Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

«90-шы жылдардағы Таразды еске алу қиын»

Бүгінгі тыныштық пен қауіпсіздікті бағалай білейік!

0 68

Қала тыныштығы – тәртіп сақшыларының тынымсыз еңбегінің жемісі. Қоғамдық қауіпсіздік – кез келген өңірдің тұрақты дамуының негізі. Осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстар, қылмыстың алдын алу шаралары мен тәртіп сақшыларының күнделікті тынысы туралы «Сәрсенбідегі сұхбат» айдары аясында Тараз қаласы Полиция басқармасының бастығы, полиция полковнигі Ардақ Мадимаровтан білген едік.


– Ардақ Тілегенұлы, Тараз қаласы Полиция басқармасының бастығы қызметіне тағайындалғаннан бері қандай негізгі басымдықтарға көңіл бөліп келесіз?
– Бұл қызметке мен үшінші рет тағайындалып отырмын. Қай қызметке келсең де, ең әуелі, халықтың амандығы мен елдің тыныштығы үшін жауапкершілік жүгін сезінесің. Тараз қаласы Полиция басқармасының бастығы қызметіне тағайындалған сәттен бастап мен үшін негізгі басымдық – қоғамдық қауіпсіздікті жүйелі түрде нығайту, полиция жұмысына деген тұрғындардың сенімін арттыру болды.
Біріншіден, қылмыстың алдын алу – басты бағыт. Қандай да бір құқық бұзушылықтың салдарымен күрескеннен гөрі, оның алдын алған әлдеқайда тиімді. Сондықтан учаскелік инспекторлардың жұмысын күшейтіп, тұрғындармен тікелей байланысты арттыруға баса мән бердік. Әрбір аулада, әрбір шағынауданда тәртіп сақшыларының қолжетімді әрі ашық болуы – қауіпсіздіктің негізі.
Екіншіден, жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу мәселесін назарда ұстап келеміз. Мектеп, ата-ана, жергілікті қауымдастықтармен тығыз жұмыс жүргізу арқылы жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға, оларды заңға құрметпен қарауға тәрбиелеуге күш салудамыз. Себебі бүгінгі жас – ертеңгі қоғам тірегі.
Үшіншіден, заманауи технологияларды енгізу арқылы полиция қызметінің тиімділігін арттыруды көздедік. Бейнебақылау жүйелерін жетілдіру, цифрлық форматтағы бақылау мен талдау құралдарын пайдалану жедел әрекет етуге мүмкіндік береді. Уақыт талабына сай болу – бүгінгі құқық қорғау органдары үшін міндет.
Сонымен қатар қызметкерлердің кәсіби даярлығы мен тәртіп мәдениетін көтеру де назардан тыс қалған жоқ. Әрбір полицей тек заң талаптарын орындаушы ғана емес, халықпен қарым-қатынаста сыпайы, ашық, әділ болуға тиіс. Біз үшін тәртіп – тек көшеде емес, ең алдымен, өз қатарымыздан басталуы керек. Біздің басты ұстанымымыз – «Қауіпсіз қала – ортақ жауапкершілік». Полиция мен қоғам бірлесе әрекет еткенде ғана нақты нәтижеге қол жеткіземіз. Біздің мақсат – Таразды тұрғындары өздерін еркін әрі сенімді сезінетін бейбіт қала ретінде дамыту.
– Қаладағы криминогендік ахуалға қазіргі таңда қандай баға бересіз?
– Криминогендік ахуал – бұл тек сандар мен статистика ғана емес, ол – қала тұрғындарының күнделікті көңіл күйі, көшедегі қауіпсіздік сезімі, ата-ананың баласын алаңсыз сыртқа шығара алуы. Осы тұрғыдан алғанда Тараз қаласындағы қазіргі жағдайды тұрақты әрі бақылауда деп бағалаймын.
