Қалалық қоғамдық-саяси газет

Таразда тыңайтқыш өндірісі өрістейді

«Аммофос-2» цехында 500-ден астам адам жұмыспен қамтылады

0 793

Қойнауы қазба байлыққа толы Әулиеата өңірі еліміздегі химия өндірісінің тасын өрге домалатып отырған аймақтардың бірі. Әсіресе Жамбыл жерінде өндірілетін фосфор мен одан алынатын агроөнеркәсіпке аса қажетті минералды тыңайтқыштар әлем елдерінде жоғары сұранысқа ие. Сондықтан облысымызда аталған саланы дамыту баса назарға алынған.
Бүгін Тараз қаласында «Қазфосфат» компаниясының минералды тыңайтқыштар шығаратын жаңа «Аммофос-2» цехы іске қосылды. 500-ден астам адамды жұмыспен қамтитын жаңа кәсіпорынның ашылуына Жамбыл облысына жұмыс сапарымен келген ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев, облыс әкімі Нұржан Нұржігітов пен Өзбекстан Республикасы Премьер-министрінің Отын, энергетика және химия өнеркәсібін дамыту жөніндегі орынбасары, Энергетика министрі Журабек Мирзамахмудов арнайы қатысты.
Өндіріс ошағының ашылу рәсімінде сөз алған Қайырбек Айтбайұлы жаңа кәсіпорынның агрохимия өнеркәсібін дамытудағы маңызына тоқталып, жамбылдық химия өндірісінің қарышты қадамдары ел экономикасының өркен жаюына сүбелі үлесін қосып келе жатқанын айрықша атап өтті.
– Минералды тыңайтқыштар өндіретін жаңа цехтың ашылуы тек Жамбыл облысы мен Тараз қаласына емес, республика көлемінде мәні жоғары оқиға болып отыр. Әулиеата өңірінде жүргізіліп жатқан жүйелі жұмыстар нәтижесінде соңғы 3-4 жылдың бедерінде еліміздегі агрохимия саласында өндірілетін өнім көлемі 2,5 есеге, шетелге шығарылатын өнім көлемі 1,8 есеге артты. Бұл бірінші кезекте жамбылдық фосфоршылардың еселі еңбектерінің жемісі. Ал жаңа өндіріс орны бұл көрсеткішті еселей түсетініне сенімім кәміл. Айта кетер жайт, елімізде химия саласын дамыту бағытында бірқатар жобалар жүзеге асырылып жатыр. Солардың ішінде Тараздағы «Минералды тыңайтқыштар зауытының» аммофос өндірісін кеңейту жобасы бірінші болып мәресіне жетті. Бұл химия өнеркәсібінде басқа компаниялардан оқ бойы озып келе жатқан «Қазфосфаттың» өзге өңірлерге үлгі боларлық ісі, – деді министр.
Келесі кезекте сөз алған өңір басшысы Нұржан Молдиярұлы жаңа өндіріс орнының ашылуы 13 жылдан кейін қайта тойланғалы отырған Республика күні қарсаңында үлкен сый болғанын баса айтты.
– 7 мыңнан астам адамды жұмыспен қамтып отырған «Қазфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі өңірімізде химия саласын дамытуда үлкен істер атқаруда. Облыста өндірілетін өнім көлемінің 30 пайызы аталған компанияға тиесілі болуы – соның айқын дәлелі. Ал алдағы бірнеше жыл ішінде қарқынды дамып келе жатқан серіктестік Қазақстан Республикасын толықтай отандық минералды тыңайтқыштармен қамтамасыз етпек. Оның шарапатын өңірімізде жұмыс істеп жатқан 18 мыңнан астам шаруа қожалықтары да көретіні анық. Осы орайда компания мен онық қызметкерлерінің еңбектеріне табыс тілеймін! – деді Нұржан Нұржігітов.
Бұдан кейін салтанатты шараның құрметті қонақтары Өзбекстан Республикасының Энергетика министрі Журабек Мирзамахмудов пен «Қазақмыс» холдингі директорлар кеңесінің төрағасы Эдуард Огай ізгі тілектерін жеткізіп, жаңа кәсіпорынның жұмысына ресми бастау берді. Шара концерттік бағдарламамен жалғасып, меймандар жаңа нысанды аралап, жұмысымен танысты. Сондай-ақ, «Қазфосфат» ЖШС-і мен ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі арасында аммофос бағасын 2022-2024 жылдарға бекіту туралы меморандумға қол қойылды.
Компанияның өндірісті кеңейту жобасы аясында ашылған зауыт жылына 500 мың тонна аммофос өндіруге қауқарлы. Осының нәтижесінде компания минералды тыңайтқыштар өндірісін жылына миллион тоннаға дейін жеткізіп отыр. «Қазфосфат» ЖШС бас директоры Евгений Шибановтың айтуынша, зауыттың жаңа желісіне салынған қомақты инвестиция жан-жақты жемісін бермек. Атап айтқанда, жоба фосфор өндірісінің көлемі мен салық түсімдерін ұлғайтып қана қоймай, еліміздің экспорттық әлеуетін арттыруға және ауыл шаруашылығын жоғары сапалы тыңайтқыштармен қамтамасыз етуге жол ашпақ.

Мұратхан ӘЛІМХАН

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.