Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

Қара өлеңге қанат қаққан қарлығаш

0 232

«Балапан ұядан не көрсе, ұшқанда соны іледі», – дейді дана халқымыз. Бұл – баланың тұлға болып қалыптасуында отбасының рөлі айрықша екендігінің айқын дәлелі болса керек. Расында да, әке көріп оқ жонып, шеше көріп тон пішкен талай тарландар бар бұл қазақта.

Мысалға, атақты аңыз адам Асанәлі Әшімовтың баласы Сағи Әшімов әке жолын қуып, атақты «Шығыс жұлдызы» – Шоқан рөлімен ел жүрегінен енші алса, қазақты ғаламға танытып, күллі дүниені әнмен тербеген Димаш Құдайбергеннің әкесі мен анасы да ән өнерінен алыс емес екені баршаға мәлім.
Бұл қатарда ақсүйек өнеріміз – айтыстың жалауын келмеске кеткен кеңестік кезеңнен бастап, тұғырлы тәуелсіздік жылдарына дейін жықпай жеткізген арда ақындардың жолын жалғаған жыр жүйріктері де бар. Солардың бірі – ата дәстүрі мен асыл өнерді бойына сіңірген айтыскер Айтақын Бұлғақовтың ұлы, жыр жүйрігі Жандарбек Бұлғақов болса, енді бірі – сөз маржанын терген Қайыртай Ақылбековтың ұлы, бүгінде айтыс сахнасында дара тұлғасымен танылып жүрген Рүстем Қайыртайұлы. Әкелерінің жолын қуған қос ақынның табысы – ең алдымен отбасындағы тәрбиенің, ата-анадан дарыған өнегенің жемісі. Әке мектебі мен ана мейірімі тоғысқан ортадан шыққан бұл жандар бүгінде ұлттық өнердің өрісін кеңейтіп, рухани мұрамызды байытып жүрген ел мақтаныштары.
«Ат тұяғын тай басар» демекші, бүгінде бұл өнердің туын биік ұстап, ата дәстүрін жалғап келе жатқан жас буын өкілдері де аз емес. Солардың бірі – жыр әлемінде өзіндік өрнегімен көзге түсіп жүрген, Тараз қаласындағы №3 мектеп-лицейінің 11-сынып оқушысы Інжу Есетқызы.
Жастайынан жүрегіне ұлттық рух пен өнердің отын жағып өскен Інжу – отбасындағы өнегелі тәрбиенің жемісі. Әкесі – Есет Досалы сөз өнерін серік еткен айтыскер ақын, әрі Дидар Апбасов, Алина Айдаралы, Айсұлу Жүнісбек және Әсемай Сейдакбарова қатарлы республикалық айтыстарда жүлделі орындарға ие болып аймағымыздың атын асқақтатып жүрген ақындардың ұстазы.
Кейіпкеріміз Інжу Жаңабай 2009 жылдың 28 шілдесінде Тараз қаласында дүниеге келген. Алғашқы білімін 2014 жылы Шона Смаханұлы атындағы №44 орта мектептен бастап, 3-сыныптан кейін №3 мектеп-лицейге ауысады. Дәл осы жерде ақындық қадамын бастаған ол 4-сынып оқып жүрген кезінде алғаш рет қалалық оқушылар айтысына қатысып, суырылып алға шыққан жас өрен сол сәттен бастап сахнаға деген сенімін, айтысқа деген сүйіспеншілігін арттырды. Қалалық деңгейде топ жарған ол, кейін облыстық сайыстарда да бақ сынап, үздік нәтиже көрсетті. Ал 9-сыныптан бастап республикалық оқушылар айтысына қатысып, қарсыластарына дес бермей даралана бастады. Соңғы жылдары ол телевизиялық деңгейдегі айтыстарға да қатысып, елге танымал ақындармен тең дәрежеде сөз сайысына түсіп жүр.
