Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

Денсаулық сақтау саласында ілкімді іс көп

0 205

Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында Жамбыл облысы әкімдігі денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сержан Назарбек баспасөз конференциясын өткізді. Жиында аймақтың бас дәрігері міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру және медициналық қызметтер көрсету саласындағы өзгерістер мен толықтырулар жөнінде баяндады.

Сержан Сәрсенбекұлы әуелі аймақта медициналық қызметтердің қолжетімділігі мен сапасын арттыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға кеңінен тоқталды.
– Бүгінгі таңда өңірімізде 19 облыстық, 7 қалалық және 11 аудандық медициналық мекеме жұмыс істейді. Сондай-ақ аймақтағы дәрігерлердің саны 3 458 адамға жетіп, дәрігерлермен қамтамасыз етілу көрсеткіші 10 мың тұрғынға шаққанда 30,2-ні құрап отыр.
Елімізде азаматтардың өмір сүру жасын арттыруға баса назар аударылып келе жатқаны белгілі. Осы бағытта атқарылған жүйелі жұмыстардың нәтижесінде өткен жылы облыстағы өмір сүрудің күтілетін ұзақтығы 75,53 жасты құрады. Бұл – республикалық орташа деңгейден жоғары көрсеткіш. Оның ішінде ерлерде – 71,62 жас, әйелдерде 79,55 жас болып қалыптасып отыр, – деді басқарма басшысы.

