Болаттың бала кезіндегі бейнесі менің есімде алыстағы ауыл мектебінің оқушысы кейпінде елес береді.
Жамбыл облысы, Талас ауданында Талас өзенінің орта ағысы бойында Амангелді ауылы тұр. Сулы, нулы жер. Жаз бен күзде басқа ауылдардың айналасы сарғайып кеткенде, Амангелдінің айналасындағы шабындық жер, жайылым күзге дейін көгеріп жатады. Ауылдың астында жерасты теңізі бар деседі. Ортасында алып құдығы бар. Суы тұщы. Шығысындағы ауылдар суды сол құдықтан су құбыры арқылы алады. Батысында – Ойық ауылы, шығысында – Шәкіров ауылы. Ауылдың маңдай алдын ала солтүстік батысқа қарай Талас өзені өтеді. Арқасында құм мен шөл, Бетпақдала. Ауылдың арқалығында Амангелді газ кеніші бар. Амангелді газы аймақтағы бүкіл елді мекенге от беріп, жылу мен қызу таратады.
Амангелді кезінде дәулеті асып-тасыған бірнеше колхоздың бірігуі нәтижесінде құрылған: Талды ауыл, Ынтымақ, Шаруашылық, Амангелді. Ынтымақ пен Шаруашылықтың орнында ерте замандарда үлкен қалалар болған. Ынтымақтың түбіндегі Тайтөбеге байланысты ертеден жеткен түрлі аңыздар бар. Тайтөбенің солтүстік-шығыс іргесіндегі Шаруашылықтың орнында болған көне қала Кенжек деп аталған. Осы өлкемен ХІІІ ғасырда Француз королі Людовик ІХ жіберген елші Гильом де Рубрук жүріп өтіп, жазбаша деректер қалдырған. Талас пен Кенжек арасындағы байтақ далада 568 жылы Естімі (Ыстымы) қаған Византия елшісі мен Парсы елшісін қабылдап, әскери көрініс өткізген…
1968 жылы мен осы өңірдегі іргелі ауыл Амангелді мектебіне бастауыш cынып мұғалімі болып келдім. Алғашқы жылы екінші сынып оқушыларын, екінші жылы бірінші сынып оқушыларын оқыттым. Мен мұғалім болып келген жылы Болат 4-сыныпта оқитын сияқты еді. 10 жас шамасында болу керек. Ата-анасының байырғы мекені – Ынтымақ, Тайтөбе. Оқу жылының басынан аты-жөні де, түр-түсі де мұғалімдердің көзі мен көңілінде жатталып қалған оқушылар болады. Солардың бірі – Болат еді. Ойлауында да, сөйлеуінде де, түр-түсі мен жүріс-тұрысында да еркіндік, ерекшелік бар. Онысы өзінің бойына жарасымды. Мұғалімі – бізден аздаған үлкендігі бар кісі. Болат мектепте сол мұғалімін тыңдайды, басқа мұғалімдердің сөзіне құлақ аса қоймайды.
Ауылда екі жыл мұғалім болып, Алматыға, қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетіне оқуға кеттім. Оқу бітірген соң, сонда қалдым. Жылдар өтіп жатты. Көп жылдардан кейін Болатты осы университетте көрдім. Жазғы сессияның кезі. Журналистика факультетінде сырттай оқитын студенттерден «Әдебиет теориясы» пәнінен емтихан қабылдап отырғанмын. Алдыма бір сырбаз жігіт келді. Фамилиясы Болат Бекжан. Емтиханын жақсы тапсырды. Емтиханын тапсырған соң білгенім: Жамбыл мәдени-ағарту училищесін бітірген, актер, режиссер, мәдениет үйінің директоры, ақын, жазушы, драматург, журналист, сатирик, сазгер екен. Аздан соң бұл жігіттің Амангелді мектебінің баяғы ерекше, еркін оқушысы Болат екенін білдім. Мектепте менің есімде қалған аты-жөні Болат Үмбетәлиев болатын. Мектептегі аты-жөнін Болат Бекжан деп өзгертіпті. Алдымдағы студенттің өзім ұстаздық еңбек жолымды бастаған Амангелді мектебінің бір кездегі кекілі желбіреген, құлындай шапқан елгезек оқушысы екенін білгенде, емтиханда көрсеткен білімі үшін «Жақсы» емес, «Өте жақсы» деген баға қоймағаныма өкінгендей едім. Студентім «Жақсы» деген бағаға разы екенін айтып, отырған орнынан жадырап көтерілді. Сонда бойына, ойына қарап: «Жайсаң жігіт болып өскен екен», – деп сүйінген қалыпта қалып едім.
