Қалалық қоғамдық-саяси газет

246 млн жұмсалған «Бөрте» қойылымы: Түркістан облысының әкімі шу болған қойылымға қатысты түсінік берді

0 931

Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев Түркістан музыкалық драма театрының сахнасында қойылған қымбат спектакльге қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды «Jambyl-Taraz» ақпарат агенттігі Stan.kz сайтына сілтеме жасап.

Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте аймақ басшысына «Бөрте» спектаклінің қойылымы үшін 246 миллион теңгенің жұмсалғаны тым қымбат емес пе деген сұрақ қойылды.

«Мен олай есептемеймін. Біз бүкіл құжаттарды тексердік. Онда артық ешнәрсе қарастырылмаған. Және бұл жаңадан құрылған театр екенін ескерсек, декорациялар да, костюмдер де, авторлардың, режиссердің қаламақысы да, әртістердің жалақысы да бар – осының барлығы тексеру нәтижесі көрсеткендей орынды жұмсалған», – деді облыс әкімі.

Сонымен қатар ақпарат көздеріне сәйкес, тендерге театр директорының өзі де қатысқан. Неге мұндай жағдайға жол берілгендігін әкім ашып айтып бере алмады.

«Театрды қалалық мәдениет бөлімі қаржыландырады және тендерді өткізетін мемлекеттік басқару органы болып табылады. Мен қойылған сұрақты онша түсінбей отырмын», – деді ол.

Сұрақ қоюшы журналист өзге қалалардағы қойылымдар 4-5 млн теңгемен өтетіні жөнінде айтты.

«Мен 3-4 млн мөлшеріндегі қаржыға қалай спектакль қоюға болатындығын елестете алмаймын. Менің ойымша, бұл жаппай үлкен өндірістің бір түрі», – деді Шөкеев.

Ол сондай-ақ жетекші театрлар үшін 200 млн соманың үлкен ақша емес екендігін қосып өтті.

«Кеше бір сайттың гастрольге 32 миллион бөлінгені туралы жазғанын көзім шалып қалды. Театрды 2 күнге жалға беруді сұрап көрдім, әр күніне 8 млн теңгені сұрайды екен», – деді әкім.

Ол қойылымға кеткен шығындар бойынша тексеру жүргізілгенін, ешқандай заң бұзушылықтар анықталмағанын атап өтті.

«Егер ол жерде заң бұзушылықтар болса, тиісті органдар тексерсін. Жеке өзім ешқандай заңды басқан әрекетті көріп тұрған жоқпын», – деп түйіндеді Өмірзақ Шөкеев.

Айта кетейік, бұған дейін Түркістан қаласында тұсаукесері өткен “Бөрте” спектакліне жұмсалған қаражаттың көптігі жөнінде қоғамда шу шыққан болатын.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.