Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

Үлкен жүрек

0 246

Сол кезде кімдер едік қарасақ біз,
Әйтеуір адал ұрпақ – болашақпыз.
Сіздей үлкен ұстаздың дәл алдына,
Ойланбай , олпы- солпы бара саппыз.

Ештеңе тимей әлі шекемізге,
Көп болды мойындаймыз қатеміз де.
Бәрімізге қамқорлық көрсеттіңіз,
Айналып Сіз екінші әкемізге.

Сөзіңіз айтылғанда мәнді, бөлек,
Тыңдаймыз ауыз ашылып, әр күн елеп.
Біздерді газет ісі ғана емес,
Жүрдіңіз өмірге де тәрбиелеп.

Арада болушы еді жарасым көп,
Кеңестер айтылатын жаңа сыр боп .
Әңгімемді оқып ап сүйсінуші ең,
«Асқар Сүлейменовтей боласың» деп .

Дайындап бізді алдағы ірі сынға,
Өмір жолдың көрсеттің дұрысын да.
Асқар Сүлейменовтей болмасам да,
Келемін әлі газет жұмысында.

Қалпыма қуанамын өлеңді ұққан,
Жыр жазсам биік тұрар төбем бұлттан.
Болса егер мен де аз ғана жылы жүрек,
Ұстазым оның бәрі сенен жұққан!

Тарихта жазылған да жарқын беттер,
Әр түрлі кездеседі әркімде өткел.
Өзіңнен тәрбие алды Хамит, Өрнек,
Азамат, Шолпан, Марат, Алтынбектер!

Ұстаз боп бәрімізге ой ақтардың,
Есімізде санамды оятқан күн.
Бәрі сізге разы Динара, Асыл,
Салтанат,Гүлнұр, Талғат, Саятханның.

Атпенен ұстаз деген аға дардай,
Тарихтан қоймайсыз ау бағаны алмай.
Шәкіртің Ерман, Дәулет, Нұрболат, Таби,
Тілші болды мүйізі қарағайдай!

Табылса қыздар менен ұят ұлдан,
Өзіңіз ұстаз деуге сиятын жан.
Газеттерде шәкіртің аз болғандай,
Жүз шәкірт шыңдадыңыз театрдан.

Сіз барда нәр алатын далам нұрдан,
Алғысым жетіп жатсын саған жырдан
Кейде Жалғат жеңешем әзілдейді,
Болат қой деп бәріңді адам қылған.

Байлық та іздемепсіз пайдалы деп,
Беу, ұстаз, өзіңіздей қайда жүрек!?
Алтекең кейде әзілдеп сөз айтады,
Газетке Бөкең бізді байлады деп.

Ағатай сізді ойлап тазарайын,
Келтіріп шындық айттым сөз орайын.
Жиырма жыл жарық көріп той тойлауда,
Өз газетің, қолтаңбаң – өз «Ар-Айың».

Өзіңіз мәпелеген үнпарақтай,
Сіз жайлы қалай тұрам жыр таратпай.
Сіз тұрғызған кезектің арқасында,
Үй алдым нән қаладан ұлтарақтай.

Әлі де қате кетсе, жазалымын,
Ал, бірақ жақсы көрем қазақ үнін.
Өн бойымда сақталса жеткілікті,
Бекжановтан дарыған тазалығым!

Есет ДОСАЛЫ,
ақын, Мәдениет саласының үздігі

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.