Келесі кезекте С.Назарбек міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі жайында толыққанды мағлұмат берді. Отбасының цифрлық картасы және «Бекітілген халық тіркелімі» ақпараттық жүйесінің деректері бойынша, облыс халқының саны 1 173 791 адамды құрап, оның ішінде сақтандырылған тұлғалар саны 943 670-ке немесе 80,4 пайызға жеткен. Ал сақтандырылмаған 230 121 тұлғаның, 92 048-і – жұмыскерлер, 18 992-сі – азаматтық құқықтық сипаттағы шарттар бойынша табыс алушылар, 46 901-і – бұрын бірыңғай жиынтық төлем төлеушісі болған, 20 646-сы – дара кәсіпкерлер, 10 116-сы – дербес төлеушілер, 1 998-і басқа санаттарға кірмегендер және 30 518-і соңғы 12 айда МӘМС төлемдері түспеген тұлғалар екені анықталған.
– 2025 жылғы 14 шілдеде Президент қол қойған жаңа «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» Заң міндетті медициналық сақтандыру жүйесін кешенді трансформациялауды көздейді және оның қаржылық тұрақтылығын арттыруға, жарналарды әділ бөлуге және халықты сақтандырылған медициналық қызметтермен қамтуды кеңейтуге бағытталған.
Маңызды өзгерістердің қатарында жарналар есептелетін табыстың ең жоғарғы мөлшерінің ұлғаюын айтуға болады. Сонымен қатар мемлекет жүйені қаржыландырудағы өз үлесін кезең-кезеңімен арттыра бастайды. Атап айтқанда 2025 жылы – 2 пайыз, 2037 жылға қарай 4,7 пайызға дейін өседі. Сондай-ақ бес жыл бойы тұрақты түрде жарна төлеген азаматтар уақытша төлем тоқтаған жағдайда алты айға дейін сақтандырылған мәртебесін сақтап қала алады.
2026 жылдан бастап денсаулық сақтау жүйесінде басым медициналық бағыттар бойынша жаңа тарифтер енгізіледі. Ал 2027 жылдан бастап Қазақстан негізінен сақтандыру моделіне көшеді. Денсаулық сақтауға жұмсалатын шығыстардың 65 пайызы МӘМС есебінен жабылады. Сондай-ақ әлеуметтік осал санаттар үшін жарналарды мемлекет жергілікті бюджет есебінен төлейді. Болжам бойынша 2026 жылы МӘМС жүйесімен қамту деңгейі 95 пайызға жетеді, – деді облыстың бас дәрігері.
Жиын барысында аймақтағы дәрігерлер тапшылығы жайы сөз болды. Сержан Назарбектің айтуы бойынша, Жамбыл облысында денсаулық сақтау саласындағы кадр тапшылығын жоюға бағытталған кешенді шаралар жүйелі түрде іске асырылып келеді екен. Айталық, кадр тапшылығын жою мақсатында жергілікті бюджет есебінен жоғары оқу орнынан кейінгі білім алуға жыл сайын гранттар бөлініп келеді екен. Нәтижесінде соңғы алты жылда – 157, ал 2025-2026 оқу жылына арналған конкурс нәтижесінде тағы 31 грант берілген.
– Мемлекеттік білім беру грантымен оқып шыққан мамандар өңірде кемінде 5 жыл жұмыс істеуге міндеттеледі. Бүгінгі таңда осы талаппен 62 дәрігер Жамбыл облысының медициналық ұйымдарына жұмысқа орналасып, қызмет етуде. Сонымен қатар қазіргі таңда 84 дәрігер резидентурада білім алып жатыр.
Сонымен қатар 2024 жылғы 24 сәуірде Жамбыл облыстық мәслихаттың №14-3 шешімімен ауылдық жерлерге, моноқалаларға, кенттерге жіті тапшы мамандарға – 8,5 млн теңге, ауылдық аймақтардағы өзге мамандарға – 1,2 млн теңге, Тараз қаласына келген дәрігерлерге 800 мың теңге біржолғы әлеуметтік қолдау көлемдері белгіленді.
Жамбыл облысында медициналық кадрларды даярлау, тарту және қолдау бағытындағы жұмыстар облыс әкімдігі мен жауапты басқармалардың ұдайы бақылауында, – деді Сержан Сәрсенбекұлы.
Баспасөз конференциясында соңғы уақытта әлеуметтік желілерде қызу талқыланып жүрген облыстық фтизопульмонологиялық орталықтың жабылуы жөніндегі мәселе де сөз болды. Басқарма басшысының айтуынша, қазіргі уақытта облыста туберкулезбен күрес бағытында үлкен жетістіктер бар екен. Эпидемиологиялық ахуалдың жақсаруына ауруға қарсы бағдарламаның оң нәтиже беруі әсер еткен көрінеді.
– Соңғы 5 жылдың ішінде облыста туберкулезбен сырқаттанушылық 100 мың тұрғынға шаққанда 19,2 жағдайға төмендеп отыр. Бұл – туберкулезге қарсы қызметтің, медициналық ұйымдар, облыстық ведомстволар мен құрылымдардың жүйелі қызметінің нәтижесі.
Осыған орай еліміз бойынша туберкулезге қарсы мекемелер жабылып жатыр. Мұндай жұмыс облысымыздың аудандарында да жүргізілді. Бұл – қуанарлық жаңалық. Облыстық орталық та осы шаралардың аясына ілігіп отыр.
Естеріңізде болса, коронавирус пандемиясы кезінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей тапсырмасымен Алматы қаласында Ұлттық инфекциялық орталық салынған болатын. Облыста туберкулезге шалдығып, жағдайы ауыр деп танылған науқас осы орталыққа санитарлық авиация көмегімен жеткізіліп, сол жерде ем қабылдайды. Қазіргі уақыттағы фармокологияның жетістіктері бұл сырқатқа шалдыққан науқастарды 3 айдың ішінде емдеп шығуға қауқарлы. Сол себепті азаматтар бұрынғыдай 1-2 жыл ауруханада жатпайды.
Алайда туберкулезді толықтай жойдық деп айта алмаймыз. Сондықтан облыстық фтизопульмонологиялық орталық жұмысын тоқтатпайды. Онда 80 төсек-орын сақталып, сырқаттанған жандарға стационарлық және амбулаториялық көмек көрсетіледі, – деген басқарма басшысы орталықтың жұмыстан қысқарып кеткен қызметкерлерінің жайына да тоқталды.
Оның айтуы бойынша, қазіргі уақытта босатылған қызметкерлерді өзге емдеу мекемелеріне орналастыру жұмыстары жүріп жатыр екен. Өз сөзінде басқарма басшысы олардың ешқайсысы жұмыссыз қалмайтынына сендірді.
Жиында әлеуметтік желі қолданушылары да өздерін толғандырған сауалдарын жолдап, нақты жауаптарын алды.

Еркін САЙЫН

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.