Отан алдындағы борышын өтеу – әрбір азаматтың ең жоғары парызы, ел алдындағы адалдықтың айғағы. Сол себепті ел қорғау ісі – ұлттың рухын көтеріп, бірлігін бекемдейтін ортақ міндет. Азаматтар үшін әскер қатарына қосылу – намыс пен парыздың, ерлік пен елжандылықтың айғағы. Бұған тараздық жігіттер де белсене атсалысуда.
Мәселен, осы жылы көктемде облысымызда белгіленген меже бойынша мерзімді әскери қызметке 1 553 адамды шақыру қажет болса, бүгінге дейін әскерге жіберілген азаматтардың жалпы саны 1 565 адамды құрап, жоспар артығымен орындалған. Мұның ішінде облыс орталығынан 375 ер азамат Отан алдындағы борышын өтеуге аттанған.
Ал облыстық Қорғаныс істері жөніндегі департаментінің мәліметінше, биылғы жылдың күзгі науқанына облысымыздан барлығы 1 500 адам тартылады деп көзделсе, соның 364-і Тараз қаласына тиесілі.
Дегенмен биылғы жылдың 1 қыркүйегінен басталған елімізде 18 жасқа толған жастарды әскер қатарына шақыру науқанның алдыңғы науқандардан басты ерекшелігі – шақырту енді SMS-хабарлама арқылы немесе eGov электрондық үкімет порталындағы азаматтың жеке кабинетіне хабарландыру жіберу арқылы жүзеге асырылады.
Дәлірек айтқанда, мерзімді әскери қызметке шақыру ісі цифрлық форматта жүзеге асатын болады. Шақыру келу күніне дейін кемінде күнтізбелік үш күн бұрын ұялы байланыстың абоненттік нөміріне жəне «электрондық үкімет» веб-порталындағы пайдаланушының кабинетіне мəтіндік хабар арқылы шақыру қағазын жіберу жолымен жүзеге асырылады. Сәйкесінше осындай қадам шақыру туралы ақпаратты уақытылы алуды қамтамасыз етеді және қағаз құжаттардың жоғалу қаупін болдырмайды. Науқанға тек әскери қызметке жарамды және шақыруға объективті кедергісі жоқ жастар ғана шақыртылады.
Тараз қаласының қорғаныс істері жөніндегі басқармасының бастығы, подполковник Ербол Өтебаевтың айтуынша, әскери қызметке шақырылғандардың тек денсаулықтарына ғана назар аударып қоймай, олардың әрбіріне әскери қызметті жақсы аяқтаған жағдайда еліміздегі жоғары оқу орындарына тегін қабылдануға мүмкіндік беріледі.
– Қазіргі таңда Президент Жарлығына сәйкес күзгі әскерге шақыру науқаны жүргізіліп жатыр. Тараз қаласына берілген жоспар бойынша біз науқанда 364 адамды қамтуға тиіспіз. Бүгінгі таңға дейін 41 ер азамат шекара қызметіне жіберілді. Нақты уақытта Ұлттық қауіпсіздік комитеті мен Мемлекеттік күзет қызметінің Шекара қызметі бөлімшелеріне кандидаттар іріктеп жатырмыз, шақыру науқаны желтоқсан айында Ұлттық ұланға іріктеумен аяқталады. Мерзімді әскери қызметке шақыру ісі цифрлық форматта жүзеге асырылуда. Әскерге шақырылушылар үшін маңызды мотивация Қорғаныс министрлігінің «Sarbaz 2.0» бағдарламасы болды. Әскерге шақыру бойынша қызмет еткен әрбір сарбаз ҰБТ тапсырмай-ақ жоғары оқу орындарына түсу құқығын алады. Ең ерекшеленгендер мемлекеттік грант бойынша тегін оқуға үміткер болады. Шақыру бойынша бізге келгендерге Қорғаныс министрлігі тарапынан берілетін жеңілдіктерді жан-жақты, егжей-тегжейлі түсіндірудеміз, – деген Ербол Мұратұлы азаматтарды шақыру рәсімін барынша ашық әрі тиімді ету мақсатында жаңадан «Smart әскери комиссариат» инновациялық жобасы іске қосылғанын да жеткізді.
– Жаңа жүйе мемлекеттік деректер базасымен интеграциялау үшін жасанды интеллектті пайдаланады. Бұл қылмыстық қудалауды, денсаулық жағдайын және отбасылық жағдайларды қоса алғанда кейінге қалдыру немесе босатудың барлық заңды негіздерін ескере отырып, шақыруларды азайтады, шақырылушылар мен жергілікті әскери басқару органдарының уақытын үнемдейді және бүкіл процесті анағұрлым ашық етеді. Әрі, әскерге шақырылушылар туралы ақпаратты автоматты түрде жаңартуға мүмкіндік береді, – дейді басқарма басшысы.
Сонымен бірге күзгі науқаннан бастап, медициналық тексеруден өту процесі де цифрлануда. Медициналық куәландыру DamuMed жүйесіндегі объективті деректер негізінде жүргізіледі, бұл ашықтықты қамтамасыз етеді және анықтамалармен айлашарғы жасауды болдырмайды. Жалпы азаматтық денсаулық сақтау жүйесімен интеграцияланудың арқасында әскери-дәрігерлік комиссиялардың дәрігерлері әскерге шақырылушының медициналық тарихына, оның учаскелік дәрігерлерге бағытталған өтініштері мен сапарларына, диагноздарына және диспансерлік есепке алу туралы деректеріне толық әрі объективті қол жеткізе алады.
Сонымен бірге ұялы байланыстың, оның ішінде «электрондық үкімет» веб-порталында тіркелген абоненттік нөмірі туралы мəліметтер болмаған жағдайда, шақыру қағазы қолма-қол жеткізіледі не тұрғылықты жері тіркелген мекенжай, уақытша тұратын жері немесе жұмыс орны бойынша пошта арқылы жіберіледі. Жергілікті əскери басқару органдарының уəкілетті адамдары, ұйым басшысы не пошта операторының курьері шақыру қағазын əскери қызметке шақырылуға жататын азаматқа оның қолын қойғыза отырып, жеке өзіне табыс етеді.
Айта кетейік, биыл күзгі әскерге шақыру 1 қыркүйектен басталған болатын. Науқан 31 желтоқсанға дейін жалғасады. Бұрын ол 1 қазанда басталатын.
Жұмаш ЖОЛБОЛДЫ