Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

Тіл  – елдігіміздің тұғыры

0 73

      Атырау қаласында өткен Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында Президент  Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде қазақ тіліне деген сұраныс жыл өткен сайын артып келе жатқанын баса айтты.

      Алқалы жиында Мемлекет басшысы қазір ірі кітап дүкендерінде қазақ тіліндегі туындылардың үлесі арта түскенін атап өтті.

   –   Соңғы кезде баспагерлердің жаңа буыны әлемдік бестселлерге айналған шығармаларды аударып жүр. Көптеген кітаптарды шығарып жатыр. Аударылған кітаптардың ішінде көркем әдебиет қана емес, іскерлік бағыттағы туындылар да көп. Мемлекеттік саясаттың мәні – осында. Ешкімді мәжбүрлемей, күнделікті өмірдегі қажеттілікті арттыру арқылы тіліміздің тұғырын нығайта береміз. Мемлекеттік тілге қатысты құр сөзден ештеңе шықпайды. Ең бастысы, нақты іс болуы керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

    Белгілі ғалым Ермұхамет Маралбектің айтуынша, қазақ тіліне шын жаны ашитын, мәртебесінің жоғары болуын көздейтін адам оған еңбек етеді, оның әлеуеті мен функциясын арттырады.

     – Қанша жерден заң қабылдасақ та, қазақ тілінің өзінің функциясы кеңеймеген және оның қоғамда атқаратын қызметі өз деңгейінде болмаған жағдайда бізге оң нәтиже бермейді. Сондықтан Президенттің ағартушылық бағыт деп отырғаны өте орынды. Ағартушылық бағыт деген тәрбие және гуманизммен байланысты. Бұл адамдар арасындағы береке-бірлікті, ынтымақты сақтау. Міне, Президент осыны көріп отыр. Енді осы бағыт арқылы дамысақ, қазақ тілінің болашағы жарқын болатыны сөзсіз, – дейді маман.

       Ғалымның сөзінше, философия ғылымы қоғамда, табиғатта, болмыста болып жатқан көптеген түйткілдердің шешімін табуға ықпал етеді, сондай-ақ тілдік мәселелерді шешуге де дұрыс жол көрсетеді.

     –  Біз дұрыс дүние ұсынбай, қазақ тілінің функционалды тіл ретінде қалыптастырып алмай, оны тоқпақтап, мәжбүрлеп қолданысқа енгізе алмаймыз. Ол ешқашан жақсы нәтиже бермейді. Егер біз тілді жақсы қалыптастырып, оны дамытып, байытып, оның басқа тілдерден артықшылығын әлдеқайда көтеріп, қолданысқа енгізсек, тіліміз, өзіміз, болашағымыз, мемлекетіміз үшін де оның нәтижесі жақсы болатын еді. Президент осы мәселе туралы айтып отыр. Сондықтан оны мәжбүрлеу емес, күнделікті өмірдегі қажеттілігін арттыру деп отырғаны осы. Мен мұны ерекше жылы қабылдадым, – дейді Е.Маралбек.

    Сонымен қатар ұлтты ұйыстырған құрылтайда Президент халықаралық «Қазақ тілі қоғамына» да ерекше тоқталды.

    –  Қазір Ұлттық құрылтайдың мүшесі Рауан Кенжеханұлы бастаған жаңа буын өкілдері ұйым тізгінін қолға алды. Мен қоғамның «Qazaq tili» эндаумент қорын құру туралы ұсынысын қолдадым. Осы жақсы бастаманы қолында қаржысы бар азаматтар жалғастырып әкетті. Тілімізге қамқорлық танытқан жандарға ерекше ризашылығымды білдіремін. Қалталы, жанашыр азаматтар қорды ұлғайтуға үлес қосады деп сенемін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

      Жиында Мемлекет басшысы қазақ тілін дамытамыз десек, қазіргі заманғы әдіс-тәсілдерді барынша тиімді пайдаланған дұрыс екенін баса айтты.

