Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

Тұтас бір буынның рухани ұстазы

0 230

«Таулар алыстаған сайын биіктей береді» деген бар. Биыл ұстазымыз Болат Бекжановтың өмірден өткеніне де бес жыл болыпты. Бірақ әлі де болса хабарласып: «Гүлнұржан, не жазып жүрсің?» – дейтіндей көрінеді де тұрады. Мен Астанада, ол Таразда көптен көріспей, хабар үзіп қалғандай ғана сезім бар.
Біз жұмыста ол кісіні Болат аға дейтінбіз. Болат Үмбетәліұлы деуге тым алыстатып алатын сияқты едік. Ол кісі бізге өте қымбат әрі тым жақын болды. Оның мейірімі мен қамқорлығы, ешқандай қалыпқа сыймайтын жұмсақтығы және біздің өзіміздің өлкеге ғана тән менталитет те осылай дегізген болар.
Біздің Болат аға қазақ журналистикасының ғана емес, тұтас бір буын жастардың рухани ұстазы атанды. Оның есімі Тараз өңірінің ақпарат айдынымен, облыстық «Ар-Ай» жастар газетінің тарихымен тығыз байланысты. Бүгінде жиырмасыншы белесіне шығып отырған басылымның негізін қалап, аяғынан тік тұрғызды. Ол кісі журналистиканы жай мамандық емес, қоғам алдындағы үлкен жауапкершілік деп ұқты. «Газет – халықтың мінбері, ал журналист – соның шырақшысы» деген ұстанымы өмірінің басты қағидасына айналған еді.
«Жеңілмес кіл намыс,
Шегінбес бір қарыс,
Бітпейтін майдан,
Қайтпайтын қайран
Журналист…» – деп жырлады.
Болат ағаның арқасында «Ар-Ай» газеті талай жасқа алғашқы шығармашылық алаң болды. Редакция табалдырығын аттаған әр жасқа сенім артып, бағыт беретін. Ол әр жазылған жолдан адалдық пен азаматтық үн іздейтін. Сол ортада ұстазымыздың жетекшілігімен өсіп-жетілген шәкірттер бүгінде мемлекеттік қызметте, республикалық басылымдар мен телеарналарда еңбек етіп жүр. Ол – жай редактор емес, рухани тәрбиеші, өмір мектебінің ұстазы еді.
«Мына ақпараттық технология ғасыры көп нәрсені өзгертеді. Әрдайым ізденісте болу керек. Бір орында тоқтап қалуға болмайды», – деп үнемі миымызды қозғап, алға ұмтылуға шабыт беріп отырды. Басылымда жүргенде тек журналистика емес, аударма жұмыстарын жасатып, көптеген баспаға дайындалатын кітаптарға редактор ретінде ұсынып, тіпті театр, көркемсурет өнеріне де қызығушылығымызды оятып жүретін. Проза мен поэзияны талқылау өз алдына, бір күні хореограф тауып, барлығымызды вальс биінің курсына апарды. Дауысы барларымызға ән жазып, өзіміздің мерекелік іс-шараларда айтып жүрдік. Бастық емес, қамқоршы әке, ақылшы аға да болды. Қарамағындағы әрбір қызметкердің жағдайына қарап, әңгімелесіп, кеңесін беріп отыратын.
Ол кісі әр кездескен адамға жылы қабақ танытып, әр әңгімесін өмірлік сабаққа айналдыратын. Болат Бекжановтың өнегелі өмірі – жас журналистер үшін шындық пен әділдіктің, парасат пен қарапайымдықтың үлгісі. Бұл – оның адамдық биігі мен кәсіби мектебінің мәңгілік белгісі. Болат аға тұтандырған шырақ әлі де талай жас қаламгердің жолына жарық беретіні сөзсіз.

Гүлнұр Ембердиева,
жазушы-журналист

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.