Ағымдағы жылдың бірінші айындағы Тараз қаласы Полиция басқармасының жедел-қызметтік қызметі туралы сөз қозғасақ, есепті кезеңде қылмыстық құқық бұзушылықтар мен теріс қылықтарды жалпы тіркеу 16,6 пайызға төмендеп, 235-тен 196 фактіге дейін қысқарды. Бұл – қалада құқық бұзушылық деңгейінің азаюының нақты көрінісі. 2026 жылы қылмыс барлық дерлік санаттар бойынша төмендегені байқалды. Аса ауыр қылмыстар бойынша көрсеткіш 50 пайызға төмендеп, маңызды қауіп-қатерлі оқиғалардың жартысы қысқарғанын көрсетті. Ауыр қылмыстар 34,8 пайызға азайып, 92-ден 60-қа дейін қысқарды. Бұл полицияның жедел-қызметтік әрекеттерінің тиімділігін айқын көрсетеді. Онша ауыр емес қылмыстар да назардан тыс қалмай, 22,9 пайызға төмендеп, 35-тен 27-ге дейін азайды. Бұл деректер – тек статистикалық сандар ғана емес, Тараз қаласында қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін жүргізіліп жатқан жүйелі жұмыстардың нәтижесі. Полиция қызметі тұрғындардың құқықтық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған шараларды жүйелі түрде іске асырып, алдын алу жұмыстарына ерекше көңіл бөлуде. Бұл оң динамика – қала тұрғындарының өздерін қорғалған әрі сенімді сезінуіне мүмкіндік беретін маңызды көрсеткіш.
Жүргізілген жүйелі профилактикалық жұмыстар мен нақты бағытталған жедел шаралардың нәтижесінде бірқатар маңызды көрсеткіштер бойынша оң динамика қалыптасты. Құқық бұзушылық туралы тіркелетін хабарламалар мен оқиғалар саны едәуір азайды. Яғни, алдын алу шараларының тиімділігі артып, ұсақ құқық бұзушылықтар мен қылмыстық сипаттағы оқиғалардың жолы кесіліп отыр. Мұндай нәтижеге учаскелік инспекторлардың күшейтілген жұмысы, рейдтік іс-шаралар, сондай-ақ тұрғындармен тығыз кері байланыстың арқасында қол жеткізілді.
Сонымен қатар сотқа дейінгі тіркелген қылмыстар саны 39-ға азайып, 235-тен 196-ға дейін төмендеді. Бұл көрсеткіш сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бір-ыңғай тізілімінде тіркелетін қылмыстық құқық бұзушылықтар санының азайғанын көрсетеді. Яғни, тіркелген нақты қылмыстардың өзі қысқарып отыр деген сөз. Бұл – тек статистикалық өзгеріс емес, қаладағы криминогендік ахуалдың тұрақталып келе жатқанының айғағы. Әсіресе, мүліктік қылмыстардың, алаяқтық деректерінің, қоғамдық орындардағы құқық бұзушылықтардың алдын алу бағытында қабылданған шаралар өз нәтижесін беруде. Бейнебақылау жүйелерінің кеңеюі, патрульдік полиция жұмысының жандана түсуі, сондай-ақ талдау негізінде «қауіпті аймақтарды» нақты бақылауға алу қылмыс деңгейін төмендетуге ықпал етті.
Әрине, қоғам болған жерде құқық бұзушылық мүлде болмайды деп айту шындыққа жанаспайды. Алайда соңғы кезеңде алдын алу шараларының жүйелі түрде күшейтілуі нәтижесінде бірқатар қылмыс түрлері бойынша төмендеу байқалады. Бұл – ең алдымен, полиция қызметкерлерінің күнделікті еңбегі мен тұрғындардың құқықтық санасының артуының жемісі. Мәселен, «102» басқару пультіне келіп түскен шақыртулар саны 246-ға, тіркелген қылмыстар саны 39-ға азайды. 2026 жылы Жамбыл облысы бойынша жиынтық мәліметке 147 қылмыс енгізілсе, оның 101-і жедел ашылды.
– Құқық бұзушылықтың қай түрлері жиі тіркеледі?
