Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына Жолдауында әлеуметтік саясаттың тиімді әрі нақты болуы керектігін атап өтті. Мемлекет басшысы бюджет қаражаты көрнекілік жобаларға емес, адамдардың шынайы қажеттіліктеріне жұмсалуға тиіс екенін қадап айтты.
«Аймақтардағы әлеуметтік тұрғыдан осал топтағы азаматтарға бөлінетін әлеуметтік төлемдерді біріздендіру керек.
Мемлекет өзінің негізгі міндеттерін орындаудан бас тартпайды. Бірақ әлеуметтік жеңілдіктерді қолдан көбейту – елді дамытуға, яғни мектеп, аурухана, көлік инфрақұрылымдарын және басқа да нысандар салуға жұмсалуы қажет қыруар қаражатты желге шашу деген сөз.
Елдегі демографиялық үрдістерді егжей-тегжейлі зерделеп, ұзақ жылға арналған шешімдер қабылдау айрықша маңызды.
Мемлекет әр азаматтың лайықты табыс тауып, сапалы әлеуметтік қызмет алып, ертеңгі күніне сенімді болуы үшін барынша жағдай жасай береді.
Себебі қолға алынған барлық реформа бір ғана мақсатты көздейді. Бұл – халықтың әл-ауқатын арттыру және елдің жан-жақты өрлеуін қамтамасыз ету. Еліміздің халықаралық беделін арттыру жолындағы күш-жігеріміздің түпкі мәні де – осы.
Мемлекет деңгейінде қабылданған әрбір шешімнің мән-маңызы, ең алдымен, халықтың тұрмысын жақсарту, экономиканы тұрақтандырып, әлеуметтік әділдік орнату үшін жасалған нақты істермен өлшенуге тиіс. Сонда біз жаңа тұрпатты, мықты ел боламыз», – деген болатын.
Бұл бағытта өңірлерде, соның ішінде Жамбыл облысында халықты әлеуметтік тұрғыда қолдау шараларының өнімділігін арттыруға ерекше көңіл бөлінуде. Нәтижесінде облыста әлеуметтік қолдау мақсатындағы қаржы тек жәрдемақы мен төлемдерге ғана емес, адами капиталды дамытуға – білім беруге, мүмкіндігі шектеулі жандарды оңалтуға, кәсіпкерлікті және жастар бастамаларын қолдауға бағытталып отыр.
Облыс әкімдігінің жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Еркін Келесовтің айтуынша, әлеуметтік тұрақтылық – ең алдымен адамға жасалған жүйелі инвестицияның нәтижесі.
– Біздің басты мақсатымыз – адамдарға тек жәрдемақы беру емес, олардың еңбек етіп, білім алып, отбасын қамтамасыз етуіне мүмкіндік жасау.
2025 жылға арналған өңірлік жұмыспен қамту картасы аясында 65 мың жұмыс орнын құру жоспарланған болатын. Оның 48 мыңы – тұрақты жұмыс орындары. Биылғы тоғыз айдың ішінде 46 501 адам жұмыспен қамтылған. Президенттің «Әр 10 мың тұрғынға – 100 жұмыс орны» бастамасы да айтарлықтай нәтиже берді. Осылайша жоспардағы 12 534 орынның орнына 12 804 жұмыс орны ашылды.
Ұлттық жобалар шеңберінде 1 712 жұмыс орны қаржыландырылды. Әсіресе, жастарды қолдау бағытына ерекше назар аударылған. Айталық 2,5 пайыздық жеңілдетілген несие бағдарламасы бойынша 741 жобаға қаржы қарастырылып, оның ішінде 394 жас кәсіпкер өз ісін бастауға несие алды.
Біз қаражатты нақты қайтарымы бар салаларға – салық түсімін арттыратын, жұмыспен қамтуды және әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз ететін бағыттарға саламыз, – дейді басқарма басшысы.
