Қалалық қоғамдық-саяси газет

Саз балшықтан сыр тартып…

0 14

Саз балшықтан сыр тартып, қыштан құмыра жасау технологиясын үйрену қаншалықты қиын? Бастапқыда сұйық және сусымалы материалдарды пісіруге, жеуге немесе сақтауға арналған ыдыс жасауға арналған қолөнер түрі бүгінде қалай жасалып жүр? Алақанның сиқыры мен ептілігіне ерік беріп, қыштан құмыра, түрлі ыдыс жасап жүрген «Lashyn» арт-студиясына бас сұқтық.

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ Суреттерді түсірген Сәкен АБЖАПАРОВ

Қазіргі уақытта сазды қыштың дөңгелегінде қалыптау арқылы өңделген қыш ыдыстар көпшілік үшін пайдалы әрі жағымды хобби болып табылады. Қыш ісі – адамдар мыңдаған жылдар бойы айналысқан көне өнердің түрі. Ата-бабаларымыз табиғи заттардың қасиетін бұрыннан білген. Табиғи өнімге деген сұраныс жыл сайын артып келе жатқаны анық. Себебі саз балшық денсаулыққа өте пайдалы.

Бағзыдан бері Тараз қолөнер орталықтарының бірі болып саналды. «Ежелгі Тараз ескерткіштері» тарихи-мәдени музейінің қор сақтаушысы Ұлбосын Әлімханованың айтуынша, қазба орындарынан табылған саздан жасалған бұйымдар ежелгі Тараз тұрғындарының өмір сүру деңгейінің жоғары екендігін дәлелдейді.

– Керамика дамыды, мұны біздің қаланың аумағынан табылған қыш ыдыстардың қалдықтары растайды. Орта ғасырлардағы тағамдар тек күшімен және формасымен ерекшеленіп қана қоймай, олар тұтас көркемдік өнерді де бейнелеген. Күрделі әшекейлер мен өрнектер сан алуан. X-XII ғасырлардағы ерте орта ғасырлармен салыстырғанда қыш ыдыстар берік әрі пішіні мен түріне қарай әртүрлі болды. Саз балшықтарын жасауға арналған барлық материалдар жергілікті жерде өндірілген. Сол кездің құмыра жасаушылары аяқтарының көмегімен айналатын шеңберге қыш ыдыстарды мүсіндеген. Шеберхана бірнеше бөлмелерден тұрды. Олардың біреуінде саз иленді, екіншісінде саздан жасалған бұйымдар, үшінші бөлме дайын қыштарды арнайы пешке жіберу үшін қажет болған, – деді Ұлбосын Хамитқызы.

Содан бері саздан бұйымдар жасау техникасы өзгерді ме екен? Бүгінгі қыш құмыра, пиала, басқа да қажеттіліктердің даму барысы қалай жүріп жатыр? Осы сұрақтарға жауап іздеп, «Lashyn» арт-студиясына жол тарттық. Мұнда бізді арт-студияның жетекшісі Гүлжан Ибраимова қарсы алды. Шеберхана ішінде жанға жайлылық сыйлайтын тыныш әрі романтикалық атмосфера қалыптасқан. Алақанына салған саз балшықты аялай ұстап, нәзік қана сипап отырып формаға келтіріп, әсем әрі заманауи ыдыстар жасап жүрген шебер қыз әңгімесін әріден бастады.

– Алматы қаласында сурет студиясына бардым. Сондағы естен кетпес аура қатты ұнады. Кәдімгідей жаның рахатқа бөленіп, ләззат аласың. Біреу керамикаға ойындағы өрнегін бейнелесе, енді біреу әдеттегідей қағазға сурет салып, өз шығармашылығына көңілі толып отырғанын байқадым. Бұл өнерді үлкендер құрлы балалар да ұнатып тамашалайтынын көріп қатты қызықтым. Өнерді ұнататын жандардың да қызығушылығын байқаған соң, жақсы бір идея пайда болды. Қылқалам шеберлерінің басын қосатын осындай ортаны өзім неге дамытпасқа деп ойладым. Содан кейін мен осы идеяны жүзеге асыруға бел будым. 2019 жылы менің жетекшілігіммен туыс сіңілім қыш ыдыстар жайлы мемлекеттік жоба қорғап, 1 миллион 800 теңге көлемінде грант ұтып алды. Ол сомадан өзімізге қажетті дүниелерімізді алдық. Бөлме жалдап, дизайнерлік жөндеуден өткізіп, күз мезгілінде аштық. Өткен жылы қараша айында коммерциялық емес ұйымдар қауымдастығы мен Жамбыл облысының ішкі саясат басқармасы өткізген кәсіпкерлер байқауында жеңіске жеттім. Ол кезде ұсынған жобам балаларға арналған қыш мектебі жайлы болды. Осы жоба бойынша біз қажетті материалдарды сатып алуға қаражат алдық. Балаларға білім беруді ақысыз етуге шешім қабылдадық, – деді шеберхана иесі.

Қолы қолына жұқпай, саз балшықтан ыдыс жасап тұрған Гүлжанға қарап біз де қолымыздан келгенше өз өнімімізді жасап көруге тырыстық. Алақанға саз балшық тиісімен ерекше күй кештік. Жауапты сәтте миыңды тек мүлт кетпесем екен деген ой жаулап алады. Бір ұққанымыз, саздың өзі ақыл-ойға, көңіл-күйге ерекше әсер етеді. Қыштан құмыра жасау барысында керамика дөңгелегінде жұмыс жасаумен қатар, қажетіңді қалауыңша қолмен қалыптауға да болады. Бұл ептілік пен сабырлықты талап ететін ерекше өнер туындысы екендігіне көзім жетті.

Бір білгеніміз, балшықтан бұйым жасау еріккеннің ермегі емес. Бұл миыңды тыныштандырып, жаныңды рахатқа бөлеп, табиғи һәм қажетті дүниелерді өмірге әкелу екен. Шеберханаға аяғы ауыр келіншектер жиі келіп, арнайы жұмыс үйренгісі келеді екен. Олар саздан дүние жасау барысында өз жандарына жайлылық сыйлайтын көрінеді. Иә, қыштан құмыра жасау қол моторикасын дамытумен қатар, жүйкені де тыныштандыратын тамаша қасиетке ие болып шықты. Сонымен қатар мұнда жиналғандар қылқаламның да қыр-сырын ұққандар болғандықтан, өнер өлкесінің аурасы бөлек, таза.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.