Қалалық қоғамдық-саяси газет

82 жастағы әйгілі әнші далада қалғанын айтты (Видео)

0 597

82 жастағы алматылық қария Амангелді Шыңғысов бүгінде мегаполистегі вокзал маңы мен хостелдерді жағалап, күн кешуде. 40 жыл тұрған үш бөлмелі пәтеріндегі ұлы мен келініне сыймадым деген қарт әке «дала қаңғып жүруге мәжбүр» болғанын айтады. Кезінде атағы жер жаратын «Гүлдер» ансамблінің солисі болып, білдей бір филармонияда қызмет жасаған қария бүгінде барар жер, басар тау таппай көшеде қаңғып жүр. Бұл туралы «Алматы» телеарнасының «Шешімі бар» бағдарламасыда айтты.

82 жастағы Амангелді Шыңғысовтың айтуынша, ол 33 жастағы ұлы мен келініне сыймай, үйден кетуге мәжбүр болыпты. Содан бері ол қала вокзалдарындағы ақылы жатын орындарда түнеп, хостел жағалап жүр. Киген киімі ұқыпты, мәдениетті, сөзі түзу ақсақалдың вокзал маңында әлдебіреулерден көмек сұрап тұрғанын көрген Шыңғыс Байсеріков есімді азамат оған назар аударып, мән-жайды біліпті. Айтуынша, ол қарттың бойынан ішімдікке құмар, үй-күйсіз адамдарға тән ешбір белгі байқамаған. Сол себепті қарттың сөзіне сеніп, оған барынша көмек қолын созып, хостелдердің біріне орналастырыпты. Амангелді қарттың сөзіне сенсек, оның қазіргі үш бөлмелі пәтерінде ұлы мен келіні тұрады. Алайда ол «келінім босағаны аттаған күннен бастап-ақ мені жақтырмады», деп мәлімдеп отыр.

«Ұлым келінімнің сөзіне еріп, осылай жасап отыр. Маған көп нәрсенің керегі жоқ, бір бөлме берсе болды, менде қанша жыл өмір қалды?», — дейді ол.

Ал Амангелді ақсақалдың ұлы болса, оны ішімдікке құмар жан ретінде сипаттайды.

«Онымен қарым-қатынасымыз дұрыс емес. Ішімдікке құмар. Барлық туыстарымыз осыны айта алады. Есімді білгелі бері ішіп келе жатыр. Үйленгенге дейін де. Тәуліктеп далада жүретінмін. Ол ұйықтап қалған кезде үйге келіп, түнейтінмін», — деп қысқа қайырды ол журналистерге.

Ақсақалдың өзі ұлының мәлімдемесі шындыққа жанаспайтынын айтады. Ол жұбайы қайтыс болған үйде баласы екеуі жалғыз тұрғанын жеткізді. Сондай-ақ, ол ұлыммен қарым-қатынас «балам үйленгеннен кейін бұзылды» дегенді алға тартты. Бүгінде хостел жағалап жүрген қарияның зейнетақысы 117 мың теңге. Зейнетақысының арқасында оның хостелдерде түнеуге мүмкіндігі бар. Дегенмен, тоқсанға қарай аяқ басқан қария ұлымен бірге тұруды армандайды. Бұған дейін де пәтердің коммуналдық шығынын өзі көтеріп, тіпті отбасылы баласына да ақша беріп тұрғанын баяндайды.

Заңгер Нұра Тынысқызының айтуынша, ақсақалдың ұлы тұрып жатқан үйдің бір бөлігі, ең алдымен, ақсақалға тиесілі. Сондықтан, жергілікті учаскелік полиция ол үйге барып, ақсақалды кіргізуін талап етуге әбден құқылы. Бірақ, Амангелді Шыңғысов бұл іске полицияны араластырып, мәжбүрлі түрде үйге кіруге қарсылық білдірді.

Айта кету керек, Амангелді Шыңғысов әнші, «Гүлдер» ансамблінің құрамында солист болып істеген. Одан бөлек, ол кейінгі жылдары Алматыдағы Жамбыл атындағы филармонияда қызмет еткен. Аталған мекеме қызметкерлерінің бірі, ақсақалдың бұрынғы әріптесі Жағыпар Хасеновтің айтуынша, оның мұндай күйге түскенінен әріптестері бейхабар.

«Бұрыннан танимын. Филармонияда бірге жұмыс істедік. Көрмегеніме 10 шақты жылдай болды. Отбасын, барлығын көргенмін. Жұбайын көргенмін. Мұндай күйге түскенін білген жоқпын. Бірақ, бастысы бала-шағасы аман болса, қалғаны реттеледі деп ойлаймын. Кішкене көмек көрсетсе болғаны», — деді ол.

Бағдарлама барысында қаладағы қонақүйлердің бірінің қожайыны жағдай біржақты болғанша, атайға жатын орын тауып беруге уәде етті. Ал арна журналистері оқиғаның қалай өрбитінін бақылауда ұстайтынын айтты.

jasqazaq.kz

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.