білікті мамандар жетерлік. Сонымен қатар колледждің бір топ ұстазының есімдері «Білімнің жаққан шырағы» Жамбыл облысы педагогтарының антологиясына енген. Осындай ынталы да жанашыр ұстаздардың арқасында оқу ордасының шәкірттері аймақтық және республикалық деңгейдегі кәсіби байқауларда, ғылыми жобалар мен өндірістік тәжірибелерде жоғары нәтижелерге қол жеткізіп жүр.
Қазіргі таңда кәсіби-техникалық білім беру жүйесінің басты мақсаты – тек білікті маман даярлау ғана емес, сонымен қатар жан-жақты дамыған, өз ойын ашық айта алатын, көшбасшылық қабілеті мен азаматтық жауапкершілігі жоғары тұлға қалыптастыру. Осы бағытта аталмыш колледж студенттерінің белсенді өмірлік ұстанымы, шығармашылық бастамалары мен қоғамдық іс-шараларға қатысуы ерекше маңызға ие.
– Колледж қабырғасында білім алу – тек мамандықты меңгеру үдерісі емес, сонымен бірге тұлғалық және рухани өсу кезеңі. Студенттер өздерінің кәсіби білімін жетілдіре отырып, түрлі жобаларға, байқаулар мен ғылыми конференцияларға қатысу арқылы шығармашылық әлеуетін дамытады, өмірлік тәжірибе жинақтайды. Бұл олардың болашақта еңбек нарығында бәсекеге қабілетті, жауапкершілігі жоғары азамат болып қалыптасуына жол ашады.
Оқу орнында студенттердің бастамаларын қолдау, олардың әлеуметтік және қоғамдық белсенділігін арттыру мақсатында әртүрлі ұйымдар мен өзін-өзі басқару құрылымдары тиімді жұмыс істейді. Мұндай ұйымдар жастардың өз пікірін білдіруге, өз ортасын дамытуға және ортақ істерге жауапкершілікпен қарауға үйрететіні белгілі.
Мәселен, колледжімізде студенттердің бастамалары мен көшбасшылық қабілеттерін дамыту мақсатында «Студент жастар одағы» өзін-өзі басқару ұйымы құрылып, белсенді жұмыс атқаруда. Бұл ұйым білім алушылардың құқықтары мен мүдделерін қорғауға, әлеуметтік және тұрмыстық мәселелерін шешуге, сонымен қатар шығармашылық және қоғамдық белсенділігін арттыруға бағытталған маңызды алаң болып отыр. Сонымен қатар колледжде «Студенттік парламент» те құрылған. Оның басты мақсаты – студенттердің азаматтық жауапкершілігін қалыптастыру, оқу орнының қоғамдық өміріне қатысуына жағдай жасау және өзін-өзі басқару мәдениетін дамыту. Парламент құрамында дебат қозғалысы, құқық және тәртіп, ақпарат, спорт және салауатты өмір салты, өзін-өзі тану және бақыт, қайырымдылық, экология және еңбек, мәдениет және өнер сияқты фракциялар құрылып, нәтижелі жұмыс жүргізіп келеді.
Ерекше атап өтерлігі, бір жыл бойы оқу үлгерімі жоғары, ғылыми-зерттеу және қоғамдық жұмыстарда белсенділік танытқан студенттер «Жыл студенті» атағына ие болса, колледждің қоғамдық өміріне ерекше үлес қосқан жастар «Жыл белсендісі» номинациясымен марапатталады. Бұл дәстүр оқу ордамызда жас ұрпақты ынталандырып, жауапкершілік пен үздікке ұмтылу рухын қалыптастырады, – дейді оқу ордасының басшысы Жанат Әкебайқызы.
Қазіргі заманда еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы, ең алдымен, еңбек нарығындағы білікті мамандардың сапасы мен кәсіби даярлығына тікелей байланысты. Техникалық және кәсіптік білім беру жүйесі – экономиканың тұрақтылығын қамтамасыз ететін маңызды буын әрі өндірістің, қызмет көрсету мен инновациялық салалардың дамуына серпін беретін негізгі фактор екені баршаға аян. Сондықтан да кәсіптік оқу орындарының басты міндеті – тек теориялық білім берумен шектелмей, заманауи еңбек нарығының нақты сұранысына сай, кәсіби машығы қалыптасқан, өз ісіне жауапты мамандарды даярлау.
