Қалалық қоғамдық-саяси газет

6 қазанда АЭС салу бойынша республикалық референдум өтеді

0 147

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты халыққа арнаған Жолдауында атом электр станциясын салу мәселесіне кеңінен тоқталды.

– Біз еліміздің өзіне тән ерекшелігін және ұзақ мерзімге арналған ұлттық мүдделерімізді ескере отырып, тек алға қарай жүруіміз қажет. Бір сөзбен айтсақ, болашақты ойлауымыз керек. Сондықтан мен атом электр стансасын салуға қатысты барынша байыпты шешім қабылдау қажеттігін ұдайы айтып келемін, – деген Президент осы күні АЭС салу бойынша республикалық референдум өткізу туралы арнайы Жарлыққа қол қойған болатын.

2024 жылғы 6 қазанда республикалық
референдум өткiзу туралы

Қазақстан Республикасы Конституциясының 44-бабының 10) тармақшасына және «Республикалық референдум туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 18-бабына сәйкес ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:
1. 2024 жылғы 6 қазанда республикалық референдум өткізілсін.
2. Республикалық референдумға «Сіз Қазақстанда атом электр станциясын салуға келісесіз бе?» деген сауал шығарылсын.
3. Осы Жарлық 2024 жылғы 3 қыркүйекте бұқаралық ақпарат құралдарында ресми түрде жариялансын.
4. Республикалық референдумды ұйымдастыру мен өткiзу Референдумның орталық комиссиясының қызметін атқаратын Қазақстан Республикасының Орталық сайлау комиссиясына, сондай-ақ референдумның аумақтық және учаскелiк комиссияларының қызметiн атқаратын аумақтық және учаскелiк сайлау комиссияларына жүктелсiн.
5. Қазақстан Республикасының Үкіметі Қазақстан Республикасының Орталық сайлау комиссиясымен, Қазақстан Республикасының басқа да орталық мемлекеттік органдарымен және жергілікті атқарушы органдарымен бірлесіп республикалық референдумды ұйымдастыру мен өткізу бойынша қажетті шараларды қабылдасын.
6. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап күшіне енеді.

Қазақстан Республикасының
Президенті Қ.Тоқаев

Астана, Ақорда, 2024 жылғы 2 қыркүйек № 636

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.