Қалалық қоғамдық-саяси газет

№8 аумақтық округте атқарылған жұмыс ауқымды

0 384

Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков №8 аумақтық округтің тұрғындарымен кездесті.

Әуелі округтің бас инспекторы Сағындық Үсіпбеков өткен жылы атқарылған ауқымды жұмыстар жөнінде баяндады.

– Былтыр «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында «Мыңбұлақ» ықшамауданындағы, №27 «А» және №32 көпқабатты тұрғын үй жөндеуден өтті. Сондай-ақ округке қарасты «Талас» ықшамауданы, №19, 20, «Самал» ықшамауданы, №12, 14, «Салтанат» ықшамауданы, №10 көпқабатты тұрғын үйлердің аулаларын абаттандырылып, «Самал» ықшамауданындағы тұрғын үйлердің және жаяу жүргіншілер жолына түнгі жарық шамдары орнатылды. Сонымен қатар «Самал» және «Мыңбұлақ» ықшамаудандарындағы мектеп және балабақшаларға баратын жаяу жүргінші жолдары (тротуар) салынды, – деген Сағындық Жанысбекұлы биыл қолға алынған ілкімді істерді де тілге тиек етті. Оның айтуы бойынша, биыл мердігер «Проект и К» мекемесі тарапынан «Талас» ықшамауданы, №27, «Мыңбұлақ» ықшамауданы, №46 үйлердің аулаларын абаттандыру жұмыстары аяқталған. Сондай-ақ «Талас» ықшамауданы, №28, «Салтанат» ықшамауданы, №22 үйлердің аулалары абаттандырылуда. Бұған қоса «Жайлау» ықшамауданында арық жүйелері ауыстырылса, «Салтанат» ықшамауданындағы №29 «А», 29 «Б» жатақханалар жаңғыртылып, жаңа кейіпке енуде.

Келесі кезекте тұрғындар көкейдегі сауалдарын жолдады. Айталық, мұндағы жұртшылықты «Талас» ықшамауданы, №25, 26, 28, 29 тұрғын үйлерге барар жолды кеңейтіп, автокөлік тұрағы мен жаяу жүргіншілер жолын орнату, С.Сейфуллин, Д.Шостакович, Т.Рысқұлов, әл-Фараби көшелерінің бойында орналасқан орындықтарды және қоқыс тастайтын жәшіктерді қалпына келтіру, «Салтанат» ықшамауданы, №1 үйдің ауласына футбол алаңшасын салу, Б.Момышұлы – Д.Шостакович, С.Сейфуллин – әл-Фараби және С.Сейфуллин – Б.Момышұлы көшелерінің қиылыстарындағы су өткелдерін ауыстыру секілді өзекті мәселелер толғандырады.

Әрбір өтініш-тілекті мұқият тыңдаған шаһар басшысы барлық мәселе назардан тыс қалмайтынын баса айтты.
– Қаланы дамытуға бағытталған 3 жылдық жоспарда әрбір округтегі маңызды мәселелерге мән берілген. Барлығы соның аясында жүзеге асады. Әсіресе, биыл жол жөндеу мен тұрғын үйлерді жаңғыртуға баса ден қойылып отыр. Нәтижесінде шаһардағы тозығы жеткен жатақханалардың жағдайы жақсарып, аталған мәселе түбегейлі өз шешімін табады. Осы бағытта атқарылар жұмыстар әлі де жетерлік. Бастысы, жоспарымыз жұмыр, мақсатымыз айқын, – деген Бақытжан Әмірбекұлы жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар жүктеді.

Бұдан кейін қала әкімі тұрғындарды жеке сұрақтарымен қабылдады.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.