Ұлттық өнерге құштар Інжу туралы сөз қозғалғанда, ұстазы әрі әкесі Есет Жаңабайұлының сахнада тұрып сөз таба алмай, көз жасына ерік берген кішкентай құлыншағының алғашқы қадамын сағынышпен еске алды.
– Төртінші сынып оқып жүрген кезінде қалалық оқушылар айтысына алғаш қатысты. Үстелге отырғанда аяғы жерге жетпейді. Үстелге көтеріп отырғыздық. Сол кезде 8 сыныптың баласымен айтысты. Інжудің қалалық айтысқа алғаш қатысқаны. Сахна төріне шыққанда толқып кетіп, бір сәт сөз таба алмай көзінен жас парлап еді. Көз жасы мен үшін әлсіздіктің емес, өнерге деген шынайы сүйіспеншіліктің, үлкен жауапкершіліктің белгісіндей көрінді. Байқауда қалалық білім бөлімінің әдіскері Гауһар Шерімқызы «Тіл көзден Алла сақтасын. Қызыңды түсіріп ал сахнадан. Биылға осы жетер. Келесі жылдан қатыстыр» деді. Тыңдадым. Жүгіріп барып қызды сахнадан түсіріп алдым. Інжу сонда жылап жіберді. Намыстанып жылады. Сол кезде «Алла өмірін ұзақ етсін, мынау қызымнан бірдеңе шығады екен» деп ойладым. Бұйырса осы Жамбыл жеріне «Күміс домбыра», «Алтын домбыра» айтыстарынан бас жүлде алып қуантады деген сенімім мол. Інжуді менің 20 жыл бойғы айтысқа бала дайындаған еңбегіме Алланың берген сыйы деп білемін, – деді әке жүрегі елжіреп.
Әке сөзіне қарап-ақ, Інжудің айтысқа келуі жай ғана қызығушылық емес, жанына сіңген өнерге деген махаббат пен рухани тәрбие екенін аңғаруға болады. Әке мен қыз арасындағы осы бір шығармашылық үндестік – қазақы отбасындағы рухани сабақтастықтың көрінісі.
Ал Інжудің аяулы анасы – Гүлжан Қаржаулова, қаладағы №32 балабақшаның үлгілі тәрбиешісі. Әкесі мен қызы айтыс сапарымен ел аралап жүрген сәттерде, олардың амандығын тілеп, шаңырақтың шаттығын сақтап отырған – осы асыл жар, ардақты ана Гүлжан ханым.
– Інжу кішкентайынан сабырлы, байсалды болып өсті. Әкесі – айтыс ақыны әрі ұстаз, сондықтан өнерге деген талпынысына ерекше назар аударып, әр қадамын бақылап отырды. Қызымыздың сахнаға шығуға деген ынтасы ерте оянды. Әр айтысқа дайындалған сәті – біздің үйдегі үлкен бір мереке секілді. Бір үйден екі адам – әкесі мен қызы – айтыс сапарына кетеді. Сол күндері жүрегіміз бірде толқып, бірде алаңдап отырады. Қызымның сахнада сөз сайысына түскенін елестетіп, тілеуін тілейміз. Ал жеңіспен оралған сәті – бүкіл еңбегіміздің өтеуі, ең үлкен қуанышымыз. Өзім де тіл маманымын, сондықтан кейде Інжумен мақал-мәтел, көркем тіркестер жайында ақылдасып отырамыз. Осындай сәттерде оның өнерге деген ықыласы мен ізденісін көріп, аналық жүрегім елжірейді. Қызыммен мақтанамын. Ол – біздің отбасының ғана емес, ұлт өнерінің де үміті деп сенемін, – деді Гүлжан Мақұлбекқызы ағынан жарылып.
Әрине отбасы – шағын мемлекет десек, сол мемлекеттің берік іргетасы – татулық пен сыйластық, ұрпақ тәрбиесі мен өзара құрмет екені сөзсіз. Інжудің ата-анасымен тілдескенімізде ойымызға қазақтың: «Баланың бас ұстазы – ата-ана» деген сөзі оралды. Ал ақын қыз ата-ананың тәрбиесі – өмірдің ең алғашқы мектебі деп санайды.
