Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

Жат ағым жақсылыққа апармайды

0 239

Ата-бабаларымыз ғасырлар бойы Ислам дінін ұлттық болмысымен үйлестіріп, асыл қазына ретінде ұрпақтан ұрпаққа аманаттап жеткізді. Олар шариғи үкімдерде – Ханафи мәзһабын, сенім мәселелерінде – Матуриди ақидасын берік ұстанды. Бұл қос негіз халқымыздың рухани өзегіне айналып, ұрпақты сабырға, байыптылыққа, асыл дінімізді құрметтеуге және оны терең түсінуге тәрбиеледі.

Ханафи мәзһабы – тек бір аймақтың немесе бір ғалымның пікірімен шектелмеген, исламдағы фиқһ ғылымының кең әрі ауқымды, дәлелге бай, терең де жүйелі мектебі. Бұл мәзһаб ғасырлар бойы түрлі қоғамдық және тарихи өзгерістерге лайықты жауап берген, жоғары деңгейде сараланған фиқһи мектепке айналды. Матуриди мектебі болса, Құран мен сүннетке, әрі ақылға негізделген сенім жүйесін қалыптастырып, мұсылманды тек сенуге ғана емес, ойлауға, түсінуге, дінді терең тануға шақырды. Бұл – діни фанатизм мен соқыр еліктеуден аулақ, бірлік пен бейбітшілікке негізделген парасатты жол.
Алайда бүгінде осы рухани тамырымызды үзуге тырысатын жат діни ағымдар өз идеологиясымен қоғамымыздың ең қымбат байлығы болған бірлік пен берекеге зиян тигізуде. Олар діннің сыртқы формасын ғана алға тартып, ішкі рухын, адамгершілік пен хикметін ескермейді. Жаратушының разылығына емес, өз топтарының тар мақсат-мүддесіне қызмет ететін мұндай ағымдар жүректі, сананы және қоғамды улайды. Абай атамыз «Біріңді қазақ, бірің дос, көрмесең істің бәрі бос» деп ынтымақ пен бауырмашылдықты дініміздің өзегі етіп көрсетті. Алла Тағала қасиетті Құранда:
«Барлығың да Алланың жібіне (яғни хақ дініне) мықтап жармасыңдар және өзара бөлінбеңдер…», – деген («Әли-Имран» сүресі, 103-аят).
Ислам діні адамзат баласын бейбітшілікке, әділеттілікке және өзгелерді құрметтеуге шақыратын ұлы дін. «Ислам» сөзі араб тілінде «бейбітшілік», «мойынсұну» деген мағыналарды білдіреді. Бұл діннің басты мақсаты – қоғамда бірлік пен тыныштықты сақтау. Алайда Исламның осы ізгі құндылықтарын бұрмалап, өз мүдделері үшін пайдаланатын жат ағымдардың болуы діннің шынайы бейнесіне көлеңке түсіреді. Мұндай ағымдар тек жеке адамдардың ғана емес, бүкіл қоғамның тұтастығына қауіп төндіреді.
Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өз өмірінде бейбітшіліктің жарқын үлгісін көрсетті. Ол тіпті дұшпандарына да кешіріммен қарап, қантөгісті болдырмауға барынша тырысты. Исламда зорлық-зомбылық, жазықсыз жанға қол көтеру ең ауыр күнәлардың бірі болып саналады.
Ардақты пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Меккеге қарай бет алған сәті еді. Хижра жыл санауының сегізінші жылы, Рамазан айы. Мединадан шыққан он мың жауынгерден құралған ұлы ислам әскері, ақиқат үшін атқа қонған еді. Бұл жорық кек алу үшін емес, әділеттілікті орнату үшін еді.
Көп ұзамай, Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Меккеге жақындады. Алдында «Жасыл жасақ» – сол күннің ең қуатты әскери бөлімі келе жатты. Бұл жасақ “жасыл жасақ” (الكَتِيْبَةُ الخَضْرَاءُ) деп аталды, себебі оның сарбаздары толық сауыт киіп, қап-қара болып көрінетін. Арабтар қара түске кейде “жасыл” деп теңеу қолданатын. Бұл жасақтың айрықша күш-қуаты мен айбары бүкіл әскерге белгілі еді. Ту ұстаушы Сағд ибн Убадә еді. Ол әскердің рухын көтерем деп:
– Бүгін – шайқас күні! Бүгін ешкімге құрмет көрсетпейміз! Бүгін Алла Құрайышты қорлайды!, – деп айқай салды.
