Қалалық қоғамдық-саяси газет

Білім саласының көкжиегі кеңеюде

0 120

Облысымызда жаңа оқу жылында 6 жаңа мектеп пайдалануға берілсе, жыл соңына дейін тағы 4 білім ордасының құрылысы аяқталмақ. Бұл туралы облыс әкімі Нұржан Нұржігітовтің қатысуымен өткен дәстүрлі тамыз кеңесінде айтылды.

Оқушылар сарайында өткен басқосуға ұстаздар, еңбек ардагерлері, облыстық құқық қорғау органдары мен облыстық басқармалар, департаменттердің басшылары, аудандар мен Тараз қаласы әкiмдерiнің орынбасарлары, кәсіподақ ұйымының өкілдері, аудандық, Тараз қалалық бiлiм бөлімдерінің, колледждер мен мектептердің, мектепке дейiнгi және мектептен тыс мекемелердiң басшылары қатысты.

Алғашқы болып сөз алған аймақ басшысы білім саласындағы атқарылып жатқан жұмыстарға, туындап отырған өзекті мәселелер мен алдағы жоспарларға жан-жақты тоқталып өтті.

– Адам капиталын дамытудың негізі болып саналатын білім саласына облысымызда айрықша назар аударылып келеді. Биыл білім саласына 236 миллиард теңге бөлінді десек, бұл облыс бюджетінің 50 пайызынан асады. Саладағы инфрақұрылымды жетілдіре түсу бойынша ауқымды жұмыстар атқарылуда. Ағымдағы жылы 22 білім нысанының құрылысына 7,6 миллиард теңге қаржы қарастырылып, 6-ы пайдалануға берілді.

Жыл соңына дейін қалған 10 мектеп құрылысы толық аяқталады. Оның 6-ы жаңа оқу жылында оқушылар үшін есігін айқара ашпақ. Ал 6 нысанның құрылысы 2023 жылы аяқталады.

Нәтижесінде, 2 үш ауысымды, 2 оқушы орын тапшылығы бар, 6 тозығы жеткен мектептің мәселесі шешіледі.

Бұдан бөлек, 4,2 миллиард теңгеге 19 білім беру нысаны күрделі жөндеуден өтуде. Сонымен қатар жергілікті бюджеттен 700,6 млн теңге бөлініп, жаңа үлгідегі кабинеттер жасақталуда. Бұл жұмыстардың сапалы әрі мерзімінде орындалуын білім және құрылыс басқармаларына, аудан және қала әкімдерге тапсырамын!

Балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен қамту мәселесі де басты назарда. Мектепке дейінгі ұйымдардағы осал топтағы отбасы балаларының тамақтану ақысын жергілікті бюджет есебінен субсидиялауға 100 млн теңге бөлінді. Балабақшалардағы балалардың қауіпсіздігі және білікті кадрмен қамтамасыз ету жұмыстарына да айрықша көңіл бөлінуде. Осы орайда қойылған талап пен сапаны арттыру мақсатында мектепке дейінгі ұйымдарды лицензиялау тәртібін қайтару қолға алынды. Бұл шараны бақылау білім басқармасы мен білім бөлімдеріне жүктеледі, – деді Нұржан Молдиярұлы.

Облыс әкімі өткен жылдан бастап Ұлттық бірыңғай тестілеу жаңа форматта өтіп жатқанын, биыл өңірдегі 11751 мектеп бітірушінің 8756-сы тестілеуге қатысқанын атап өтті. Ағымдағы жылы облыстың ҰБТ-дағы орташа балы 82,5-ті құрап, республикалық көрсеткіштен 16,5 балға жоғары болғаны, 1218 бітіруші 100-ден жоғары балл жинаған.

Сондай-ақ Нұржан Нұржігітов өз сөзінде ротациялау, мектеп директорларының командалық ауысуы, оқушылар арасында суицид және тағы да басқа өзекті мәселелер бойынша ашық айтып, олардың алдын алу бойынша жұмыстарды күшейту керектігін, кемшіліктер бойынша қабылданатын шаралар жеңіл болмайтынын ескертіп, жауаптыларға нақты тапсырмалар жүктеді.

Келесі кезекте сөз алған облыс прокуроры Нұрғалым Әбдіров оқушылар арасындағы құқықтық мәдениетті, сауаттылықты арттыру, жас қазақстандықтардың жаңа келбетін қалыптастыруда ұлағатты ұстаздың рөлі жоғары екенін жеткізіп, бірқатар ұсыныстарын білдірді.

Өз кезегінде облыстық білім басқармасының басшысы Бейқұт Жамангөзов жамбылдық педагогтар мен оқушылардың жетістіктеріне жан-жақты тоқталды.

ҚР Ы.Алтинсарин атындағы Ұлттық білім академиясының президенті Мадина Тыныбаева білім беруде рухани құндылықтарға барынша мән беру қажеттігін тілге тиек етіп, жаңа оқу жылындағы оң өзгерістер туралы баяндады. Ал ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Гүлдара Нұрымова өскелең ұрпаққа патриоттық тұрғыда тәрбие беру және ерекше қажеттілігі бар балаларды назардан тыс қалдырмаудың маңыздылығын алға тартты.

Өзге де сөз алушылар өздерінің орамды ойларын ортаға салып, ұсыныс-пікірлерін білдірді.

Кеңес соңында облыстың білім беру жүйесін жетілдіруге қосқан елеулі үлесі үшін бірқатар үздік педагогтар облыс әкімінің Құрмет грамотасы және Алғыс хатымен марапатталды.

