Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

«Қалаң – қорған, тауың – тақ, жер – қазынаң»

0 179

Қазақтың бағзы заманнан арман еткені – Тәуелсіздік. Сол арманның шындыққа айналғанына да 35 жыл уақыт өтті. Ата-баба аңсаған азат елдің арайлы таңына жыр арнап, қалам тербеген ақындар аз болмаған. Назарларыңызға өлең өлкесіне қанат қаққан бір топ шайырдың елдік тақырыбындағы жырларын ұсынамыз.


Бейсенәлі МЕТҚАЛИ,
«Жаздың соңы» жыр жинағының авторы

Қазақстан

Арқадағы арлы далам ай маңдай,
Кең құшағың қуанышқа тойғандай.
Жетісуым – жер жәннаты, Жаратқан
Бейішті әкеп өз қолымен қойғандай.

Шығысымда шұрайлы өлке – Алтай бар,
Қалай ғана өте аласың шалқаймай?!
Жамбасымда – Ұлы Тұран даласы,
Шалқып өтем ай мүйізді арқардай.

Киелі жұрт Түркістанның өр төсi,
Алаш елі шегелеген серті – осы.
Батысымда тарих жатыр ғасырлық,
Кең көсіліп ен байлықтың көрпесі.

Астанам бар асқақ арман ұласқан,
Алматым бар алты қырдан жыры асқан.
Шымкентіме тең келмейді ешбір жер,
Мейіріміне бөленетін құлап таң.

Ұлытауға ұлар құсы түнеген,
Азаматы – атан жілік, ірі, ерен.
Маңғыстауым – марқасқалар мекені,
Мен Жамбылға қарап қалай түнерем?!

Абайымда Абай айтқан кесімді ой,
Көкшетауда туылмайды кесірлі ой.
Өскеменім – өскен елің ержүрек,
Қарағанды – қара кесек етім ғой.

Қызылордам – қызыр қонған қобызым,
Оралымда өшкіндемес өз үнім.
Атырауда атқа қонар ерлер көп,
Ақтөбеде рух бар, соны ұғын.

Қалғысам да ойлар мүжіп еңсемді,
Мүйізінен ұра алмаймын серкемді.
Жарқыраған бүгінімнен күштірек
Айырбасқа сала алмаймын ертеңді.

Байтақ елім, байтақ жерім қосылған,
Тұран төрі – бізге мекен осы маң.
Құшағыңнан кетпесін деп құт қашып,
Топырағыңды күзетумен отырам.


Думан БӘЗІЛЖАНҰЛЫ,
«Боздәурен» жыр жинағының авторы

Мәңгілік жырым

Өзен-суың – өз қаным, өріс – жотаң,
Сүйінгенің – сөз ләмің, періште таң.
Күлтегіннің сөзіндей кие қонған,
Көк түріктің көзіндей келісті Отан!

Оянатын от-тұяқ түн дыбыстан,
Алтын жалды жеткенде күн шығыстан.
Сарала қаз ақыры саған қонды,
Саржұртыңнан сақтардың сыңсып ұшқан.

Үдей соққан дауылдан от құбылған,
Теңесетін күн туды төрт құбылаң.
Үйсіндердің күн нұрын көз аштырған –
Көк бөрісі кеудеңнен көкке ұлыған.

Алты таспа, бұзау тіс жыр есілді,
Қазақ қазақ болғалы күрес – үлгі!
Бір құлының қосылды үйіріне,
Балқашыңды байытқан Іле сынды.

Есігімнен қарайды елгезек таң,
Қалаң – қорған, тауың – тақ,
жер – қазынаң.
Дір еткенде дарияң толқын
тулап,
Түнетеді көгіңе көл жазып ән.


Әлімжан ШӨҢГЕРБАЕВ,
«Жыр жауһары» облыстық поэтикалық дуэлінің бас жүлдегері

Отаным

Ордасы боп талай-талай қағанның,
Зұлматын да көрген талай заманның.
Қазақ елі атауы бағзы кезден
Орын алған қақ төрінен ғаламның.

Ғасырлардан ғасырларға тоғысқан,
Шежіреміз мына біздің алыста.
Сақ, ғұндар мен Көк түріктер атауы
О, адамзат, барлығыңа таныс па?

Шөгіп кеткен аналардың жасынан,
Балбал болған бабалардың басына.
Дәуірлердің таңбаланған тарихы,
Бұл жерлердің тамыр біткен тасына.

Қыраны ұшып емін-еркін көгінде,
Құрақ ұшып досы отырған төрінде.
«Отаным» деп оққа тосып кеудесін
Мың арысы өтіп кеткен өмірден.

Ақындар бар ауызы атқан жыр-жалын,
Батырлары тұрғызатын бір дауыл.
Домбырасы шертіп халық қайғысын,
Қоңыр қобыз ескен әр кез мұң-зарын.

Туылғаннан естілген маған аты
Киелі өлкем – бабалар аманаты.
Тәуелсіз Республикам – Қазақстан
Тәуелсіз қазағымның қағанаты.

Отаным, сенде шығар жарқ еткен күн,
Сенде жатыр таулардың қарт етегі.
Отаным, сені ардақтап, тағзым етіп,
Өле-өлгенше қорғауға ант етемін!


Марал ХАНТӨРЕ,
«Асыл арман» ұлттық дәстүр мен өнерді қолдау» қоғамдық бірлестігінің төрағасы

Тәуелсіздік – тұғырым

Бабалардың ұлы аманат, бөлшегі,
Қымбат нарқы, бағасы мен өлшемі.
Қазақ елі – бүгінгі күн танымал,
Тәуелсіз ел, дербес, азат, еңселі.

Тәуелсіздік жетті көптен аңсаған,
Жан мен қанын беріп батыр қаншама…
Қорғап қалды шаршамастан, талмастан.
Ұшқан құстың қос қанаты талса да.

Салтанатпен бүгін нұрын жайса күн,
Жоғалтумен талай боздақ, жайсаңын.
Желтоқсанда күресумен жан берді,
Күресумен қайсар қыз бен қайсар ұл.

Өткен күннен мұзды ызғар еседі.
Қиындықтар – тарихтар ғой кешегі.
Ата-баба аңсағаны өтелді,
Тәуелсіздік – айқын дәлел, есебі.

Тәуелсіздік – Тәңір құты түскен күн,
Тәуелсіздік – шын нышаны күшті елдің.
Тәуелсіздік – тұғыр, тірек қашанда,
Ол бар кезде күллі әлемнен үстеммін!

Тәуелсіздік – қамсыз ұйықтар бөбегім,
Тәуелсіздік – шырқалатын өлеңім.
Тәуелсіздік – сұңғыла ой басшымыз,
Халқым сыйлап, елім жақсы көретін.

Тәуелсіздік – қыран құсым самғаған,
Тәуелсіздік – таусылмайтын арман ән.
Тәуелсіздік – тәу ететін құндылық,
Үміттерді мақсаттарға жалғаған.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.