Қалалық қоғамдық-саяси газет

7 мамыр – Отан қорғаушылар күні

0 497

Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің құрылуы тәуелсіздік алған жылдары бастан өткерген қиын-қыстау сәттермен тұспа-тұс келді. Әрине, бұл кезде елдің экономикалық әл-ауқаты басты орында тұрғанымен, ел қауіпсіздігін нығайту да кезек күттірмес мәселе еді. Ұланғайыр атыраптың тұтастығын сақтау үшін Елбасымыз заманауи әскер құруды қолға алды. Осылайша, 1992 жылдың 7 мамырында Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері құрылды. Бүгінде «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы аймақтың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін қалыптасқан орган болып табылады. Отан қорғаушылар күні қарсаңында қырағылығымен ерекше көзге түсіп жүрген әскерилер жайлы ой қозғағанды жөн деп таптық.

Әрбір азамат ел қорғаны болуы тиіс

Ұстанымы берік, мақсаты айқын жанның арманы орындалады. Нұрсұлтан Жұмағұловтың сарбаз болсам дейтін арманы сонау мектепте оқып жүрген уақытта оянған. Оған себепкер болған Ұлы Отан соғысының ардагері, Түлкібас ауданындағы «Жас Ұлан» саз мектебінде үрмелі аспаптан сабақ берген

Жаппар Ибрагимов еді. Бір қарағанда майдангермен жолығу жай ғана қылаң берген сәт қана секілді, бірақ Нұрсұлтанның өміріне үлкен өзгеріс алып келгені жасырын емес. Нұрсұлтан 1995 жылы мектеп бітірген соң, Алматы қаласына Құрлық әскерлерінің Әскери институтына құжаттарын тапсырғанымен, оған түсе алмайды. Бірақ ақырында сол кіршіксіз бала арманы 1998 жылы орындалып, Сарыөзек кентінде әскери оркестрге жұмысқа орналасады. Сол кездегі басты мақсаты – патриоттық музыканы жетілдіру болатын. Уақыт өте табандылығының арқасында Шымкент гарнизоны әскери оркестрінің негізін қалаушылардың біріне айналған. Соңғы жылдары «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы әскери оркестрінің бастығы лауазымына дейін көтеріліп, көптеген сайыстарда топ жарған. Алысқа ұзамай-ақ, мәселен, 2019 жылы Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері әскери оркестрлерінің конкурсында Нұрсұлтанның жетекшілігімен «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығынан шыққан оркестр бас жүлдеге ие болыпты.
Бүгінде өңірлік қолбасшылықта жалпы саны төрт әскери оркестр бар. Тараз гарнизонында әскери дирижер лауазымында жүрген ол аталмыш оркестрдегі 27 адамға жауапты.
Нұрсұлтанның тағдыр қосқан жары Кәмшат Жұмағұлова да әскери қызметте абыроймен жұмыс атқарып жүр. Екеуі сол Сарыөзекте танысып, отау құрған. Қазіргі таңда сержант Кәмшат Сейтжанқызы – 85395 әскери бөлімінің іс жүргізушісі.
Нұрсұлтан Жұмағұлов Халықаралық әскери армиялық ойындарына, елімізде өткен шерулерге, оқу-жаттығуларға қатысып, жоғары дәрежеде қызмет атқарып келеді. Тыңдағанда жауынгерлердің ғана емес, барша халықтың жүрегін шымырлатып, рухын көтеретін патриоттық әндерді әскерилер орындағанда ерекше әсерде қалатынымыз рас. Әскери музыка әскер күшін арттырады.
Нұрсұлтан Жұмағұловтың баласы да әкесін мақтан тұтып, бүгінде үрмелі аспап үйірмесіне барып жүр. Ұрпақтар сабақтастығы жалғаса берсін деген тілекпен әскери өмір тоғыстырған жандардың шаңырағы шаттыққа толы болсын демекпіз.