– Соңғы жылдардағы жүйелі жұмыстар мен алдын алу шараларының арқасында Тараз қаласындағы қылмыстарды ашу көрсеткіштері айтарлықтай жақсарды. Мысалы, барлық қылмыстар бойынша ашылу деңгейі 47,2 пайыздан 64,5 пайызға дейін өсті. Ауыр қылмыстар 45,5 пайыздан 69,4 пайызға көтерілді, ал аса ауыр қылмыстар толық 100 пайызға ашылды. Орташа ауырлықтағы қылмыстар 51,5 пайыздан 55,6 пайызға, онша ауыр емес қылмыстар 40 пайыздан 51,7 пайызға дейін артты. Дегенмен, кейбір қылмыс түрлері бойынша өсім байқалды. Ауыр дене жарақатын келтіру деректері 3-тен 9-ға дейін көбейді. Бірақ бұл қылмыс- тардың бәрі ашылып, 100 пайызы тергелді. Көбі – тұрғын үйлер мен жеке үй-жайларда жасалған қылмыстар.
Алаяқтық, әсіресе, интернет- алаяқтық мәселесі әлі де өзекті. Ашылмаған 46 қылмыстық деректің 37-сі – интернет-алаяқтық. Әрбір қылмыс тіркелген сәттен бастап заңда белгіленген мерзімді күтпей, мүмкіндігінше қысқа уақытта тергеліп, сотқа жолданады. Бұл тәсіл тек қана ашылу көрсеткішін арттырып қоймай, тұрғындардың өз қаласында қауіпсіз әрі қорғалғанын сезінуіне мүмкіндік береді.
– Жасөспірімдер қылмысының алдын алу бойынша қандай жұмыстар атқарылып жатыр?
– Жасөспірімдер қылмысының алдын алу – қазіргі уақытта Тараз қаласындағы Полиция басқармасының басты басымдықтарының бірі. 2026 жылды Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрі «Балалар жылы» деп жариялап, балалардың құқықтары мен қауіпсіздігін қорғауды басты бағыт ретінде белгіледі. Осы бастама аясында кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу бойынша кешенді және жүйелі шаралар қолға алынды.
Қала бойынша профилактикалық есепте қазіргі таңда 50 жасөспірім және 15 қолайсыз отбасы анықталған. Сонымен қатар білім беру ұйымдарында 25 «бейресми көшбасшы» тіркелді. Бұл санаттағы балалармен жұмыс істеу үшін полиция білім беру органдарымен, прокуратурамен және кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі комиссиямен бірлесе отырып, 123 профилактикалық іс-шара өткізді. Олардың ішінде «Түнгі қаладағы балалар», «Мектеп ауласы», «Жасөспірім» сияқты рейдтік акциялар ұйымдастырылып, балалардың түнгі уақытта заңды өкілінсіз жүрген жағдайлары тексерілді. Нәтижесінде 396 кәмелетке толмаған анықталып, 303 ата-ана әкімшілік жауапкершілікке тартылды, 9 жасөспірім оңалту орталығына жолданды.
Қаладағы 92 мектеп толықтай бейнебақылау жүйесімен, дабыл түймелерімен, турникеттермен және тәулік бойғы күзетпен қамтылған. Оның ішінде 87 қалалық мектептің камералары тікелей Жедел басқару орталығына қосылған. Алайда қалаға кірген Жамбыл және Байзақ аудандарының кейбір мектептері әзірге орталыққа қосылмаған.
Сонымен қатар полиция бастамасымен қала мектептерінде күн сайын ювеналдық полиция бөлімі, криминалдық полиция бөлімі және учаскелік полиция бөлімі қызметкерлерінің қатысуымен 15 минуттық тәрбиелік сабақтар өткізіледі. Бұл сабақтар құқық бұзушылықтың, буллингтің, бопсалаудың, жол қозғалысы ережелерін бұзудың алдын алуға бағытталған.
