Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

Тараз төріндегі театр тойы

0 312

Тәуелсіздік алғаннан кейін өңірдегі өнерсүйер қауым арасында Тараз төріндегі облыстық қазақ драма театрына қазақтың тұңғыш кәсіби режиссері, КСРО және Қазақстанның халық артисі, профессор Асқар Тоқпановтың есімін беру мәселесі үнемі көтеріліп келді. Әулиеаталықтардың көптен күткен арманы 2019 жылы орындалып, Жамбыл облысының 80 жылдығы аясында облыстық қазақ драма театрына сахна саңлағының есімі беріліп, театр алдынан тұлға ескерткіші ашылған болатын.

Ал театрдың Асқар Тоқпанов есімін иеленуіне сол жылдары өнер ордасын басқарған белгілі қаламгер, ақын Болат Бекжановтың еңбегі зор. Ол бұл туралы өз естелігінде: «Асқар Тоқпановтың есімі біздің театрға берілсе, ол өте дұрыс шешім болады. Бұл ұсынысты осыдан 10 жыл бұрын Асанәлі Әшімов, Сәбит Оразбаев, Тұңғышбай Жаманқұлов секілді театр саңлақтары көтеріп, ұсыныс хат жазып кеткен. Соның реті шешілмей келіп еді. Енді облыс басшысының араласуымен мәселе оң шешімін табатын түрі бар. Театрымыздың алдына Асқар Тоқпановтың бюсті қойылмақшы. Осы жаңалықтарға театр ұжымы өте қуанышты», – деп жазған екен.
Биыл, міне, облыс мәдениетінің қарашаңырағы саналатын Асқар Тоқпанов атындағы облыстық қазақ драма театры өзінің 90 жылдық мерейтойын атап өтуде. Бұл тарихи белес Алаштың ардақты перзенті Асқар Тоқпановтың туғанына 110 жыл толуымен тұспа-тұс келіп отыр. Осы қос мерейлі дата аясында Тараз қаласында республикалық театр фестивалі өтті.
Театр тойының ашылуына арнайы қатысқан облыс әкімі Ербол Қарашөкеев фестиваль қатысушыларын және театр өнерін сүйетін көрермен қауымды құттықтап, өз ізгі тілегін білдірді.
– Театр – бұл жай ғана өнер ордасы емес, театр – ұлттың жүрегі, руханияттың қайнар көзі. Ол – халқымыздың салт-дәстүрі мен тарихын, бүгіні мен ертеңін бейнелейтін өмір шежіресі. Мемлекет басшысының 2025 жылғы 14 наурыздағы Ұлттық құрылтайдың төртінші отырысында мәдениет пен театр өнеріне айрықша назар аударуы – соның айқын дәлелі. Президентіміз өз сөзінде: «Тәуелсіздік жылдарында мәдениет саласында көп жұмыс атқарылды. Сахна өнеріне құштар жастардың көбеюі – қуанышты жайт. Әсіресе, аймақтарда театрларды салуға және дамытуға ерекше мән беру керек», – деп атап өткен болатын. Бұл бастама өңірімізде көптен бері көтеріліп жүрген мәселенің бірі – жастар театрының ашылуына түрткі болды. Халық сұранысын ескере отырып, «Тараз» жастар театры студиясы ашылып, өңірдің мәдени өміріне жаңа серпін берді.
Асқар Тоқпанов атындағы облыстық қазақ драма театры – еліміздегі іргелі өнер ордаларының бірі. Театрдың іргетасын қалаған ұлт өнерінің корифейлері – Шәріпбай Сәкиев, Мұхамедқали Табанов, Сәти Үмбетбаев, Сатылған Атамқұлов, Жомарт Абызбаев, Отарбай Тұрымқұлов, Тәжімет Әлмұхамедов, Нұргүл Майтанова, Молдаш Сәкиев, Тұраш Әбуов сынды өнер майталмандарының еңбегі ұрпақтан ұрпаққа үлгі болып келеді. Олардың салған сара жолы мен қалыптастырған дәстүрі бүгінгі буынның шығармашылығында өз жалғасын табуда. 90 жылдық тарихы бар қасиетті қарашаңырақтың ұжымына рухани құндылықтарымызды дәріптеудегі еңбектері үшін шынайы алғыс білдіремін, – деген Ербол Шырақпайұлы мәдениет саласына еңбегі сіңген бірқатар азаматты «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» белгісімен, Құрмет грамотасымен және Алғыс хатпен марапаттады.
