Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

Кәсіби шеберлікке жол ашқан «КasipSkills»

0 169

2025 жыл Қазақстанда Жұмысшы мамандықтарының жылы болып жарияланғаны белгілі. Бұл бастама ел назарын нақты еңбек етіп, қоғам игілігіне үлес қосып жүрген адамдарға – құрылысшыларға, дәнекерлеушілерге, механиктерге, аспаздарға, наубайшыларға және өзге де еңбек адамдарына аударуға бағытталған.

Бұл жайында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауында: «Жоғары оқу орындары ғана емес, техникалық және кәсіптік білім беру мекемелері де білікті кадрлар даярлауы қажет. Үкімет колледжде жақсы оқыған түлектерді мамандығы бойынша мемлекеттік қызметке алу мүмкіндігін қарастыруға тиіс.
Кәсіптік білім беру саласына реформа жасау – айрықша өзекті мәселе. Бұл – экономиканың өсімін қамтамасыз ету және инвестициялық тартымдылығын арттыру үшін аса қажет қадам.
Мен 2025 жылды Жұмысшы мамандықтары жылы деп жариялаймын. Осы уақыт ішінде техникалық және кәсіби білім беру жүйесін реформалау қажет. Сондай-ақ біз жұмысшы мамандықтарын дәріптеу арқылы қоғамда еңбекқор және нағыз маман болу идеясын насихаттаймыз.
Адал әрі табанды еңбегімен табысқа жеткен адамдар қашанда құрметті, сыйлы болуы керек. Бұл біз ұсынып отырған «Адал азамат – Адал еңбек – Адал табыс» қағидатына толық сай келеді.
Бір сөзбен айтқанда, біздің қоғамда еңбекқорлық, кәсібилік сияқты қасиеттер өте жоғары бағалануға тиіс. Өз кәсібін жетік меңгерген мамандар ұлт сапасын арттырады. Сондықтан біз еңбек адамының мәртебесін көтеріп жатырмыз. Бұл бағыттағы жұмыс тоқтамайды, жалғаса береді», – деген болатын.
Жұмысшы мамандықтардың беделін арттыру бүгінде тек өндіріс саласы үшін ғана емес, білім беру жүйесі үшін де өзекті мәселе болып отыр. Себебі дәл осы жүйеде ел экономикасының болашағын қалыптастыратын мамандар даярланады.
Осы мақсатта Тараз қаласында алғаш рет «КasipSkills» кәсіби шеберлік байқауы ұйымдастырылды. Шараны облыс әкімдігінің білім басқармасына қарасты Техникалық және кәсіптік білім беруді дамыту орталығы өткізді.
Байқаудың басты мақсаты – үздік студенттерді анықтау және насихаттау ғана емес, сонымен қатар өндіріс пен білім беру саласы арасындағы байланысты нығайту. Сонымен қатар өндіріс саласының мамандары мен өндірістік оқыту шеберлерінің кәсіби шеберлігін көтеру, тәжірибе алмасу, студенттердің мамандыққа деген қызығушылығын арттыру және болашақ кәсіби жолын айқындауға көмек көрсету де басты назарға алынды.
Байқау «Дәнекерлеу ісі», «Аспаз ісі», «Наубайшы ісі» және «Жеңіл автокөлікке техникалық қызмет көрсету және жөндеу» құзыреттіліктері бойынша облыстағы құзыреттілік орталықтары бар колледждердің базаларында өтті. Оған 100 студент қатысып, байқау жұмыстарын 20 сарапшы бағалады.
Өз саласының шеберлерін анықтаған сайыс барысында қатысушыларға нақты өндірістік тапсырмалар беріліп, олардың дәлдік, шеберлік және кәсіби дайындық деңгейі сыналды. Нәтижесінде «Аспаз ісі» бойынша Тараз сервис және технология колледжінің студенттері жеңімпаз атанды. Олар өз шеберліктерімен қатар, шығармашылық көзқарастарын да таныта білді. «Наубайшы ісі» бағытында Шу қаласындағы №10 колледж командасы топ жарды. Әсіресе, қатысушылардың өнім сапасы мен технологиялық дәлдігі жоғары бағаланды. «Жеңіл автокөлікке техникалық қызмет көрсету және жөндеу» құзыреттілігі бойынша бірінші орынды Жамбыл политехникалық жоғары колледжі иеленді. Ал «Дәнекерлеу ісінде» Жамбыл индустриалды-технологиялық колледжінің өкілдері үздік шықты. Олардың жұмыстары ұқыптылығымен және жоғары кәсіби деңгейімен ерекшеленді. Қалған қатысушылар алғыс хаттармен марапатталып, ең бастысы тәжірибе мен өз күштеріне деген сенімге ие болды.
Білім басқармасының мәліметінше, өңірде дуальды оқыту жүйесі кеңінен енгізілуде. Бұл жүйе теория мен тәжірибені қатар ұштастырып, студенттердің білімін тікелей өндіріс алаңында шыңдауға мүмкіндік береді. Ал «КasipSkills» байқауы осы тәсілдің нақты нәтижелерін көрсетіп отыр.
– Еңбек ету, қолмен және оймен жұмыс істеу – жай ғана кәсіп емес, өнер. Ал «КasipSkills» сынды бастамалар жастарды еңбексүйгіштікке, кәсібилікке және жаңа жетістіктерге шабыттандырады, – дейді ұйымдастырушылар.
2025 жыл – адам капиталына басымдық берілетін жыл. Осы тұрғыда Жамбыл өңірінде өткен «КasipSkills» байқауы жастардың кәсіби дамуына және жұмысшы мамандықтарының беделін арттыруға нақты серпін берді.

Аман ЕСЕН

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.