Қалалық қоғамдық-саяси газет

Мұртаза оқуларының мықтылары анықталмақ

0 475

Жуырда қазақтың халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Шерхан Мұртазаның шығармашылығына орай 9-11 сынып оқушылары арасында «Шерхан Мұртаза оқулары» ғылыми-шығармашылық байқауы өтті. Аталмыш байқауды облыс әкімдігі білім басқармасының «Жамбыл дарыны» аймақтық ғылыми-практикалық орталығы мен Ш. Мұртаза атындағы ХТИИ-ның «Шерхантану» ғылыми-зерттеу орталығы ұйымдастырған болатын. Байқаудың басты мақсаты – жазушының қайраткерлік тұлғасын өскелең ұрпаққа тереңнен танытып, ел руханиятындағы маңызын зерделеу, егемен еліміздің әдебиеті мен мәдениетіне үлес қосу. Оқушылар арасында жазушының шығармашылығын насихаттап, әдеби шығармаларды оқуға шақыру. Аудандық/ қалалық, облыстық кезеңнен өткен оқушылар алдағы уақытта республикалық деңгейде бақ сынайтын болады.
Заңғар жазушының шығармашылығына арналған байқауда оқушылар бес номинация бойынша қатысты. «Жүрекке жол тапқан жұлдыз көпір» аталымында оқушылар жазушының шығармалары аясында берілген теориялық сұрақтар мен үзінділерге әдеби, тілдік талдау жұмыстарын орындады. «Рух пен намыс төресі» аталымында қатысушылар жазушының публицистикалық толғамдарындағы қайраткерлік тұлғасын айқындайтын үзінділерді жатқа мәнерлеп оқыды. Ал «Зау тұлға» аталымында оқушылардың арнау өлеңдері бағаланды. Сондай-ақ, «Жұлдызы нұрлы суреткер» аталымында балалар жазушы шығармаларынан иллюстрациялық суреттер салды. Бесінші – «Ш.Мұртаза мұрасы» аталымында оқушылар зерттеу жұмыстарын (ғылыми жоба) қорғады. Зерттеу жұмысында тұлғаның прозалық, публицистикалық дүниелері, драмалық шығармалары, философиялық тұжырымдары, ана тіл, ұлттық тарих, ұлттық құндылықтарына байланысты (оқушының таңдауына байланысты) ойлары терең талданып, өзіндік пікірі мен жаңалығы көрініс табу керек.
Әр аталым бойынша бақ сынап, сыннан мүдірмей өткен қатысушылар Жамбыл облысы әкімдігі білім басқармасының I, II, III дәрежелі дипломдарымен марапатталып, бағалы сыйлықтар табысталды. Сондай-ақ, Ш.Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз инновациялық институтында гранттық негізде оқуға мүмкіндік алады.
Облыстық байқаудың қорытындысы бойынша Тараз қаласы «Озат» ЖШС оқушысы Әнел Жамалбек I орынды жеңіп алды. Б.Момышұлы атындағы № 45 қазақ классикалиқ гимназиясының оқушысы Шырайлым Берікқызы мен Мойынқұм ауданындағы Т. Рысқұлов атындағы тірек мектебінің оқушысы Наргиза Жақсылыққызы II орынды иеленді. Ал Дарынды балаларға арналған мамандандырылған лицей оқушысы Назерке Әбілмәжі, Шу ауданы, М. Мақатаев атындағы тірек орта мектебінің оқушысы Айару Құралтай және Т. Рысқұлов ауданы Ә. Бөкейханов атындағы орта мектеп оқушысы Димаш Бисембай мен Жуалы ауданы Мәлік Ғабдуллин атындағы №18 орта мектеп оқушысы Иманғали Әбді III орыннан көрінді.
Иә, бұндай байқаулар оқушыларды талпындырып, әдеби кітаптарды оқуға баулиды. Өздеріңіз білетіндей «Жамбыл дарыны» аймақтық ғылыми-практикалық орталығы осы сынды байқауларды жиі өткізіп тұрады. Әрбір қатысушы халқымыздың заңғар тұлғаларын терең зерттеп, шығармашылығына бойлап, рухани азық жинады деп сенеміз. Осы бағыттағы байқаулар, іс-шаралар арқылы біз жастарымыздың бойына ұлтына деген сүйіспеншілік, мақтаныш сезімін ұялатып, ана тілімізге, мәдениетіміз бен руханиятымызға деген құрметін арттырамыз. Ұлтының ұлы тұлғаларының шығармашылығын оқып, біліп, зерттеген ұрпақ білімді, дарынды болып қана қоймай, өз тарихи тамырынан ажырамайды. Тіліне, мәдениетіне, дәстүріне деген құрметі арта түседі.
Шерхан Мұртазаның шығармашылығына арналған бұл байқауға қатысып, бақ сынаймын деген оқушыларымыздың қатары қалың болды. Талабы таудай жастар байқаудың шарттарын орындап, жазушы мұрасын терең зерттеуге тырысып бақты. Аудан, қала, облыстық кезеңнен үздік атанған қатысушыларымыз енді өз өнерлерін республикалық деңгейде көрсетпек.
Дарынды оқушыларды қолдауды мақсат еткен орталығымыз алдағы уақытта да түрлі байқаулар, іс-шаралар ұйымдастырады.

Жанар Исабекова, Жамбыл облысы әкімдігі
білім басқармасының «Жамбыл дарыны»
аймақтық ғылыми-практикалық орталығының әдіскері

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.