Бүгінгі еңбек нарығы – бәсекелестік жоғары, талаптары жыл сайын өзгеріп отыратын динамикалық орта. Мұндай жағдайда оқу орындары мен жұмыс берушілер арасындағы өзара серіктестік, тәжірибе алмасу және кадр даярлаудың дуальды жүйесін дамыту ерекше маңызға ие. Өндіріс орындары мен колледждердің тығыз байланысы оқу бағдарламаларын жетілдіруге, тәжірибелік сабақтардың мазмұнын нақты еңбек жағдайларына бейімдеуге мүмкіндік береді. Осы бағытта колледж түлектерінің кәсіби даярлық деңгейін арттыру, олардың еңбек нарығында сұранысқа ие болуын қамтамасыз ету ұжымның басты мақсатының біріне айналып отыр. Оқу процесінде студенттерге тек білім беріп қана қоймай, нақты өмірлік және кәсіби дағдыларды меңгертуге, еңбекке бейімдеу мен жауапкершілік сезімін қалыптастыруға баса назар аударылады. Әсіресе, жұмыс берушілер мен әлеуметтік серіктестердің, сондай-ақ білім алушылардың қатысуымен жүргізілетін сауалнамалар оқу үдерісін жетілдіруге, әсіресе кәсіптік практиканы жоспарлауға зор мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде білім сапасын арттыруға және студенттердің кәсіби дағдыларын нақты жұмыс жағдайына бейімдеуге ықпал етеді.
Оқу ордасын бітіруші түлектерге жұмысқа орналасу мәселелері мен еңбек нарығы бойынша әкімшілік тарапынан консультациялар ұдайым беріліп отырады. Сонымен қатар колледжде жыл сайын жұмысқа орналасу бойынша бос орындар жәрмеңкелері, жұмыс берушілермен және жұмыспен қамту орталығы өкілдерімен «дөңгелек үстелдер», мамандықтар презентациялары, семинарлар мен конференциялар ұйымдастырылады. Мұндай шаралар студенттердің кәсіби бейімделуіне, еңбек нарығындағы өз орнын табуына және болашақ маман ретінде сенімді қалыптасуына зор ықпал етеді.
Бүгінде сапалы білім беру мен білікті мамандар даярлау ісі оқу орнының материалдық-техникалық базасының деңгейімен де тікелей байланысты. Ел экономикасының дамуы, өндіріс салаларының жаңғыруы мен цифрлануы кәсіби білім беру мекемелерінен жаңа көзқарас пен заманауи талаптарға сай оқу инфрақұрылымын қажет етеді. Сол себепті оқу орнының материалдық мүмкіндіктерін жетілдіру, оқу кабинеттерін, зертханалар мен шеберханаларды заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету – бүгінгі күннің өзекті міндеттерінің бірі.
Бәсекеге қабілетті маман дайындау үшін теория мен практиканы ұштастыра оқыту, студенттің кәсіби ортада тәжірибе жинақтауына жағдай жасау маңызды. Осы мақсатта оқу орындары инновациялық технологиялар мен жаңа оқыту құралдарын енгізіп, өндірістік оқыту процесін заманауи деңгейде ұйымдастыруда. Материалдық-техникалық база неғұрлым қуатты болса, студенттердің білім сапасы мен кәсіби машығы да соғұрлым жоғары болады.
Осыған орай «Bilim» колледжінің материалдық-техникалық базасы жылдан жылға заман талабына сай жаңартылып келеді. Бұл бағытта оқу орнында білім алушылардың кәсіби дағдыларын жетілдіруге арналған барлық жағдай жасалған.
Мамандар даярлауда өндірістік оқуды дұрыс ұйымдастырудың маңызы өте зор. Осы мақсатта колледжде заманауи құралдармен жабдықталған арнайы кабинеттер мен оқу-өндірістік шеберханалар жұмыс істейді. Мұнда студенттер теориялық білімін тәжірибемен ұштастырып, нақты еңбек дағдыларын меңгереді.
Колледждің материалдық-техникалық базасы оқу үдерісін ғана емес, студенттердің жан-жақты дамуын да қамтамасыз етеді. Қазіргі уақытта оқу орнында спорт және мәжіліс залдары, спорт алаңы, дәрігерлік пункт, кең кітапхана қоры, сондай-ақ интернет желісіне қосылған тұрақты оқу кабинеттері бар. Мұның бәрі студенттердің сапалы білім алуына, салауатты өмір салтын ұстануына және бос уақытын тиімді өткізуіне мүмкіндік береді.