– Адамның мінез-құлқы, мәдениеті мен өмірге деген көзқарасы ең алдымен отбасындағы жылу мен тәрбиеге байланысты қалыптасады. Біздің үйдегі тәрбие мен тәртіп те өзгеше. Әкем мен анамның ашық-жарқын мінезі бізге де жұққан. Сондықтан болар, біз үйде көп әңгімелесеміз, бірге күліп, бірге ой бөлісіп, көңілімізді мазалаған нәрсені де, қуанышты сәттерімізді де еркін айтып, бөлісе аламыз. Үйде біз үш қызбыз. Әкеміз ешқашан дауыс көтеріп, ұрысқан емес. Қай мәселе болса да, сабырмен сөйлесіп, ақылмен шешеді. Ал анамыз әрдайым мейірім мен түсіністік танытады. Біздің отбасымыздың басты ұстанымы – сенім. Себебі ата-ананың балаға деген сенімі – тұлға болып қалыптасудың ең мықты іргетасы, – дейді жас айтысқар Інжу Есетқызы.
Жалпы баланың өнерлі болып өсуіне тек ата-ананың ғана емес, мектептің де алатын орны ерекше. Себебі мектеп – баланың бойындағы қабілетті танып, оны ұштайтын тәрбие мен білім ордасы. №3 мектеп-лицейі қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, әрі Інжудің жетекшісі Гүлжазира Макенованың айтуынша, шәкірті айтыс ақыны болуымен қатар, мектеп өмірінде де белсенді екен. Әрбір мәдени және тәрбиелік шараға қуана қатысып, өнерімен қатарластарына үлгі бола білген ол ұстаздары мен сыныптастарының сүйіспеншілігіне бөленіп жүр.
– Інжу – өз білім ордамыздың жарқын жұлдызы, мақтанышы. Ол сабаққа тиянақты, әр іске белсенділікпен кірісетін, жауапкершілігі жоғары оқушы. Әдебиет пен өнерге деген сүйіспеншілігі оның бойынан анық сезіледі. Соның айғағы – шәкіртіміздің республикалық оқушылар айтысында жүлдесіз қайтқан емес. Бұл жеңіс – Інжудің жеке талпынысы мен тынымсыз еңбегінің, сонымен қатар отбасындағы өнегелі тәрбие мен ата-анасының қолдауының нәтижесі, мектептен, ұстаздарынан алған білімінің жемісі. Айтыс өнері – суырыпсалмалықты, тапқырлық пен тіл байлығын, терең ой мен шешендік қабілетті талап ететін киелі өнер. Ал Інжудің бойында осының бәрі тоғысқан. Ол өз өнері арқылы мектебіміздің абыройын асқақтатып келеді. Мектеп директоры Мәулен Райқұлов және барша ұстаздар қауымы талантты шәкіртімізге сенім артамыз, – деп ақжарма тілегін білдіреді Гүлжазира Көбентайқызы.
Бүгінде айтыс өнерінің жас жұлдызы болып өсіп келе жатқан Інжу Жаңабай облыстық айтыскер ақындар, жыршы-термешілер орталығының «Ақберен» айтыс үйірмесінің қатысушысы.
– Әр ақынның жолы әр қилы. Бірі айтыс әлемінде ерте танылып, биік шыңдарды бағындырса, енді бірі лап етіп жанған жалындай бір көрініп, кейін көмескіленіп кетеді. Ал Інжу болса, айтысқа ерте келгенімен, асығыстыққа бой алдырған жоқ. Ол жан-жағын барлап, тәжірибе жинап, әр қадамын ойланып басты. 4-сыныптан бастаған айтыс сапарының жемісін ол 9-сыныпқа қарай қадам басқанда ғана көре бастады. Сол жылдар аралығында аға-әпкелерінен көп дүние үйреніп, оқушылар айтысында өз шеберлігін шыңдап, сахнадағы орнын сабырмен күтті. Өкінішке қарай кейбір жас ақындарға дәл осы сабыр мен төзім жетіспейді. Алғашқы айтысында жолы болмай қалса, «айтыс менікі емес екен» деп ренжіп, өнерден алыстап кететіндер де бар. Ал нағыз өнер адамы үшін жеңіс пен жеңіліс қатар жүретіні – өмірдің заңы. Біздің Інжу осыны ерте түсінді. 4-сыныптан бастап талай «таяқ жеп», сахна мектебінен өтті. Бірақ еш мойымады. Себебі оның артында әрқашан сенім мен жігер сыйлаған ұстаздары, ақындық болмысын түсінген әкесі тұрды. Бүгінде Інжу – 11-сынып оқушысы. Ол қатысқан әр айтыстан жүлдемен оралып, талантымен танылып жүр. Қазіргі таңда ол тек мектебінің ғана емес, айтыс үйірмесінің де, тіпті тұтас облыстың мақтанышына айналды. Бұл – бір әулеттің ғана емес, тұтас қоғам үшін мақтаныш. Өнер жолын жалғаған жас өрен – ата дәстүрінің, әке аманатының лайықты иесі, – дейді облыстық айтыскер ақындар, жыршы-термешілер орталығының ғылыми қызметкері, «Ақберен» үйірмесінің жетекшісі Дидар Апбасов.
Осылайша талантымен талайды тамсандырып, жас болса да жасындай жарқыраған тараздық өрен төл өнеріміздің туын биікке көтеріп келеді. Ол талай мәрте түрлі байқауларда топ жарып, жүлделі сахналардан көрінді. Айталық, «Жыр алыбы – Жамбыл» айтысының облыстық кезеңінде екі рет, «Ақберен» және «Қола домбыра» байқауларының облыстық кезеңінде бір реттен бас жүлде иегері атанған. Ал республикалық деңгейде өнер көрсетуді 9-сыныптан бастаған Інжу бүгінде тоғыз рет республикалық додаға қатысып, оның алтысында жеңіс биігінен көрінді.
Сонымен бірге өткен жылы республикалық «Жыр алыбы – Жамбыл» айтысында «Қайым» бағыты бойынша екінші жүлдеге ие болса, «Қола домбыра» айтысының республикалық кезеңінде арнайы жүлдені қанжығасына байлаған. Сондай-ақ Алматы қаласында өткен «Мен жастарға сенемін» атты республикалық айтыста жүлделі І орынды иеленіп, Әулиеата еліне маңдайы жарқырап оралған болатын.
Биылғы жыл Інжу Жаңабай үшін ерекше табысты жыл болды. Ол «Біржаннің інілері, Сараның сіңілілері» атты республикалық телеайтысқа, сондай-ақ Шымкент қаласында өткен «Күміс домбыра» республикалық айтысына қатысып, көрермен ықыласына бөленсе сәуір айында Қызылорда қаласында өткен оқушылар арасындағы «Көктем нұры» республикалық айтысында бас жүлдені иеленіп, Сыр өңірінен сүйінші хабармен оралса, мамыр айында Қаратау қаласында Ұлбике Жангелдіқызының 200 жылдығына арналған облыстық айтыста көрермен көзайымына айналды.
Ал 25–26 қыркүйек күндері Аспантау аясында өткен, әйгілі айтыскер Оразалы Досбосыновты еске алуға арналған республикалық оқушылар айтысында жүлделі үшінші орынды иеленіп, көптің қошеметіне бөленсе, жақында ғана Алматы облысы, Жамбыл ауданында өткен республикалық «Жыр алыбы – Жамбыл» айтысында бас жүлдені жеңіп, облыс мерейін үстем етті.
Ақсүйек өнердің айшықты әлемінде қанат қағып, биік белестерді бағындырып келе жатқан өлеңнің жас жұлдызы – Інжуге айтыс аламанында тұлпарыңның тұяғы сүрінбесін, шабыт пен жеңіс серігің болсын деп тілейміз!

Жұматай КӨКСУБАЙ

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.