Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

Жасанды интеллект ертегіге жан бітірді

0 337

«Jambyl» телеарнасы елімізде алғашқылардың бірі болып жасанды интеллект арқылы қазақ ертегілеріне негізделген мультфильмдер топтамасын әзірледі.

Осыған орай телеөнімнің жабық көрсетілімі өтіп, оған облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұржан Календеров, басқарма басшылары, БАҚ өкілдері, телеарна ұжымы және мектеп оқушылары қатысты.
Жасанды интеллект арқылы жасалған мультфильмдердің жалпы саны 12 болса, әрқайсысының ұзақтығы 20 минутты құрайды. Топтамаға «Қарлығаш пен дәуіт», «Ақылды шыбын мен жалқау аю», «Түлкі мен тырна» сияқты танымал қазақ ертегілері енгізілген.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында цифрландыру мен жасанды интеллектіні барлық салаға енгізудің маңыздылығын атап өткен болатын.
Осы міндеттерді басшылыққа ала отырып, «Қазақстан» республикалық телерадиокорпорациясының құрамындағы «Jambyl» телеарнасы 1 қарашадан бастап 36-шы маусымын бастайды. Елімізде алғаш рет жасанды интеллект көмегімен дайындалған бұл туындылардың көрерменге жол тартуына облыс әкімдігі қолдау көрсетті. Ал олардың дыбысталуына корпорация құрамындағы «Балапан» телеарнасы атсалысты, – дейді телеарна директоры Гүлбаршын Құланбаева.
Мультфильмдер топтамасы тек телеарна эфирінде ғана емес, сондай-ақ «Әжемнің әңгімесі» өңірлік жобасы аясында балабақша тәрбиеленушілеріне де ұсынылмақ.
Жаңа мультфильмдер оқушыларға ерекше әсер сыйлап, танымдық көкжиегін кеңейтті.

«JT»-ақпарат

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.