Жалпы, оқу орнының инфрақұрылымын жетілдіру – колледждің дамуы мен сапалы кадр даярлаудың кепілі. Заманауи оқу ортасын қалыптастыру арқылы колледж еңбек нарығының талаптарына сай, кәсіби және техникалық тұрғыдан сауатты мамандарды даярлау ісінде айтарлықтай жетістіктерге жетіп отыр.
Колледж студенттері тек кәсіби білім алып қана қоймай, өз қабілеттерін практикада көрсету, шығармашылық және көшбасшылық қасиеттерін дамыту арқылы белсенді азамат ретінде қалыптасуда. Оқу орындарында студенттердің қоғамдық өмірге, ғылыми-зерттеу, кәсіби және спорттық іс-шараларға қатысуы олардың жеке дамуына, өзіне сенімді және жауапкершілігі мол тұлға болып өсуіне үлкен серпін береді. «Bilim» оқу ордасының студенттері осы мүмкіндіктерді тиімді пайдаланып, кәсіби шеберлігін шыңдауда, өз білімін нақты жобалар мен байқауларда тәжірибеде тексеруде.
Айталық, Жамбыл облысы әкімдігі білім басқармасы мен техникалық және кәсіптік білім беруді дамыту орталығының ұйымдастыруымен өткен «WorldSkillsJambyl-2024» өңірлік кәсіби шеберлік чемпионатына колледждің білімгерлері қатысып, 3 құзыреттілік бойынша жүлделі орындарға ие болды. Осылайша, студенттердің кәсіби шеберлігі мен белсенділігі оқу орнының беделін арттыра отырып, олардың кәсіби ортада бәсекеге қабілетті болуына және еңбек нарығында сұранысқа ие мамандар ретінде қалыптасуына маңызды әсер еткені сөзсіз. Сонымен қатар биыл колледж басшылығы ҚР Оқу-ағарту министрлігінің Алғыс хатымен марапатталып, жоғары деңгейлерін тағы бір мәрте растады.
Қазіргі заманауи білім беру орындары тек сапалы білім беріп қана қоймай, студенттердің қауіпсіз және ыңғайлы өмір сүру ортасын қалыптастыруға да баса назар аударып келеді. Әсіресе, студенттердің оқу барысына толықтай шоғырлануы, олардың шығармашылық және кәсіби белсенділігін арттыру үшін тұрмыстық жағдайдың ыңғайлы болуы үлкен мәнге ие. Бұл тұрғыда студенттердің жауапкершілік сезімін қалыптастыру және оқу процесіне кедергісіз қатысуы үшін арнайы инфрақұрылым қажет. Соған орай жатақхана мен оқу орнының қосымша мүмкіндіктері студенттердің оқу және демалыс сапасын арттырып, олардың толыққанды дамуына жағдай жасайды.
«Bilim» колледжі де бұған баса мән беріп отыр. Айталық, оқу ордасында 100 адамға арналған жатақхана қарастырылған. Студенттер үйі арнайы асхана, жатын орны, жуынатын бөлме, компьютерлік сынып және кітапханамен қамтамасыз етілген.
Қорыта айтқанда, «Bilim» кәсіби гуманитарлық-техникалық колледжі – білім мен тәжірибені үйлестіріп, жас мамандарды кәсіби тұрғыдан шыңдайтын, олардың шығармашылық, көшбасшылық және адамгершілік қасиеттерін дамытатын оқу орны. Мұнда алынған білім мен дағдылар ғана емес, сонымен қатар тұлғаның жан-жақты дамуы, өз қабілетін көрсету мүмкіндігі, қоғамға пайдалы азамат болып қалыптасу жолындағы тәжірибесі де – басты назарда. Осылайша, оқу ордасы болашақ білікті мамандарды даярлаудағы жүктелген миссиясын табысты атқарып, еліміздің кәсіби-техникалық білім беру жүйесіне қомақты үлес қосып отыр.
Гүлзада ҚЫРЫҚБАЕВА,
«Bilim» кәсіби гуманитарлық-техникалық колледжі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары