Қалалық қоғамдық-саяси газет

6 млн. теңгені жымқырған мектеп директоры сотталды

0 491

Атырауда 6 млн теңгені жымқырған мектеп директоры 3,6 жылға сотталды.

Облыстық соттың баспасөз қызметінен мәлім еткендей, мектеп директоры мемлекеттiк функцияларды орындауға уәкiлеттік берілген адамға теңестiрiлген адам бола тұра, пайдакүнемдік ниетпен, ауыр салдарға әкеп соққан және ресми құжаттарға көрінеу жалған мәлімет енгізу арқылы қызметтік жалғандық жасағаны үшін айыпталған. Қылмыстық іс Атырау қалалық №2 сотында қаралды.

«М.Бекмұхамбетов атындағы орта мектеп» КМК директоры А.Салихова 2018 жылғы қыркүйек пен 2021 жылғы шілде айлары аралығында қызметтен босаған және жұмыс жасап жүрген мүғалімдерге табель толтыру, бұйрық шығару арқылы Қазақстан Республикасы заңнамаларында белгіленген тәртіппен және куәландырылған ресми құжаттарға жалған мәліметтер енгізіп, бюджет қаражаттарының негізсіз есептелуіне жол берген. Сотталушының іс-әрекетінен азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделері және мектептің қалыпты жұмысы бұзылып, 6 099 904 теңге көлемінде мемлекеттің заңмен қорғалған мүддесіне елеулі түрде зиян келіп, ауыр салдарға әкеліп соқтырған. Сотталушының кінәсі сот отырысында сотталушымен дауланбаған, сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысындағы жәбірленушілердің, куәлардың жауаптарымен, сараптама, маман, аудит қорытындыларымен толықтай дәлелденді», – деп хабарлады соттың баспаөз қызметі.

Басты сот талқылауы кезінде сотталушы мен қорғаушы тарапынан процестік келісім жасау туралы өтінішхат беріліп, прокурормен процестік келісім жасалған. Прокурор сотталушыға мемлекеттік қызметте және мемлекеттік ұйымдарда лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айыра отырып, 3 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан шектеу жазасын тағайындауды сұраған.

«Айыптау актісі мен процестік келісімде жауаптылық пен жазаны ауырлататын мән-жайлар танылмаған, ал жеңілдететін мән-жайлар ретінде сотталушының жас баласының болуы, кінәсін толық мойындауы және қылмыстық құқық бұзушылық салдарынан келтірілген мүліктік залалды ерікті түрде толық өтегені танылған. Осыған байланысты сот сотталушыға процестік келісімге сай, мемлекеттік қызметте және мемлекеттік ұйымдарда лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айыра отырып, 3 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығын шектеу жазасын тағайындады. Іс бойынша азаматтық талап қойылмаған, келтірілген 6 099 904 теңге залал сотқа дейін толық өтелген», – деп мәлім етті облыстық соттың баспасөз қызметі.

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

bugin.kz

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.