Қалалық қоғамдық-саяси газет

Тараз – Түркі өркениетінің бастауы

0 329

Бүгін «Көне Тараз» тарихи-этномәдени кешенінде «Тараз және Түркі өркениеті» атты Халықаралық ғылыми-теориялық конференциясы өтуде. Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» атты бағдарламалық мақалалары аясында ұйымдастырылған шараға облыс әкімі Бердібек Сапарбаев, Халықаралық Түркі Академиясының Президенті Дархан Қыдырәлі, ҚР  Мәдениет және спорт министрлігі Архив ісі және құжаттаманы басқару комитетінің төрағасы Қуат Бораш, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Мемлекет және қоғам қайраткері, саясаттанушы Берік Әбдіғалиұлы және Түркия, АҚШ, Өзбекстан, Қырғызстан секілді алыс-жақын шет елдердің түрколог ғалымдары қатысуда.

Басқосудың пленарлық отырысында сөз алған Дархан Қыдырәлі Түркі халықтарының  тарихындағы ірі оқиғалардың көпшілігі Тараз өңірінде болып, әлемдік тарихнамананың жаңа бетбұрысына айналағаны және түркі дүниесінің дамуына Тараздың қосқан елеулі үлесі туралы терең ой қозғап, ҚР Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаевтың құттықтау хатын оқып берді.  Сөз тізгінін жалғаған Бердібек Машбекұлы бүгінгі басқосудың мән-маңызына кеңірек тоқталды.

– Қазақ хандығының қазығы қағылып, өркениеттің бастауы болған Тараз топырағы қашанда киелі. «Тараз – тарихымыздың темірқазығы» деген Елбасымыздың сөзінде терең мағына жатыр. Есте жоқ ескі заманның өзінде бұл жерде көптеген мемлекеттердің орнағанын тарихи деректер әйгілеп отыр. Ұлы Жібек жолының бойында қоныс тепкен көне шаһар сауда-саттықтың орталығына айналды. Мыңжылдықтар тоғысындағы шежірелі өңір өткен мен бүгінді жалғаған алтын көпір іспетті. Оның әрбір түйір тасында дәуірлердің бейнесі сайрап жатыр.  751 жылы болған Атлах шайқасы Тараз жерінде өндірістің жолға қойылып, әлемдік кеңістікке ұмтылуына жол ашты. Сондықтан да қанқұйлы замандардан іргесі шайқалмай бүгінге жеткен Тараздың тарихын өскелең ұрпақ жадына тоқып, санасына түюі қажет. Сол себепті бүгінгі басқосудың сипаты бөлек, тағылымы терең, – деген аймақ басшысы конференция жұмысына табыс тіледі.

Бұдан кейін сөз алған Қуат Бораш пен Берік Әбідғалиұлы, қос өзен өркениеті, 893 жылғы Талас қырғыны, Ұлы Талас құрылтайы төңірегінде орамды ойларын ортаға салды. Шараға Zoom конференциясы арқылы қосылған Нара» ұлттық мәдени мұра мен ұлттық мәдени құндылықтарды зерттеу институтының зертханалық археология секциясының директоры, PhD докторы, жапониялық ғалым Садакатцу Кунитаке мен Қырғыз-Манас университетінің аға оқытушысы, Түркология ғылымдарының PhD докторы Негизбек Шабданалиев түркі халықтары арасындағы байланысты одан әрі нығайтып, оларды ғылыми тұрғыда насихаттау керектігі жөнінде  сөз етті.

Конференция жұмысы одан әрі 4 секцияда жалғасады.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.