Қалалық қоғамдық-саяси газет

10 миллион теңге пара алған әкім сотталды

0 682

Сәтбаев қалалық соты қаланың экс-әкімі Шапағат Әубәкір және жеке кәсіпкер қатысты қылмыстық істі қарауды аяқтады.

Тергеу органы Шапағат Әубәкірді аса ірі мөлшерде пара алды (ҚК 366-бабының 2-бөлігі), М. – қомақты мөлшерде пара берді (ҚК 367-бабының 2-бөлігі) деп айыптады.

«2024 жылдың ақпан айында Ә. қала әкімі бола тұра, Сәтбаев қаласындағы жолдарды күтіп ұстау жұмыстарын жүргізетін жеке кәсіпкер М.-нан мемлекеттік сатып алу шартының сомасын ұлғайтуға және оның кеңеюіне жәрдемдесу үшін 10 млн.теңге көлемінде пара алған. Сотталушылардың кінәсі мойындауларымен және сотқа ұсынылған дәлелдемелердің жиынтығымен дәлелденді», – деп хабарлады Сәтбаев соты.

Прокурор соттан сотталушыларды жоғарыда аталған қылмыстарды жасағаны үшін кінәлі деп танып, мемлекеттік қызметте лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айыра отырып, 3 жыл 6 айға бас бостандығынан айыруды сұрады.

Сотталушылар өз кінәларын толық мойындап, соттан оларға бас бостандығынан айырудан басқа жаза тағайындауды сұрады.

Жаза тағайындау кезінде сот сотталушылардың кінәсін мойындауын, шын жүректен өкінуін және жас балалардың болуын қылмыстық жауаптылық пен жазаны жеңілдететін мән-жайлар деп таныды.

Экс-әкімнің қабылдаған антын бұзуы оның жауапкершілігі мен жазасын ауырлататын мән-жай деп танылды.

Сот үкімімен Шапағат Әубәкір ҚК-нің 366-бабының 2-бөлігімен кінәлі деп танылып, оған мемлекеттік қызметте лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айыра отырып, 3 жыл 6 айға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

«М. ҚР ҚК-нің 367 бабының 2 бөлігімен кінәлі деп танылып, оған мемлекеттік қызметте лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айыра отырып, параның жиырма еселенген сомасы – 200 млн. теңге айыппұл тағайындалды. Сәтбаев қаласы әкімдігіне қатысты бөлінетін бюджет қаржысының негізділігін, қаржыландыру жоспарының және мақсатты пайдалануын қайта қарап, үнемді пайдалануының тиісті шараларын жүргізу үшін жеке қаулы шығарылды. Үкім заңды күшіне енген жоқ», – делінген хабарламада.

dalanews.kz

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.