Салтанатты сәттің шырайын қазақ театрының ақтаңгері, КСРО және Қазақстанның халық артисі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Асанәлі Әшімов пен Қазақстанның халық артисі, Театр қайраткерлері одағының төрағасы Тұңғышбай Жаманқұловтың сахнаға шығып, жүрекжарды естеліктерін бөлісуі аша түсті. Қос тұлға да Асқар Тоқпановтың ұлт өнеріндегі орнын ерекше атап өтіп, театр ұжымын мерекемен құттықтады.
– Бүгін ұлы Тараз жерінде Асқар Тоқпановтың туған күніне арналған үлкен театр мерекесі өтіп жатыр. Бұл – халықтың тойы. Асекең – менің ұстазым. Мәскеуден оқып келген соң, жоғары жаққа айтып жүріп, актерлық факультетті аштырды. Сол кішкентай факультет бүгінде үлкен академияға айналды. Ауылдан алғаш Алматыға табаным тигенде Әуезовті, Сәтбаевты, Тоқпановты көргенде қатты таңғалдым. Таңғалу – адамды өсіріп, көп нәрсеге бағыт-бағдар береді екен. Асекең мені кездейсоқ тапты, ол кісі – менің алғашқы ұстазым еді, – деді аңыз Асанәлі Әшімов.
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, өнертану ғылымдарының кандидаты, М.Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрының директоры Еркін Жуасбек, Қазақстанның халық артисі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Тұңғышбай Жаманқұлов, белгілі режиссерлер Қуандық Қасымов пен Бақыт Нұрпейіс, театртанушы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Меруерт Жақсылықова сынды өнер майталмандары қазылық еткен фестивальдің алғашқы күні көрермен назарына С.Қожамқұлов атындағы Ұлытау облыстық қазақ музыкалық-драма театры Георг Бюхнердің әйгілі «Войцек» драмасын ұсынды. Терең философиялық астар мен психологиялық шиеленіске құрылған қойылым адам болмысының күрделі табиғатын ашып, көрерменді өмір мен сана арасындағы тартысқа жетеледі.
Аталған шығарма – ХІХ ғасырдың басында жазылғанымен, бүгінгі күннің де шындығын дәл басып тұрған туынды. Әлем театрларында үздіксіз қойылып келе жатқан бұл драмада қарапайым солдат Войцектің трагедиясы арқылы қоғамдағы әлеуметтік теңсіздік, адам қадірінің тапталуы, рухани күйзеліс мәселелері өткір көтеріледі. Басты кейіпкер Войцек – төменгі таптың өкілі. Күнкөріс қамымен өмірін өткізген ол – биліктің, ғылым мен қоғамның тәжірибесіне айналған бейшара жан. Адамды сезімнен, ардан, адамгершіліктен айырып, тек «материал» ретінде қарайтын жүйе Войцектің тағдырын біртіндеп күйретеді. Ғылыми тәжірибе мен әлеуметтік қысымның ортасында қалған кейіпкердің ішкі әлемі жарылып, ақыры сүйіктісі Марияны қызғаныш үстінде өлтіреді.
Осындай күрделі шығарманы ұлытаулықтар жоғары деңгейде сахналап шықты. Минималистік декорация, жарық пен дыбыстың үйлесімі арқылы берілген психологиялық қысым көрерменді бірден оқиға өзегіне енгізді. Войцек рөлін сомдаған әртіс кейіпкердің ішкі арпалысын, қорқыныш пен үміттің арасындағы күйзелісін терең сезіммен жеткізді. Шынайы эмоция мен актерлік шеберлікке толы бұл спектакль залдағы көрерменді бейжай қалдырмай, қойылым соңында көпшілік артистердің ойынына ұзақ қол шапалақпен алғыс білдірді.