  –     Тек ақпараттық технологияның пайдалы жағын алып, зиянды жағынан сақ болған жөн. Ашығын айтсақ, интернетті талғамсыз пайдалану бала тәрбиесіне теріс ықпал етіп жатыр. Бұл – өкінішке қарай, ақиқат. Балалар түгілі, ата-аналар да әлеуметтік желідегі мағынасыз контентке тым әуес, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

        Тіл маманы Ермұхамет Маралбектің сөзінше, қазақ тілін дамытудың жаңа технологиялары мен жаңа әдістемелерін қолға алу үшін креативті ойы бар, көзі ашық, көкірегі ояу жастар, тәжірбиелі мамандар және соны тыңдай алатын адамдар керек. Сонда ғана қазақ тілінің көсегесі көгереді. Сонымен қатар, қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейтіп, сөйлеу деңгейіндегі тіл ғана етіп қоймай, оны ғылым тіліне айналдыру мәселесін бірінші орынға қою керек.

  –   Бізде тарихи терминология сияқты көптеген өзекті мәселелер бар. Тарихи тамырды қалпына келтіру, болашақты болжау арқылы бәрін біріктіре отырып, кез келген сұрақтың шешуін ғылыми деңгейде беру арқылы қазақ тілінің функционалды әлеуетін әлдеқайда жоғары деңгейге көтере аламыз. Президенттің жаңа әдіс-тәсіл дегеніне мен айрықша акцент жасағым келеді. Бұрынғы әлемдік державалар сияқты немесе бір әлемдік рухани қозғалыс сияқты біз қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейту жолынан қашуымыз керек. Себебі ол баяғы ескірген әдіс. Ол баяғы қоғамның форматында жасалған дүние. Қазір ХХІ ғасыр, бұл интелектуалды қоғам. Сондықтан соған сай әдіс-тәсілдер болу керек. Міне, Президент осыны айтып отыр. Өте дұрыс бастама деп ойлаймын. Жалпы біз Қазақстанның қазіргі жағдайына, ахуалына, ұлттық деңгейімізге сәйкес, мемлекеттік тілді жаңа әдістермен жаңа форматпен дамытуымыз керек. Ол үшін әрине нақты сөзден іске көшуіміз керек, – дейді ол.

      Ғалымның ойынша, қоғам немесе жеке бастамалар қазақ тілінің мәселесін толық шеше алмайды. Қазақ тілінің мәселесін толық шешу үшін мемлекеттік тілді дамытудың ұлттық жоспары керек.

 –      Қазақстандағы қазақ тілінің ахуалы қандай, бізге не жетпейді, болашақта қазақ тілін қалай елестетеміз, келешекте қазақ тіліне деген сұраныс қалай болады, соны көре алатын, анықтай алатын, идеясы бар жас мамандардан, үлкен ғалымдардан шоғырланған қоғам өкілдерінің басынан пісіп шыққан ұлттық жоспар керек. Ұлттық жоспар қоғам, әкімдік, облыс және мемлекеттік деңгейдегі бұлтартпас құжатымыз бен негізгі міндетіміз болуы тиіс. Сонда қазақ тілінің болашағын әлдеқайда жарқын ете алар едік. Қазақ тілінің мәртебесін алаңға шығып, өзгелерге реніш артып шеше алмаймыз. Президент айтқандай, нақты іске көшетін уақыт келді, – дейді Е.Маралбек.

    Ұлттық құрылтайда Президент сонымен қатар кітапхана ісін өркендетуге бей-жай қарауға болмайтынын атап өтті.

   –    Біз, ең алдымен, жастарды кітап оқуға баулуымыз керек. Сонда жаппай кітап оқитын ұлтқа айналамыз. Тәуелсіздік кезеңінде елімізде кітапхана ісі кенжелеп қалды. Тоқсаныншы жылдардағы аласапыран уақытта мыңдаған кітапхана жабылды. Миллиондаған кітап қорынан айырылдық. Соңғы жылдары жағдайды түзеу үшін әрекет жасалып жатыр. Кітапхана – мемлекеттің, ұлттың негізгі жады. Еліміз үшін құнды тарихи деректер мен материалдардың дені кітапханада сақталады. Сондықтан кітапхана ісін дамытуға бей-жай қарауға болмайды. Кітап оқырманға қолжетімді болуы керек,  – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

     Белгілі ақын Бақыт Беделханның сөзінше, кітапхана – құтхана. Ақын сол құтхананы  туралы өз ұсынысын білдірді.

