Қалалық қоғамдық-саяси газет

19 жастағы елордалық студент ерекше балаларға арналған жоба жасап, АҚШ-та бас жүлдені иеленді

0 148

19 жастағы елордалық студент Аружан Аманбаева ерекше балаларды емдеудің тың әдісін жасады. Ол халықаралық сайыста топ жарған жобасының негізінде 2000-ға жуық аутизм, ДЦП сынды синдромдарға шалдыққан әртүрлі балалармен жұмыс істеп үлгерген, деп хабарлайды «Jambyl-Taraz» ақпарат агенттігі Stan.kz сайтына сілтеме жасап.

«Бала құм терапиясымен айналысып жатқанда, барлық он саусағымен сурет салады. Әрбір саусақтың мимен байланысқан жолы бар. Сол саусақпен құмды басқан сайын, ол миға сигнал береді. Соның арқасында мидағы нейрондар саусақтан миға дейінгі жолды құрайды. Сол жолдар үлкейген сайын, баланың реакциясы пайда болады», – дейді Аружан Аманбаева.

Аружан бұл жобаны жасау барысында медицина және психология мамандарымен ақылдасқан. Терапия аппарат арқылы өткізіледі. Ал ондағы құмның денсаулыққа еш зияны жоқ. Керісінше ол балалардың моторикасын дамытып қана қоймай, зиянды бактериялардың таралуына жол бермейді. Тәжірибе терапиядан өткен балалардың еркін сөйлеп, өздігінен жүре бастағанын көрсеткен.

19 жастағы Аружанның жобасы АҚШ-та 38 ел өкілінің қатысуымен өткен сайыста бас жүлдені иеленген. Аружан болашақта бұл терапияны еліміздегі мектептерге ғана емес, балабақшалардың оқу бағдарламасына енгізу дұрыс деп санайды.

Құм терапиясы тек қана балаларға емес, күнделікті күйбең тіршіліктің салдарынан күйзеліске түскен адамдарға да пайдалы болып шықты.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.