Осы мақсатпен биыл 1,5 миллиард теңге көлемінде 1 008 қайтарымсыз грант беру көзделген. Есепті кезеңде 1 006 адам нақты қолдау алған. Олардың қатарында 675 көпбалалы ата-ана, 188 мүмкіндігі шектеулі жан, 83 ерекше бала тәрбиелеп отырған ата-ана, 42 асыраушысынан айырылған азамат, 15 атаулы әлеуметтік көмек алушы және 3 қандасымыз бар.
Сонымен қатар 1 335 адам кәсіби оқудан өткен. Оның 980-і – оқу орындарында, 335-і өндірісте білім алған. Ал 2 829 адам – skills.enbek.kz платформасында онлайн курстарды, 3 380 адам «Бастау Бизнес» бағдарламасы арқылы кәсіпкерліктің негіздерін меңгеріпті.
Бұдан бөлек, биыл аймақта 13 873 жұмыссыз азаматты жұмыспен қамту көзделсе, оның 12 682-сі бүгінде субсидияланған жұмыс орындарына орналасқан. Олардың ішінде 8 865 адам – қоғамдық жұмыстарда, 710 азамат – әлеуметтік жұмыс орындарында, ал 1 533 тұрғын «Жастар тәжірибесі» бағдарламасына қатысқан.
«Алғашқы жұмыс орны» және «Ұрпақтар келісімі» жобалары арқылы 442 еңбекке тартылса, «Күміс жас» бағдарламасы бойынша 1 132 азамат жұмыс тапқан. Бағдарламаларды аяқтаған 2 709 қатысушының 62,6 пайызы тұрақты жұмысқа орналасқан.
– Әлеуметтік көмекті қаржыландыру да маңызды бағыттың бірі. 2025 жылдың 1 қазанына дейін 3 767 отбасының 20 705 мүшесі атаулы әлеуметтік көмек алып, жалпы сома 1,7 миллиард теңгені құрады. Сондай-ақ 1-6 жас аралығындағы 6 544 балаға ай сайынғы төлем ретінде 248,7 миллион теңге бөлінді.
Атаулы әлеуметтік көмек алушылардың еңбекке қабілетті мүшелерінің 80,6 пайызы жұмысқа орналасқан. Бұл көрсеткіштің артуы – адамдардың еңбекке бет бұрып, өз ісін ашуға ұмтылуының белгісі.
Көмек алушылар санының 30 пайызға қысқаруы – дұрыс саясаттың нәтижесі. Адамдар жұмысқа орналасып, кәсіп ашып, жәрдемақыға тәуелділіктен арылып келеді. Бұл да – инвестицияның жемісі, – дейді Е.Келесов.
Мерекелік күндер мен жеке өтініштер негізінде көрсетілетін көмекке жергілікті бюджеттен 1,7 миллиард теңге қарастырылып, 7 269 адамға 929,1 миллион теңге көлемінде көмек көрсетілген.
Сондай-ақ 154,1 миллион теңге тұрғын үй көмегіне бағытталып, 1 127 отбасы (3 731 адам) осы қолдауды пайдаланды. Ал мүгедектігі бар балаларды үйде оқытуға 99,3 миллион теңге бөлініп, оның 44,6 миллионы 1 153 балаға төленген.
Мүмкіндігі шектеулі жандарды оңалту мен бейімдеуге арналған 7,6 миллиард теңге қаражатқа протездік-ортопедиялық құралдар, көмекші қызметтер, шипажайлық ем және гигиеналық заттарға жұмсалған.
Өз кезегінде сала мамандары әлеуметтік салаға салынған әрбір теңге қоғамға тұрақтылық, сенім және адами капитал түрінде қайтатынын айтады. Расында, әлеуметтік салада атқарылған жұмыстар аз емес. Десе де тұрғындардың тіршілігі түзеліп, әлеуметтік осал топтың әлденуі үшін тынымсыз тірлік қажет-ақ.
Еркін САЙЫН