Жауынгерлік спорттың саңлағы

Өсер Итебаевтың әскери өмірі 2000 жылы Отар гарнизонында аға барлаушы лауазымына қабылданғанда басталған. Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің қатарында жүріп, белсенділігінің арқасында көптеген жауынгерлік және спорттық сайыстардың жеңімпазы атанған. Қазіргі уақытта «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының 03811 әскери бөлімінде арнаулы мақсаттағы таулы ротасының топ сержанты. Әскери қоян-қолтық ұрысынан спорт шебері атанған Өсер Итебаев көптеген спорттық сайыстарда алдына жан салмаған. 2001 жылы еркін күрестен ҚР Қарулы Күштерінің арасында өткен жарыстың жеңімпазы болып, ал 2003 жылы әскери қоян-қолтық ұрысынан үздік атанған.
Әскери қызмет пен әскери бөлімнің спортшыларына жетекшілік етуді қатар алып жүру – тек шынайы Отан қорғаушының ісі. Өсердің белсенділігінің арқасында әскери бөлім спортшылары «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы әскерлері қолбасшысының әскери қоян-қолтық ұрыстан 10 жылдан бері алдына жан салмай келеді. Мұнымен қоса Өсердің бөлімінде өзі жаттықтырған үш спортшы бокстан әскерилер арасында жеңімпаз атанған. Әскерде жүргеніне 20 жылға таяп қалған Өсердің жастар туралы түйгені мен айтары аз емес.
– Жалпы өмірдегі үш басты қағида – ерінбеу, білім іздеу, спортпен айналысу десек, қате айтпаған болар едік. Жаңа технологиялар дамыған заман кері әсерін тигізбесе деймін. Бауыржан Момышұлы атамыз «Тәртіпсіз ел болмайды, тәртіпке бас иген құл болмайды» дегендей, тәртіп бар жерде кез келген іс оң нәтиже береді. Осыны түсініп өскен балаларым да әскери қызметте боламын деп жүр, – дейді Өсер Итебаев.
Өсер үшін әскери қызмет – басты орында. Отанға қызмет етуді үлкен абырой деп білетін, зейнет жасына дейін қызмет ету басты арманы болған батыр ұл жастарға білгенін үйретіп, бағыт-бағдар көрсетуден танған емес. Мұны әскери тәртіп пен азаматтығының арқасында қалыптасқан Өсердің басты ұстанымы деп білеміз.

Айқын мақсат арманға жетелейді


Қазіргі таңда әскери қызметте болуды армандайтын жастардың қатары аз емес. Бірақ батыл қадам жасап, мақсатына нық бекінгендер ғана ел қорғаны бола алады. Сондай жандардың бірі – сержант Жеңіс Сүлейменов. Ол 2000 жылы сол кездегі Оңтүстік Қазақстан облысы, Түлкібас ауданынан мерзімді әскери қызметке шақырылып, ынта-жігерімен Алматы облысы және Петропавл қаласында Отан алдындағы борышын өтеп жүргенде, әскери бөлім басшыларының көзіне түседі. Жеңістің зеректігін байқаған командирі оны қару-жарақпен қызмет жасау бөлімшесінің командирі етіп тағайындаған. Мерзімді қызмет атқарған 2000-2002 жылдардың өзінде-ақ қырағылығының арқасында Жеңіс Сүлейменов «сержант» шенін алып үлгерді. Бірақ артынша осы жұмысынан алыстап, түрлі салада жұмыс істейді. Дегенмен ақыры бала арманының лебі әскери өмірге қайта алып келеді. Ол кезде Жеңістің кикбоксингтен спорт шебері деген атағы болғанын да айта кеткен жөн.
Сөйтіп, 2008 жылы Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің қатарына қызметке шақырылды. Қазіргі таңда «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы 63563 әскери бөлімінде жанар-жағармай қоймасында есептоп бастығы лауазымында. Ол тек бір қызметті ғана ұршықша иіріп қоймай, қосымша аспаздық өнерге ден қойған. Жеңістің бұл қадамы сәтті болып, нәтижесінде 2016 және 2018 жылдары Халықаралық әскери армиялық ойындарында «Далалық асхана» сайысында Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің сапында жүлделі орындарға ие болған. Қос қызметті қатар меңгеруі Жеңістің Отан алдындағы міндетіне адалдығынан, халқына деген ерекше құрметінен болса керек. Әскери қызметте жүріп, оның қызығы мен қиындығын қатар көріп жүрген Жеңістің ендігі арманы балаларының әке жолын қусам деген ниетімен байланысты.

Сәндібек ПІРЕНОВ

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.