Бұл сөз Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жүрегіне ауыр тиді. Себебі, оның жүрегінде кек емес, кешірім, жеңістен бұрын жарылқау, қуаттан бұрын кішіпейілділік тұратын. Ол Сағдтан туды алып, Әли ибн Әбу Талибке тапсырды да былай деді:
– Жоқ, Сағд! Бүгін – мейірім күні. Бүгін құрмет сақталатын күн. Бүгін Алла Құрайышты жарылқайтын күн!, – деп айтты.
Міне, осындай еді Алланың елшісі. Жеңіс сәтінде де ол тәкаппарланбады. Жауын баса көктеп емес, жүрекке жол тауып жеңді. Сол күні Мекке тек есігін емес, жүрегін де ашты.
Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) заманында мұсылмандар арасында ешқандай ағымға бөліну болмаған еді. Өкінішке қарай, түрлі себептердің салдарынан бертін келе мұсылмандардың ағымға бөліне бастағаны ислам тарихынан мәлім. Аталған себептерді алғашқыда зерттеп қарағанда оның айтарлықтай маңызы болмағанымен, уақыт өте келе қордаланған мәселелер ұлғая түсті. Нәтижесінде төртінші халифа – хазрет Алидің (Алла оған разы болсын) халифалық кезеңіндегі саяси оқиғалардан кейін дініміздің тармаққа бөлінуі арта түсті. Әсіресе, Әмәуи халифаты билік құрған 661-750 жылдар аралығында саяси-әлеуметтік мәселелер және басқару жүйесіндегі кемшіліктер еріксіз түрде ағымдардың санын арттырды. Сонымен қатар Ислам діні тек арабтармен ғана шектелмей, өзге ұлт өкілдері арасында да кеңінен тарады. Мұсылман қауымы халифат билігіне қарасты жерлерде мекендеген түрлі ұлт пен ұлыс өкілдерінен құралғандықтан, бәрінің бірдей ислам дінінің қағидаларын толыққанды ұстануы мен түсінуі де мүмкін емес еді.
Қоғамда болған діни, саяси және әлеуметтік мәселелер мұсылмандардың ағымға бөлінуіне өзіндік әсерін тигізгені рас. Өкінішке қарай, әр ғасырда түрлі атаулармен үлкенді-кішілі жаңа ағымдардың пайда болуы жиырмасыншы ғасырға дейін жалғасты. Әртүрлі тарихи кезеңдерде пайда болған бұл ағымдардың басым бөлігі тарих сахнасынан жойылғанымен, біразы дүниенің төрт бұрышынан бүгінге дейін үгіт-насихаттарын жүргізіп келеді.
Ал жиырма бірінші ғасырда көбіне саяси мақсаттағы діни ағымдар жиі сөз болып жатқаны баршамызға мәлім. Дегенмен, бұл ағымдар мен ұйымдардың басым бөлігінің негізі орта ғасырдағы ағымдардан бастау алады. Мәселен, тәкфир, уаһһабилік харижиліктен бастау алды, құраншылар мұғтазилиттерден бастау алды.
Ислам тарихында әр ғасырда көрініс тапқандай жаңа дәуірде де бірнеше ағым пайда болды. Соның ішінде уаһһабилік, сәләфилік, хизбут тахрир, такфириттер ағымы ислам әлеміне орны толмас залалын тигізді. Себебі, XVIII-XIX ғасырда ислам әлемі құлдырау мен отаршылықтың құрбанына айналып, мұсылмандар арасындағы ауызбіршілікке айтарлықтай сызат түсті. Мәселен, уаһһабилік «Исламды бидғаттан (дінге енген жаңалық) арылту керек» деген ұранмен талай жазықсыз жанның қанының төгілуіне себеп болды.
Ислам тарихындағы ең ардақты әрі асыл тұлғалар – ардақты Алла Елшісі, соңғы пайғамбар Мұхаммедке (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) иман келтіріп, бүкіл ғұмырларын ақиқат жолында өткізген ізгі сахабалар екені даусыз ақиқат. Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өзінің хадисінде:
«Адамдардың ең абзалдары – менің дәуірімде өмір сүргендер (сахабалар), одан кейінгі буын (табиғиндер) әрі солардың жолын жалғастырғандар (атбағут-табиғиндер)», – деп айтқан (Имам Бұхари).