Сондай-ақ ағымдағы жылғы «Орта білім беретін үздік ұйым – 2022» грантының иегері Меркі ауданындағы №9 мектеп-лицейіне 34 млн теңгенің сертификаты тапсырылды.

Өзге де білім беру мекемелері түрлі номинациялар бойынша марапатталып, бірқатар ардагер ұстаздар мен еңбегі елеулі педагогтар «Еңбек ардагері», «Мейірім – Әлемге махаббатпен» медальдері және «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгілеріне ие болды.

Тараздың мектептері оқу жылына тастүйін дайын

«Көне Тараз» тарихи-мәдени кешенінің көрме залында «Білімді ұлт: терең білім, еңбекқорлық және отаншылдық қасиет» тақырыбында өткен білім беру қызметкерлерінің тамыз кеңесінде өзекті мәселелер қозғалды.

Педагогикалық қауымдастықпен диалог орнатып, білім беру саласындағы проблемаларды, мектепке дейінгі, орта білім беру сапасын арттыру мәселелерін талқылау, сонымен қатар жаңа оқу жылының басымдықтары мен негізгі міндеттерін айқындауды мақсат тұтқан жиынға Тараз қаласы әкімінің міндетін атқарушы Исмаил Қайрат Әбілханұлы, қала әкімінің орынбасары, қалалық мәслихат хатшысы, қалалық қоғамдық кеңесінің төрағасы, Жамбыл облыстық білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы, «Өрлеу» АҚ филиалы Жамбыл облысы бойынша кәсіби даму институтының директоры, «Аманат» партиясы Тараз қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары, қалалық полиция басқармасының бастығы, Тараз қаласының прокуроры, Жамбыл облысының білім және ғылым қызметкерлерінің жергілікті кәсіптік одағының төрағасы, жоғары, орта білім мекемелерінің басшылары мен жаңашыл педагогтар, ата-аналар қауымының өкілдері қатысты.

Жалпы облыс орталығында білім бөліміне қарасты 60 мектеп, 45 балабақша, 1 кешкі мектеп, 4 қосымша білім беру ұйымы және 2 психологиялық-педагогикалық түзету кабинеті, 1 аутизм орталығы («Асыл Мирас») – барлығы 113 мекеме жұмыс істейді. Қалада 61 мектепте 80 043 бала білім алуда. Сондай-ақ 1-сыныптарға 7856 бала қабылданған. Алдағы оқу жылында жаңа құрылыс есебінен 2 үш ауысымды мектептің мәселесі шешілмек. Бұдан бөлек, 1 мектепті жаңғырту жоспарланып, жұмыстар толығымен аяқталған. Бүгінгі күні білім нысандары жылыту маусымына да 100 пайыз дайын. Сондай-ақ биылға жалпыға бірдей міндетті білім қоры есебінен аз қамтылған отбасынан шыққан 19 237 оқушыға жергілікті бюджеттен 1 млрд 989 миллион 703 мың теңге қаражат қарастырылған. Бұл қорға бөлінген қаржы ҚР Үкіметінің 2008 жылғы 25 қаңтардағы №64 Қаулысында көрсетілген 5 санаттағы балаларға жұмсалмақ.

Шаһардағы барлық мектептер 100 пайыз бейнебақылау камераларымен қамтылған. Оқушылардың өмірі мен қауіпсіздік шараларын күшейту мақсатында 129 миллион 202 мың 200 теңге қаражат бөлінген.

Оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендерді сатып алу мен жеткізуге 877 миллион 646 мың 700 теңге қаражат қарастырылып, келісімшартқа сәйкес оқулықтар жеткізілуде екен.

Өткен оқу жылының жетістіктеріне келер болсақ, республикалық, халықаралық ғылыми жоба мен пән олимпиадаларында 40 жүлделі орын, оның ішінде Алтын медальді – 9, күміс медальді – 11, қола медальді 20 оқушы иеленді. Халықаралық ғылыми жоба жарысында №№49, 30, 40 мектеп оқушылары жүлделі болған. Республикалық «Бастау» математикалық турнирінде №5, 40 мектеп-гимназия оқушылары командалық есепте ІІІ орынға қол жеткізді. Ал интеллектуалдық сайыстардың қорытындысы бойынша облыстағы үздік 10 мектептің қатарына қаланың 5 мектебі еніпті. Ал білім беру мекемелерінің қызметінің тиімділігін бағалау және ынталандыру мақсатында өткізілген облыстық рейтинг нәтижесі бойынша №24 гимназия «Үздік қала мектебі» номинациясына ие болып, қаржылай сыйақыға ие болды. Сонымен қатар ағымдағы жылы 2702 мектеп бітірушінің 83-і Алтын белгіге, 103-і үздік аттестатқа бітірді. Түлектердің 2167-сі Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысып, қорытындысы бойынша республика көлемінде «Үздік 100 мектеп» қатарына Б.Момышұлы атындағы №45 гимназия енген.

Басқосу барысында «Үздіктер шеруі» тақырыбында үздік мекемелер мен педагогтардың шығармашылық жұмысы туралы көрме ұйымдастырылып, бірқатар сала үздіктері ҚР Оқу-ағарту министрлігінің, облыс, қала әкімінің, облыстық білім басқармасының, «AMANAT» партиясы Тараз қалалық филиалының және қалалық мәслихаттың Құрмет Грамотасымен, Алғыс хаттарымен марапатталды.

Құралай Сейсенбекқызы

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.