Құқық қорғау органдары мен білім беру жүйесі бірлесіп, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, проблемалы отбасыларға қолдау көрсетуге және жасөспірімдерді оңалтуға күш салып келеді.
– Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу шаралары туралы айтып өтсеңіз…
– Тараз қаласында отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу – полиция жұмысының маңызды бағыты. Қалада есепте тұрған тұлғалармен күнделікті профилактикалық жұмыс жүргізіліп, олардың мінез-құлқы бақылауда ұсталады. Профилактикалық есепте тұрған 112 тұлға үшін жергілікті атқарушы органдардың өкілдері, соның ішінде тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселелері жөніндегі дағдарыс орталығы, отбасыны қолдау орталығы, Қазақстан халқы Ассамблея- сы, сондай-ақ Тараз қаласы прокуратурасының өкілі қатысуымен жүйелі кездесулер ұйымдастырылды.
ҚР Ішкі істер министрлігінің ақпараттық дерекқорында қазіргі уақытта профилактикалық есепте 2 965 тұлға тіркелген. Оның 1 272-сі – 2025 жылы, ал 136-сы – есепті кезеңде қосылған. Күнделікті жүргізілген профилактикалық шаралардың нәтижесінде есептегі тұлғалардың аз бөлігі ғана басқа облыстарға тұрақты тұруға кеткен. Жыл басынан бері атқарылған жұмыстарға шартты түрде мерзімінен бұрын босатылған тұлғаларды кері қайтару мәселесі бойынша сотқа 2 материал жолданды, «В» тармағы бойынша әкімшілік қадағалау белгілеу үшін 4 материал дайындалды, алкоголизмге байланысты мәжбүрлі медициналық шара қолдану үшін 1 материал жолданды, профилактикалық есепке 129 тұлға қойылды. Сонымен қатар қала аумағында «Есептегі элемент» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілді. Оған 1 418 есептегі тұлға тексеріліп, 28 құқық бұзушылық анықталды, қосымша 82 адам арнайы есепке алынды. Есепті кезеңде дағдарыс орталығында қиын өмірлік жағдайға тап болған 6 әйел және 19 балаға қажетті көмек көрсетілді. Сонымен қатар 89 адам Тараз қалалық Отбасын қолдау орталығына жолданды.
– Жол-көлік оқиғаларын азайту үшін қандай шаралар қабылдануда?
– Ағымдағы жылдың қаңтар айында қалада 48 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, бұл көрсеткіш 2025 жылғы 50 оқиғамен салыстырғанда 4 пай- ызға төмендеді. Қаза болғандар жоқ, ал жарақат алғандардың саны 56-ға жетіп, 17,6 пайызға азайды.
Жаяу жүргіншілерге қатысты Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодекстің 615-бабы бойынша 2026 жылы 3 286 құқық бұзушылық анықталды. Бұл бақылаудың күшейгенін көрсетеді. Кәмелетке толмағандардың қатысуымен болған жол-көлік оқиғалары да азайып, 2026 жылы 11 оқиға тіркелді. Төмендеу 38,9 пайызды құрады. Қаза тапқан балалар жоқ, ал жарақат алған балалар саны 11-ге азайып, 52,2 пайызға төмендеді.
Жол-көлік оқиғалары көбіне 16-18 жас аралығындағы жасөспірімдердің скутер басқаруымен байланысты. Есепті кезеңде 6 скутер айыптұраққа қойылды. Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін келесі шаралар қабылданды. 2026 жылы 225 құқық бұзушылық анықталып, бұл 2025 жылғы 204 дерекпен салыс- тырғанда өсуін көрсетеді. Алкогольдік мас күйінде көлік басқарған жүргізушілерге қатысты 77 құқық бұзушылық тіркелді, бірақ мас жүргізушілердің кінәсінен апат болған жоқ. Жол-көлік оқиғалары көбіне қарбалас уақытта – 12:00-14:00 және 16:00-20:00 сағаттар аралығында, сондай-ақ жұмыс күндері болады. Негізгі себеп – көше-жол желісінің шамадан тыс жүктелуі және өткізу қабілетінің жеткіліксіздігі.