Алла Тағала қасиетті Құранда:
«Егер білмесеңдер, білім иелерінен сұраңдар», – деп айтқан («Нахыл» сүресі, 43-аят).
«Әһлі сүннет уәл-жамағат» (сүннет халқы және жамағаты) «итиқади» (сенім) және «фиқһи» (құқықтық) мәзһабтардан тұрады. Фиқһи мәзһабтар төртеу: ханафи, мәлики, шафиғи және ханбали. Олардың пайда болуының өзіндік себептері бар. Фиқһ саласының ғылым ретінде қалыптасуының тарихнамасына қысқаша тоқталып өтейік. Хазірет Пайғамбар (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) дәуірінде мұсылмандар күнделікті тіршілік пен құлшылық және әлеуметтік мәселелер жайында сұрақтарын тікелей Пайғамбардан (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сұрайтын. Алла Елшісі (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) ондай сұрақтарға Құран аяттары негізінде, кейде өзінің ойымен жауап беретін. Егер хазірет Пайғамбар (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір мәселеде өз ойынан пәтуа берсе, берілген үкім дұрыс болмай қалған жағдайда Алла Тағала уахи арқылы түзетіп отыратын.
Ал хазірет Мұхаммед (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) пайғамбар қайтыс болғаннан кейін халифалар ислам дінін тарату үшін көрші мемлекеттерге жорық жасады. Сөйтіп, Иран, Ирак, Сирия, Мысыр және Солтүстік Африка елдері халифа билігіне бағынды. Бұл елдерде қаншама ұлт пен ұлыстың, діндер мен діни наным-сенімдердің бар екенін ескерсек, ислам дінінің әмір, тыйымдарына қарсы келетін тұстарының көптеп кездесуі де заңды құбылыс. Аталмыш елдерге исламды үйрету үшін ұстаз ретінде қаншама сахаба жіберілді. Олар ақиқат дінді үйретумен қатар тұрғындар тарапынан қойылған кейбір сұрақтара жауап беріп отырды. Жергілікті халық мәселенің шешімін білетін сахабаларға жүгінді. Олар мұндай жағдайда сұрақтың жауабын әуелі Алланың кітабы Құраннан, болмаса хазірет Мұхаммедтің (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадистерінен іздейтін. Одан да таба алмаса, өздері «ижтиһад» (ақыл ойға сүйеніп, шариғат шеңберінде үкім беру) жасап, пәтуа беріп, мәселені шешіп отырды. Сахабалар бұлай етуде мына бір хадиске сүйенді: «Бірде хазірет Пайғамбарымыз (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Муаз ибн Жәбәл есімді сахабасын Йемен еліне әкім етіп жібермек болады да, одан: «Бір мәселе шықса, қалай үкім бересің?» – деп сұрайды. Муаз: «Әуелі Алланың кітабымен», – деп жауап берді. Хазірет Пайғамбар (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын ): «Егер мәселені одан таба алмасаң ше?» – деді. Ол: «Алла Елшісінің сүннетінен іздеймін», – деді. Хазірет Пайғамбар (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) тағы да: «Одан да таппасаң ше?» – деп сұрады. Муаз бұл жолы: «Ондай жағдайда өз ойымнан пәтуа беремін», – деп жауап береді (Тирмизи, Ахкам 3; Ибн Мажа, Мәнасиқ 38).
Осылайша сахабалар жаңа шыққан мәселеге Құран аятынан яки Пайғамбар хадисінен дәлел таппаған жағдайда өз ойларынан пәтуа беретін. Бұлай істеу әдісі уақыт өткен сайын кең етек ала бастады. Кейбір сахаба өз ойынан берген үкімінің соңына: «Бұл менің пікірім. Егер дұрыс болса – Алладан, қате кетсе – менен», – деп көрсетті. Өз ойымен пәтуа беруші сахабалардың басым көпшілігі хазірет Пайғамбардың (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жанында көбірек болғандар еді.
Пәтуа беру мәселесі бір жүйеге келмегендіктен, әр жерде әртүрлі ағым өкілдері көбейіп, әркім өз бетінше пәтуа берді. Ұлы имамдардың біреуінің пәтуасына тоқтамға келмеген соң, іс насырға шауып, оның ақыры таласқа ұласып жатты. Сол секілді, қазылар да әртүрлі пәтуа беріп, халық арасында түсініспеушілік тудырды. Кімге сенерін білмеген жұртшылық тек сенімді деген ғалымдардың еңбектері мен пәтуаларына жүгінуге себеп болды.