Болат университетті ойдағыдай бітіріп, ұлттық университеттің классикалық білім бағдарламасын меңгерген білікті журналист, шығармашылық тұлға, азамат ретінде Тараз өлкесінің, Жамбыл облысының мәдени, рухани түлеуі, әлеуметтің қоғамдық санасының жаңғыруы, шығармашылық әлеуетінің өсуі жолында аянбай еңбек етті. Еңбек жолын Жамбыл облыстық Абай атындағы Қазақ драма театрында актерлік өнерден бастап, өмірдің түрлі сыны мен сынағынан өтті. Ауылға барып, мәдениет үйінің директоры, халық театрының режиссері болып, ауыл мәдениетін өсірді. Облыстық теле-радио комитетінде режиссер, редактор, аға редактор бола жүріп, теле-радиожурналистиканың аузымен құс тістеген мықты майталманына айналды. Облыстық «Ақ жол» газетінде тілші, «Шабыт» гуманитарлық-этнографиялық бірлестігінде ұйымдастырушы, облыстық денсаулық сақтау департаментінде баспасөз орталығының жетекшісі, Тараз қаласы әкімінің кеңесшісі-баспасөз жөніндегі хатшысы, облыстық «Ар-Ай» қоғамдық-саяси және танымдық жастар газетінің Бас редакторы қызметтерін атқарып, қоғамдық ұйымдармен, шығармашылық ұжымдармен, халықпен, әкімдік билік жүйесімен бірлесе қызмет етудің үлкен мектебінен өтті, өмірдің ыстығына да, суығына да төзді, шығармашылық еңбектің қыры мен сырына қанықты, өлкедегі белгілі шығармашылық тұлға, мәдениет қайраткері болып қалыптасты. Көптеген жылдар Жамбыл облыстық А.Тоқпанов атындағы Қазақ драма театрының директоры болып қызмет етті.
Облыстық драма театры – мемлекеттік мекеме, мекеме болғанда – мәдениет пен өнер орталығы. Театр сахнасындағы әр спектакль – ұжымдық өнер үлгісі. Ол синкретті. Онда сөз өнерінің, саз өнерінің, сурет өнерінің, ән өнерінің, би өнерінің алатын орны да, атқаратын қызметі де маңызды. Оларды театр өнерінің заңдылықтарымен ұштастырудың тылсым сырлары мен қырлары да аз емес. Ондағы әр актер – өзінше бір тұлға, өзгеше бір әлем. Оның тілін түсіну қиын, оған түсіндіру де оңай емес, оны алған бағытынан қайтару немесе дұрыс бағыт сілтеу – қиынның қиыны. Болат театр директоры ретінде осы қиындықтардың қилы кезеңдерінен өтті, әрқайсысы бір әлем болып жүрген өнер саңлақтарын бір кеңістікте бір мақсат жолында біріктірді, мәдениет, өнер саласындағы ұйымдастырушы әрі басқарушы, санаткер әрі қайраткер тұлға болып дараланды. Облыстық мәдениет басқармасының қолдауына сүйене отырып, театр ұжымын үлкен шығармашылық жетістіктерге жеткізді. Театр сахнасына шығарылған спектакль тасбұлақтың суындай сылдыраған керемет келісіммен жарасатын болды. Театр өнерлі, өнерпаз шығармашылық ұжым болып тұтасты, өзіндік болмысы бөлек, мақсаты биік, табиғаты таза бірбүтін өнер ордасына айналды. Өнер ұжымын мұндай биікке көтеру, мұндай бірегей тұлғаға айналдыру, театр сахнасын рухани жаңғыру, жаңару сахнасы деңгейіне көтеру өнерпаз өреннің, жан-жақты шығармашылық тұлғаның, мұраты биік, бағыты оң, мақсаты зор қайраткер азаматтың ғана қолынан келетін еді. Болат театр ұжымын бірегей шығармашылық тұлғаға айналдырды, театр сахнасын рухани жаңғыру мен жаңару сахнасы, арылу мен тазару сахнасы деңгейіне көтерді.
Болаттың алғашқы жинағы «Шымылдықтың арғы жағы» деп аталды. Сатиралық сарындағы жинаққа енген шығармалар оқиғасының шыншылдығымен, құрылым-жүйесінің шымырлығымен, кейіпкерлер бейнесінің анықтығымен, тіпті ірілігімен ерекшеленетін. Одан беріде оқырмандарына «Құс қанатындағы сағыныш» атты өлеңдер жинағын, «Бізбіз» және басқа да кітаптарын ұсынды. Алпыстың асқарына шыққан шағында «Құс қанатындағы сағыныш» деген атпен шығармашылық кешін өткізіп, алты томдық шығармалар жинағының тұсаукесерін жасады.