Келесі кезекте Атырау облыстық Махамбет атындағы академиялық қазақ драма театры М.Әуезовтің «Қорғансыздың күні» трагедиясын сахналады. Қазақ әдебиетінің классигі Мұхтар Әуезовтің бұл туындысы – адам тағдыры мен қоғамның қатігез шындығын терең бейнелейтін мәңгілік тақырыптағы шығарма. Қойылымда өнерпаздар әлсіздің жанайқайын, әділетсіздік пен адамдықтың аражігін нәзік сезіммен жеткізді. Сахнада бейнеленген әр көрініс көрерменнің жүрегін қозғап, аяныш пен ойға жетелейтін әсерлі атмосфера тудырды. Әуезов шығармасындағы драмалық шиеленіс пен режиссерлік шешім бір-бірімен үйлесім тауып, заманауи көркемдік тілмен көрініс тапты.
Бұл фестивальда Р.Сейітметов атындағы Түркістан сазды драма театры «Жалғыз желкен» драмасын ұсынды. Қойылымның авторы – жамбылдық балалар жазушысы Әлдихан Қалдыбаев. Шығарманың түпнұсқалық атауы «Әкімнің туған күні» болса, режиссер Айдар Наурызбаев оны «Жалғыз желкен» деп өзгерткен. Бұл атау адам тағдыры мен өмір күресінің символына айналған. Толқын мен желдің айқасы секілді, адам өмірі де үміт пен арпалыстан тұратынын меңзейді. «Жалғыз желкен» – адам рухының беріктігі мен жалғыздықтың мұңды үнін суреттейтін әсерлі драма. Әр көрінісі – ой салып, әр сөзі – жүрекке жетеді.
Республикалық театр фестивалі аясында Асқар Тоқпанов атындағы облыстық қазақ драма театры көрнекті қаламгер Міржақып Дулатұлының «Бақытсыз Жамал» романы желісінде сахналанған трагифарс жанрындағы қойылымды көпшілік назарына ұсынды. Қазақ әдебиетінде әйел теңдігі тақырыбын алғаш көтерген туындының сахналық нұсқасы ХХ ғасыр басындағы қоғам өмірін, дәуір тынысын айқын суреттейді. Қойылымда сол кезеңдегі әйелдердің бас бостандығы, әлеуметтік әділетсіздік пен ескі салт-сана арасындағы күрес көрініс табады. Өрімдей жас қыздардың қалың малға сатылып, сүймеген жандарға еріксіз ұзатылуы сол уақыттың ащы шындығы ретінде сахнада нанымды жеткізілген.
Режиссер Мейрам Хабибуллин классикалық шығарманы бүгінгі көрерменге жаңа қырынан ұсынуға тырысқан. Трагифарс жанры арқылы ол қоғамдағы қайшылықтарды астарлап жеткізеді. Көрерменді терең ойға жетелейтін сахналық шешімдер, жарық пен дыбыс үйлесімі, актерлердің ішкі сезім толқынын дәл беруі спектакльдің әсерін күшейтті. Жамал бейнесін сомдаған актрисаның ойыны ерекше ықыласқа бөленді. Ол нәзік те қайсар қыздың тағдыры арқылы қазақ әйелінің азаттыққа деген аңсарын, рухының биіктігін терең көрсетті. Қойылым соңында көрерменнің ұзақ қол шапалақтауы театр ұжымының еңбегіне берілген лайықты баға болды.
