Қалалық қоғамдық-саяси газет

18 университеттің өкілдері «Серпін» бағдарламасын түсіндірді

0 72

Білім беру грантына ие болғысы келетін түлектер үшін «Серпін» –көңілге сенім ұялататын бағдарлама. Алайда болашақ талапкерлердің көпшілігі жастарды қолдауға арналған жобаның қандай мүмкіндіктер беретінін біле бермейді. Осыны ескерген Ғылым және жоғары білім министрлігі, Ұлттық тестілеу орталағының өкілдері мектеп бітірушілер үшін ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізуді қолға алды.

М.Х. Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің М.Үркімбаев атындағы Жастар сарайының фойесінде өткен іс-шарада шаһардың және аудан мектептерінің түлектері «Серпін» бағдарламасы бойынша көкейде жүрген көп сұрақтарына жауап алды.

– Ғылым және жоғары білім министрлігінің тапсырмасына сәйкес, «Серпін» бағдарламасы бойынша грант ұсынатын 18 университеттің оқытушылары Дулати университетіне келіп, мектеп бітіруші түлектерге түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Кездесуге министрлік пен Ұлттық тестілеу орталықтарының өкілдері де арнайы келіп, талапкер қойған сұраққа жауап беруде. Бұл – түлектерге «Серпін» бағдарламасы бойынша жан-жақты ақпарат алу үшін таптырмас мүмкіндік. Осы іс-шараға орай біз университеттің көрмесін ұйымдастырып, батыс және солтүстік өңірлерден келген әріптестерімізбен тәжірибе алмастық, – дейді Дулати университеті қабылдау комиссиясының жауапты хатшысының орынбасары Айдар Абилдаев.

Биыл бұл жобаға қай жоғары оқу орындары қатысушы ретінде таңдалып отыр? Таңдау жасаған талапкерге қандай мүмкіндіктер беріледі? Талаптар өзгерді ме? Осы және басқа да сұрақтарға «Серпін» бағдарламасы бойынша қатысушы оқу орындарының өкілдері нақты жауап берді.

– Біздің университет өндіріс орындарына қандай кадрлар қажет екенін саралап, талдау жасады. Соған қарай еңбек нарығында сұранысқа ие техникалық және жұмысшы мамандықтары бойынша білім беруді қолға алдық. Бізде оқыған жастар жұмыссыз қалмайды, – дейді академик Қ.Сәтбаев атындағы Екібастұз инженерлік-техникалық институтының «Тау-кен ісі» кафедрасының меңгерушісі Арман Серікұлы.

Айта кету керек, талапкерлерге ақпараттық-түсіндіру жұмыстары Жамбыл, Түркістан және Қызылорда облыстарында жүргізілуде.

WhatsApp Image 2023 05 17 at 14.10.53

WhatsApp Image 2023 05 17 at 14.10.54

WhatsApp Image 2023 05 17 at 14.10.54 1

WhatsApp Image 2023 05 17 at 14.10.55

WhatsApp Image 2023 05 17 at 14.11.23

Муталипова Жансая Абдрахманкызы,

Дулати университеті, Химия магистрі, оқытушы.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.