   –  Ұлттық құрылтайда Президент өте дұрыс бастама көтеріп отыр. Алматы мен Астанадағы оқырман мәселесіне мән беру және кітапхананы құтханаға айналдыру – өте орынды және кезек күттірмейтін дүние. Бұл Алматы мен Астанаға ғана емес, барлық облыс орталықтарына осындай дүние болуы керек. Айта кетерлік, Алматыда 27-28 кітапхана бар. Оның өзі ұлттық идеологиялық негізде емес. Жамбыл атындағы қалалық жасөспірімдер кітапханасы мен С.Бегалин атындағы қалалық балалар кітапханасынан басқа не бар? Ұлттық кітапханамыздың өзінің аты жоқ, заты жоқ. Бұдан басқа қалада кітапханалардың көбінің де аты жоқ, тек нөмірмен белгіленген. Бұл дұрыс

емес деп ойлаймын. Кітапхана – ұлттық идеологияның негізі. Сондықтан әрқайсысына ақын-жазушылардың атын беріп, идеал тұлғаға айналдыруымыз керек, – дедйді Бақыт Беделхан.

     Ақын, драматург Президентіміз көтеріп отырған үлкен мәселені идеологияға айналдыру үшін әр кітапхананың аты идеал болатын тұлғаның есімімен аталуы тиіс деп санайды.

  –  Б.Соқпақбаев атындағы кітапхана, А.Байтұрсынұлы атындағы ұлттық кітапхана, Ыбырай Алтынсарин атындағы кітапхана деген сияқты біздің ұлы тұлғаларымызды тұғырына қондырып, ту қылып көтере білуіміз керек. Атақ-даңқ үшін емес, ұрпақ тәрбиелеу үшін қажет. Сол кезде оған жан бітеді. Жастар да мақтанышпен, үлкен жауапкершілікпен қарайды. Айта кетерлік, қазір заманауи форматта «МегаПро» дейді, электрондық жүйеге енуде үлкен шаруалар атқарылып жатыр. Соны 100 пайыз жүзеге асыруымыз керек. Заманауи деген затқа әлемдік, жаһандық үлгілерге баруымыз үшін өзіміздің ұлттық ұстанымымыз керек. Ұлттық идеологияға негізделетін нәрселер. Президентіміз «мемлекеттік идеология», «дәстүрлі идеология» деп қадап айтты. Бұл өте өзекті, дер кезінде көтірілген мәселе. Менің қосарым, кітапханаларға ұлылардың атын беріп, тұлғаларды идеал тұта отырып, ұрпақ тәрбиелейтін мектеп құру керек, – дейді ақын.

     Ақынның пікірінше, мектептерді газет-журналға жаздыру және кітапханаға тарту мәселесін күн тәртібіне қойып, оған үлкен талап қою керек.

    – Газет, журналға жазуды, кітапханаға баруды міндеттемеу керек деген нәрселер болды. Меніңше, міндеттеген дұрыс. Бауыржан Момышұлы атамыздың «Тәртіпке бағынған ел құл болмайды» деген сөзі бар. Басқа дүниеге талапты қатайту керек емес шығар, бірақ негізгі ұлттық руханиятқа, әсіресе кітап мәселесіне тәртіпті күшейту керек. Сол кезде ғана ұрпақ түзеледі, идеологиялық жүйе негіз болады. Осы мәселеге үлкен деңгейде мән беру керек, – дейді Б.Беделхан.

     Қорта айтқанда Ұлттық құрылтайда саланы жетілдіру үшін басқа да ауқымды шаралар қолға алынатыны айтылды. Алматыда кейбір кітапханалар заман талабына сай жаңғыртылды. Онда жастардың шығармашылықпен айналысып, білімін ұштауына толық мүмкіндік бар.

Жанна ЖОМАРТ,

журналист

 

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.