Асқар Тоқпанов атындағы театрдың мерейтойы мен республикалық фестиваль аясында Алматыдан арнайы келген Қ.Қожамияров атындағы республикалық мемлекеттік академиялық Ұйғыр музыкалық комедия театры қазақтың классикалық махаббат дастаны негізінде сахналанған Ғабит Мүсіреповтің «Қозы мен Баян» спектаклін ұсынды. Қойылым ұйғыр тілінде өтті. Соған қарамастан, сахнадағы шынайы сезім мен актерлардың әсерлі ойыны тілдік кедергіні ұмыттырып, көрермен жүрегіне жол тапты. Туындыда ұлт пен тіл шекарасынан биік адамдық құндылықтар – махаббаттың тазалығы, адалдық пен тағдырдың тәлкегі көркем бейнеленді. Ұйғыр театрының әртістері халық жырындағы Қозы мен Баянның трагедиялық тағдырын заманауи режиссерлық шешімдер арқылы жаңаша қырынан көрсетті. Әсіресе, жарық пен музыка үйлесімі, сахнадағы пластикалық қозғалыстар мен бейнелік элементтер ұлттық колоритті айшықтап, спектакльдің көркемдік қуатын арттыра түсті. Бұл қойылым – халықтар достығы мен мәдени байланыстардың жарқын көрінісі, ал мәңгілік махаббат тақырыбының ұлттан биік ортақ құндылық екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.
Осылайша төрт күнге жалғасқан театр саңлақтарының бәсекесі Бикен Римова атындағы Талдықорған драма театры сахналаған Александр Володиннің әйгілі «Кездесу мен қоштасу» драмасымен қорытындыланды. Қойылымның режиссері – Алмат Шарипов. Ол классикалық туындыны бүгінгі көрерменге жаңа режиссерлық шешіммен ұсынып, махаббат пен өкініш, сағыныш пен үміт секілді мәңгілік сезімдерді терең психологизммен бейнелей білді. Спектакльдің сценографиясы мен музыкалық көркемделуі де әсерлі қойылымның мазмұнын ашып, көрерменді эмоциялық толғанысқа жетеледі.
Осылайша алты өңірдің сахна шеберлері өнер көрсеткен театр фестивалі өз мәресіне жетті. Қазылар шешімімен «Ең үздік қойылым» номинациясы С.Қожамқұлов атындағы Ұлытау облыстық қазақ музыкалық драма театрының «Войцек» спектакліне берілді. Ал «Асқар Тоқпанов атындағы арнайы сыйлыққа» А.Тоқпанов атындағы Жамбыл облыстық қазақ драма театрының «Бақытсыз Жамал» қойылымы ие болды. «Үміт» номинациясы Атырау облыстық Махамбет атындағы академиялық қазақ драма театрының «Қорғансыздың күні» спектакліндегі актриса Шакизада Күзембайға бұйырса, «Үздік екінші пландағы ер адам бейнесі» ретінде Р.Сейтметов атындағы Түркістан сазды драма театрының «Жалғыз желкен» қойылымындағы актер Мұрат Құрманбеков танылды. Сондай-ақ «Үздік актерлік дуэт» номинациясы Б.Римова атындағы Талдықорған драма театрының «Кездесу мен қоштасу» спектаклінде өнер көрсеткен Аман Қожабеков пен Ғалия Темербаеваға берілді. «Үздік ер адам бейнесі» – Қ.Қожамияров атындағы республикалық ұйғыр музыкалық драма театрының «Қозы мен Баян» трагедиясындағы Қарабай рөлі үшін Дилшат Аманбаевқа, ал «Үздік әйел бейнесі» «Войцек» қойылымындағы Гүлден Сейткеноваға бұйырды. Фестивальдің ең жоғары марапаттарының бірі – «Үздік режиссура» номинациясын «Войцек» спектаклін сахналаған режиссер Мейрам Хабибуллин иеленді.
Фестиваль барысында тек қойылымдар ғана емес, шығармашылық-танымдық шаралар да ұйымдастырылды. Соның бірі – театр сыншылары, режиссерлар, студенттер мен БАҚ өкілдерінің қатысуымен өткен «Тоқпанов – феномен!» атты дөңгелек үстел отырысы. Сондай-ақ фестиваль қонақтары үшін Тараз қаласының тарихи-мәдени орындарына экскурсия жасалды.

Жұматай КӨКСУБАЙ

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.