Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

Тараз – мен үшін…

0 441

Тараз – тарих пен тағылым, мәдениет пен өркениет тоғысқан қасиетті мекен. Биыл көне шаһарымыздың туған күні ерекше қуанышпен аталып өтілуде. Бұл күн – тек мерекелік шаралар мен көңілді концерттердің ғана емес, әр тараздықтың туған қаласына деген сүйіспеншілігін білдіретін, тарихына тағзым ететін ерекше сәт.
Қала күні – тек мерекелік дата емес, бұл – әр тұрғынның жүрегіндегі туған жерге деген ыстық ықыласының көрінісі. Себебі Тараз – әрбіріміз үшін тек картадағы нүкте ғана емес, өткеніміздің куәгері, бүгініміздің тірегі, болашағымыздың шамшырағы. Осы орайда біз қаланың қоғамдық өміріне белсенді атсалысып жүрген азаматтардың ойын білу мақсатында мерекелік сауалнама жүргізген едік. 

Күлаш ӘБДІКЕШОВА,
Тараз қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы:

– Тараз – тарихымыздың алтын діңгегі, түркілерге тұғыр болған бақ мекен. Қасиетті өлкеде Қазақ хандығының іргесі қаланғаны да шежірелі жылдар беттерінде сайрап жатыр. Бүгінде көне шаһар алыс-жақындағы ағайынның ат ізін салып тұратын киелі шаңырағына айналып келеді. Әсіресе, мұндағы туристік нысандар көрген жанды тамсандырмай қоймайды. Екі мың жылдан астам тарихи жолын басып өткен қала жылнамалар тізбегінде аты неше ауысып, құлдырау мен көркею кезеңін бастан өткізіп, бүгінгі ғасыр қойнауына келіп жетті. Бүгінде көне мен жаңаны байланыстыра білген ежелгі қала рухани орталыққа айналып отыр. Көне Тараздың ізі қайта жаңғырып келеді. Айша бибі мен Қарахан кесенелері, бабалар салған тас жолдар мен мешіттердің іздері өткеннің үнсіз ескерткіштері болса, заман талабына сай жаңғырған «Тектұрмас» кешені, қаладағы барлық аллеялар, жаңа орталықтар барлығы тұрғындар игілігі үшін жасалып жатқаны қуантады. Тараз – мен үшін тарих қойнауындағы жаңғырған өлке!

Рашид ПІРМАНОВ,
«ƏулиеатаТрансПасс» ЖШС-нің директоры:

– Тараз қаласы – облыс орталығы. Барлық аудандарға үлгі көрсететін шырайлы шаһар. Жыл сайын қала күнін атап өту қала тұрғындарына рухани күш, жандарына жігер береді. Тараз қаласы қазір өрлеудің жаңа жолына түсті. Соңғы жылдары «Көне Тараз», «Төрткүл», «Тектұрмас» тарихиэтномəдени кешендері жаңарып, өзге де мəдени нысандардың салынуы, «Зербұлақ» демалыс аймағының ашылуы тұрғындар үшін қуанышты жаңалық болды.
Қала бұрылыстарында қалтажолдар көбейіп, көшелердің кеңейе, көркейе түсуі шаһар дидарының шұғылалы ажарын аша түсуде. Биыл қаланың жер көлемі ұлғайып, шаһар іргесіндегі бірнеше елді мекен қалаға қосылып, қанатын кеңге жайып, мақсат-мəртебесі биіктей түсті. Əулиеата, Жібек жолы əкімшілік аудандары құрылып, бақылау мен басқарудың тиімді жаңа тəсілдері іске асырылуда. Қалалық мəдениет пен өнер, білім мен денсаулық,
өнеркəсіп пен спорт құрылымдары жаңаша серпін алуда. Жаңа Қазақстандағы жаңғыру жетістіктеріне қала жастары белсенді үлес қосуда. Жастық жігердің алмайтын асуы болмайды. Сондықтан Тараз – мен үшін жер бетіндегі жақұт қала.
Осы орайда барша қала жұртшылығын атаулы күнмен құттықтаймын! Туған жерімізді, тіршілігі қайнаған, гүлдері жайнаған қаламызды өркендете беру – əрқайсымыздың міндетіміз, болашақ жолындағы борышымыз.

Фариза КЕНЖЕБАЕВА,
Жамбыл облыстық айтыскер ақындар, жыршы-термешілер орталығы
«Қоғаммен байланыс және айтыс өнерін дамыту» бөлімінің меңгерушісі:

– Тараз қаласы – мен үшін табиғаты көркем, жасыл желекті, ашуына тисе, адуынды қылық танытатын мінезді шаһарлардың бірі. Бұл жердің ауасы да, аурасы да ерекше. Жанға жайлы тыныштық сыйлайтын, әрбір жүрекке мейірім дарытатын қасиеті де бар. Мұнда жүрген жан өз-өзін табатындай, ойға шомып, жүрек тыныштығын сезінетіндей күй кешеді. Тереңге кеткен ежелгі тарих пен бүгінгі заманның үйлесімін тапқан ерекше мекен. Бұл қалада әрбір тас, әрбір көше көне дәуірдің сырын шертіп тұрғандай. Ежелгі Талас бойынан бастау алған өркениет, «Ақыртас» пен «Айша бибі», «Қарахан» мен «Тектұрмас» сынды жәдігерлер бүгінгі ұрпаққа өнеге болып, тарихпен сабақтасып жатыр.
Көне Тараздың жүрегінде бүгінгі заманның жаңа тынысы соғып тұр. Қаланың әрбір жаңалығы, әрбір жаңарған көшесі, бой түзеген ғимараты – осы мекеннің гүлденуінің айғағы. Халқы қонақжай, бірлігі бекем, дәстүрге берік.
Тарихы терең Тараз қаласы – береке мен бейбітшіліктің алтын бесігі. Бұл шаһар – өткеніміздің айнасы, болашағымыздың шамшырағы. Осындай киелі қалада өмір сүру – үлкен мақтаныш!

Дайындаған Арайлым БАҚЫТЖАНҚЫЗЫ

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.