Ә.Бөкейханов атындағы №1 гимназияда «Мектебім – мейірім мекені» атты салтанатты іс-шара өтті. Шараға Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков арнайы қатысып, ұстаздар мен оқушыларға жылы лебізін білдірді.
– Биыл қаладағы 110 білім беру мекемесінде 8 600-ден аса бүлдіршін алғаш рет мектеп табалдырығын аттады. Мемлекеттің жан-жақты қолдауымен өткен жылы 5 жаңа мектеп пайдалануға беріліп, 5 180 оқушы орны ашылды. Нәтижесінде үш ауысымды оқу ошақтарының мәселесі шешімін тапты. Оның ішінде 3 білім ордасы Мемлекет басшысының тапсырмасымен қолға алынған «Жайлы мектеп» жобасы аясында бой көтерді.
Биыл да қыркүйек айында «Шөлдала» алқабында 600 орындық тағы бір Жайлы мектеп ел игілігіне беріледі. Осының есебінен №55 орта мектептегі орын тапшылығы жойылады. Сонымен қатар ағымдағы жылы №7, 15, 27 орта мектептерде жапсарлас жаңа ғимарат құрылысы жүргізілсе, №45, 25 және №1 оқу ордалары күрделі жөндеуден өтіп, заманауи үлгіде жабдықталды. Олардың бірқатары бүгін Білім күнінде есігін айқара ашып отыр.
Мектептердің материалдық-техникалық базасы да жылдан жылға нығайып келеді. Атап айтсақ, ағымдағы жылы 801 миллион 149 мың теңге қаражатқа модификациялық кабинет, сынып жиынтығы, шеберханалар алынды. Оның ішінде күрделі жөндеу жұмысы жүргізіліп жатқан 4 мектеп толық жабдықталады.
Өткен оқу жылының қорытындысы бойынша қаланың орта білім деңгейіндегі көрсеткіштерде динамика байқалып, білім сапасы өсті. Республикалық, халықаралық ғылыми жоба, пән олимпиадалары мен шығармашылық оқуларда да Тараз қаласының оқушылары жоғары деңгейді көрсетті. Әсіресе, облыс орталығындағы 3 білім ордасы республиканың «100 Үздік олимпиада мектептері» тізіміне енді.
Ұстаз – сапалы білім, саналы тәрбие беретін нағыз ел патриотын дайындайтын қозғаушы күш. Ұстаз – келер күннің ұстасы. Бұл ауқымды мақсатты жүзеге асыруда қаланың білім беру саласында он мыңнан аса педагог жұмыс атқарады.
Былтырғы оқу жылында ұлағатты ұстаздарымыз 20 халықаралық және республикалық кәсіби байқауларда жүлделі орындарды иеленді. Биылғы оқу жылында да озат өрендеріміз бен аяулы ұстаздарымыз бұдан да жарқын жетістіктерге қол жеткізетініне сенімім мол, – деген Бақытжан Әмірбекұлы сапалы білім, саналы тәрбие беру – басты бағыттардың бірі болып қала беретінін жеткізді.
Шара соңы концерттік бағдарламаға ұласты.
Құрмаш Қаптағай