Өңірдің белгілі ақын, жазушылары, журналистері, мәдениет және өнер қайраткерлері қатысып, ыстық лебіздерін білдірді. Шығармашылық кешке Алматыдан Қазақстан Жазушылар одағының хатшысы, ақын, филология ғылымдарының докторы, профессор Бауыржан Өміржанұлы Жақып, Шешеннің батыры, қазақтың ақыны, түркі әлемінің атақты азаматы Рафаэль Ниязбек ағасы, Қазақстанның халық әртісі, театр өнерінің көрнекті қайраткері, өнертану профессоры Тұңғышбай Қадырұлы Жаманқұлов және мен келіп, игі тілектерімізді айттық. Шығармашылық кештің өн бойында құс қанатындағы сағыныштай бір әдемі, қимас сезім сазы тербеліп тұрды. «Құс қанатындағы сағыныш» ойландырды, толғандырды. Менің есіме ел аузында сақталған «Құс жолы» деген аңыз түсті. Тараз өлкесінің өзім жинап алған тау мен дала туралы мың аңызының бірі. «Ерте-ерте, ертеде», – деп басталады.
«Ерте-ерте, ертеде Талас өзенінің арнасы айдын шалқар көлдей шалқиды екен. Беті аққу-қазға толы екен. Кезі келгенде аққулар басқа жаққа ұшатын болыпты. Сонда алысқа ұшуға жарайтындары ұшып, алысқа ұшуға жарамайтындары қалмақ екен. Аққулардың ішінде көмекейінен күй төгілген бір өнерпазы болыпты. Күзде ол бір лек аққуларды бастап, алыс сапарға ұшады. Өзеннің үстін айнала ұшып, су бетінде қалғандармен қоштасып, ән салады, күй төгеді. Көктегілердің әні мен күйі өзен бетіндегілердің бойын балқытып, көңілін толқытады. Сонда өзен бетіндегі аққулар көктегі аққулармен бірге ән салып, күй төгіп, би билейді. Өзеннің бетіндегі аққулар мен көктегі аққулар бір-бірін қимайды.
Аққулардың бір-бірін қимай қоштасып салған әні мен күйінің сазы Жаратушыға жетеді. Жаратушы аққулардың бір-біріне деген қимастығының ән мен күй, би болып төгілген сазынан өзінің қасиетін танып, көктегі аққуларды түгелдей жұлдызға айналдырыпты. Құс жолы осылай жаратылыпты. Құс жолы Таластың төбесінен төніп тұрады екен. Одан құлағы түрік, көңіл көзі ашық жандар аққулардың салған әнінің сазын естиді екен».
Бір сәті түскенде, Таластың жағасында тұрып, түнгі аспанға, Құс жолына қарадым. Құс жолы шынында да Таластың төбесінен төніп тұрғандай екен.
Қайтқан құстардың, қайта оралған құстардың қанатында қимастық, сағыныш сезімі болатыны туралы түсінік – образды ойлаудан туған терең, бейнелі, астарлы түсінік. Онда шығармашылық тұлғаның өз сағынышының лебі, өзінің қимас сезімі бар. Болат «Құс қанатындағы сағыныш» кітабында, «Құс қанатындағы сағыныш» деген атпен өткізген шығармашылық кешінде осы сағынышын, осы қимас сезімін толғағанын және қандай күйде толғағанын енді, өзі құс болып ұшып кеткеннен кейін түсінгендей болдым.
Шынайы шығармашылық тұлға көз жетер кеңістікке сыя алмайды, көңіл жетер кеңістікке шыға алмайды. Болаттың сағынышы да, қимас сезімі де өмірдің осы заңдылығының өзегінен өнді-ау деп ойлаймын.
Астанадан телефон соқты. Асқазаны ауырып, Астанадағы дәрігерлерге көрінбек болып келгенін айтты. Асықпай, сабырмен сөйледі. Үні ашық. Көңіл-аспаны таза көрінді. Көңілі жаздай жадырағанда немесе терең ойда отырғанда айтатын бір сөзі бар еді «Жан аға» деген. Осы сөзін айтып, Таразға келген соң хабарласатынын ескертті. Таразға келген соң хабарласпады, хабары жетті.
Болат інім құс жолымен ұшып кетті, ұшпағандар үшін қанатындағы сағыныш сазын, қимас сезімін қалдырды.
Артында қимас сезімін, сазды сағынышын қалдырған жанды өлді деуге сыя ма…
Жанғара ДӘДЕБАЕВ,
филология ғылымдарының докторы, профессор