Қаладағы жол қауіпсіздігін арттыруға бағытталған бұл шаралар патрульдік полиция қызметкерлерінің тұрақты бақылауы, балалар мен жасөспірімдердің қауіпсіздігін қорғау, сондай-ақ мас жүргізушілер мен заңсыз көлік басқарушыларға қарсы алдын алу шараларын қамтиды. Нәтижесінде жарақат алғандар мен қаза болғандардың саны айтарлықтай төмендеді.
– Бұрындары полиция қызметкері болуды әрбір бала армандаушы еді. Бүгінде сіздердің қатарларыңыз қалай толығып жатыр? Жалпы, өзіңіз бұл салаға қалай келдіңіз?
– Бүгінде біздің қатарларымыз жас әрі белсенді мамандармен толығуда. Жастар тек құқықтық білімін меңгеріп қана қоймай, заманауи технологияларды пайдалану қабілеті мен қоғамдық тәртіпке жауапкершілігін күшейтуде. Бұл – полиция қызметін сапалы әрі тиімді етуге мүмкіндік береді.
Мен өзім осы салаға бала кезімнен арман қуып келдім. Әкем де осы саланың майталманы. 1997 жылы Ішкі істер министрлігінің Алматы академиясын аяқтап, Ішкі істер органдарында еңбек жолымды жедел уәкіл қызметінен бастадым. Уақыт өте келе бірнеше басшылық лауазымдарда жұмыс істедім. Жаңа қызметке дейін Жамбыл ауданы полиция бөлімінің бастығы лауазымында қызмет атқардым. Ең қызығы, шаһардың полиция басқармасына үшінші рет басшы болып келдім.
Қазіргі таңда полиция қатарындағы әр қызметкер өз ісін тек міндет ретінде емес, қоғамға қызмет ету мүмкіндігі ретінде қабылдайды. Біз жас мамандарға кәсіби даму мен тәжірибе жинауға қолдау көрсетеміз, өйткені болашақ – тәжірибелі, белсенді және жауапты қызметкерлерге тәуелді.
Қаладағы құқықтық тәрбие мен жасөспірімдердің құқықтық мәдениетін арттыру бағытында маңызды бастамалар қолға алынуда. ҚР Ішкі істер министрлігінің №680 бұйрығына сәйкес, Тараз қаласындағы 14 мектепте «Жас сақшы» полиция сыныптары ашылып, қазіргі таңда 268 оқушы білім алуда. Бұл сыныптардың басты мақсаты – жас ұрпақты құқықтық сауаттандыру, заңға құрметті қалыптастыру және полиция қызметінің жұмысы туралы түсінік беру. Оқушылар тек теориялық біліммен шектелмей, түрлі практикалық сабақтар мен құқықтық тренингтерге қатысады, сондай-ақ қоғамдық тәртіпке жауапкершілік сезімін арттыруға бағытталған шараларға тартылып отыр. Алдағы уақытта мұндай сыныптарды кезең-кезеңімен барлық мектептерде ашу жоспарланып отыр. Бұл – Тараздағы жасөспірімдерге құқықтық тәрбие мен қауіпсіздік мәдениетін қалыптастырудағы жүйелі және ұзақ мерзімді қадам. Алдағы уақытта осы «Жас сақшылардың» түлектері біздің қатарымызды толықтырады деп сенемін.
– Сіздің ең алғашқы қылмыскермен бетпе-бет келген кезіңіз есіңізде ме? Қандай қылмысты аштыңыз? Өзіңіз әке жолымен келе жатырмын дедіңіз. Сіздің жолыңызды қуған балаларыңыз бар ма?
– Ең алғашқы қылмыскермен бетпе-бет кездесуімді ешқашан ұмытпаймын. Ол оқиға мен үшін үлкен сынақ та, тәжірибе де болды. Қаладағы «Тайвань» аталатын аумақта егде жастағы қарт ананың өліміне қатысты қылмыстық іс бойынша тергеу жүргіздім. Қылмыстық әрекет алдын ала жоспарланған шабуыл нәтижесінде адам өмірін қиюға апарған. Қылмыскер тергеу мен дәлелдемелердің арқасында 25 жылға бас бостандығынан айырылды. Бұл қылмысты ашу мен үшін тек кәсіби жетістік қана емес, адам өмірінің құндылығын терең түсінген сәт болды. Сол кезден бастап менің полиция қызметіне деген адалдығым артып, қоғамның қауіпсіздігін қамтамасыз етуге деген жауапкершілігім одан әрі күшейді.
Бүгінде ұлым менің жолымды қуып, құқық саласында қызмет атқарып жатса, қызым болашақта адвокат болуды армандайды. Әрине, «менің ізімді басыңдар» деп айт-
қан емеспін. Бірақ «Бала ұядан не көрсе, ұшқанда соны іледі» деген осындайда айтылса керек. Отбасыдағы құқық пен әділетке деген құрмет – біз үшін тек сөз емес, өмірлік ұстанымға айналды.
– Қала тұрғындарына айтар тілегіңіз немесе үндеуіңіз бар ма?
– Біз 90-шы жылдары бүгінгідей тыныш, мамыражай күндерді армандадық. Ол уақытта Тараз қаласы қауіп-қатері көп, криминалды қала болатын. Тіпті, есіктің алдына көлікті қою да қауіпті еді. Әр күн жұмысқа келгенде қылмыс тіркелмесе, ұрлық болмаса екен деп тілейтінбіз. Ол кезең қаншалықты қиын болса, соншалықты тәжірибе жинау-
ға, шыдамдылық пен төзімділікті арттыруға үйреткен кезең болды. Бүгінде жағдай түбегейлі өзгерді. Қаладағы қылмыстық ахуал айтарлықтай жақсарып, криминалдық деңгей төмендеді. Біз бейнебақылау, жедел қызмет, профилактикалық рейдтер сияқты кешенді шараларды енгіздік. Тұрғындар енді өз үйлерінде, көшеде, мектепте қауіпсіздікті сезінеді. Шаһар бұрынғыдай «криминалды қала» емес. Сол қиын кезеңдерде армандағанымыз бүгінгі жетістіктерімізге жетуге мүмкіндік берді. Қазір әрбір қызметкер, әрбір тұрғын бірлесіп, Таразды нағыз қауіпсіз, тыныш қалаға айналдырып жатыр.
Қала тұрғындарына айтарым – әрқайсымыздың қауіпсіздікке қосар үлесіміз бар. Полиция тек қылмыс- ты ашумен ғана емес, алдын алумен де айналысады, бірақ ең бастысы – тұрғындардың өз қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарауы. Әрбір азамат заңға құрметпен қарап, құқық бұзушылыққа жол бермесе, қала барлығымыз үшін қауіпсіз әрі тыныш орынға айналады.
Тұрғындардан өтінерім – кез келген күмәнді жағдайды, құқық бұзушылықты дереу хабарлау, балалар мен жасөспірімдерге құқықтық тәрбие беруге көңіл бөлу және отбасы мен көршілер арасындағы үйлесімділік пен жауапкершілікті сақтау қажет. Біз бірлесіп әрекет етсек, Тараз қаласы әрқашан қауіпсіз, тәртіпті және жайлы қала болады. Мен әрбір тұрғынды полиция қызметкерлерімен бірге қоғамдағы қауіпсіздікті сақтауға ат салысуға шақырамын. Біз сіздердің сенімдеріңізге лайық болуға әрдайым дайынбыз.
– Сұхбатыңызға рақмет! Полиция жұмысына табыс, батылдық пен төзімділік тілейміз. Қала тұрғындарының қауіпсіздігі мен тыныштығын сақтау жолындағы еңбегіңіз әрдайым жемісті болсын!

Сұхбаттасқан Арайлым ШАБДЕНОВА

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.