Ол кезеңде ғылым иелері үшін ижтиһад қақпасы айқара ашық еді. Ал ижтиһад жасауға білімі жетпегендер үшін қалаған мужтаһидке жүгіну және пәтуасымен жүру еркіндігі берілді. Қазылар мен ғалымдар белгілі бір заң мен мәзһабқа тәуелді болмағандықтан, арыз-шағымдарды өз ижтиһады бойынша шешіп отырды.
Фиқһи мәзһабтардың шығуына себеп болған мәселенің бірі – ғылыми еңбектердің жүйеге келуі еді. Аббасилер кезеңінде мужтаһидтер фиқһтың барлық тақырыптарының үкімдерін беріп, уақыт өте келе жинақтап, қайсыбір ғалымның түрлі мәселедегі пәтуаларын үйрену мүмкіншілігі туды. Сонымен қатар фиқһ мектептерінің ғалымдары өзара пікірсайысқа түсіп, қолданылған ғылыми әдістер мен фиқһи мәселелер қаламға алынады. Нәтижесінде жүйеге түскен фиқһи әдістер мәзһабтардың пайда болуына өзіндік әсерін тигізді. Сондай-ақ мужтаһидтер арасында Құран Кәрім аяттары мен сүннетті түсіну және үкім шығарудағы айырмашылықтар да фиқһи мәзһабтардың шығуына белгілі бір дәрежеде себеп болды. Өйткені бір мужтаһидке сахих ретінде жеткен сүннет екінші бір мужтаһидке сахих риуаятпен жетпеуі олардың түрлі үкім беруіне итермеледі. Осы секілді жағдаяттар туындаған кезеңде Әбу Ханифа, имам Мәлик, Ахмад ибн Ханбал және имам Шафиғи сынды ғалымдар өзгелерді өздерінің артынан еруге шақырмағанымен, олардың үкімін қолдаушылар көбейді. Уақыт өте құқықтық мектептер имамдардың атымен аталып кетті.
Қоғамда пайда болған жат ағымдардың өзіндік тигізер зияны бар. Атап айтар болсақ, жат ағымдар ең алдымен қоғамдағы ғасырлар бойы қалыптасқан рухани тұтастықты бұзады. Халқымыз Ханафи мәзһабын, Матуриди сенім мектебін ұстанып келген. Бұл жол – байсалдылық, білімге негізделген парасат жолы. Алайда жат ағым өкілдері осы қалыптасқан жүйені теріске шығарып, ел ішіне бүлік салуды көздейді. Олардың «біз ғана хақпыз, қалғаны адасқан» деген радикалды ұстанымы ағайын арасына алауыздық енгізеді.
Жат ағымдардың қоғамдағы ең ауыр соққы беретін салаларының бірі – отбасы институтының әлсіреуі. Ислам отбасыны қоғамның тірегі, адамзаттың тәрбиесі басталатын киелі ұя деп сипаттайды. Ал жат ағымдардың идеологиясы осы ұяны ыдыратуға, ата-ананы сыйламауға, бауырдан безуге итермелейді. Жат ағымға ерген жастар ата-анасын айыптап, олармен тілдесуді де доғарып жатады. Бұл – дінімізде тыйым салынған ең ауыр күнәлар. Құранда Алла Тағала былай бұйырады:
«Бір Аллаға құлшылық жасап, Оған еш нәрсені серік етіп қоспаңдар. Ата-аналарыңа жақсылық жасаңдар», – деген («Ниса» сүресі, 36-аят).
Бұл аят – ата-анаға деген құрметтің діндегі орны қаншалықты жоғары екенін көрсетеді.
Жат ағымға бой ұрған азаматтар әйел мен еркектің міндетін шариғат шеңберінде емес, өздерінің тар түсінігімен өлшеп, отбасының берекесін қашырады. Исламда отбасы – мейірім мен кешірімнің мекені. Алла Тағала:
«Сондай-ақ Оның (құдіретінің шексіздігін көрсететін) айқын дәлелдерінің бірі – оларға бауыр басып, жандарың жай тапсын деп, сендер үшін өз болмыстарыңнан жұбайлар жаратып, араларыңа сүйіспеншілік һәм мейірім сезімін ұялатқаны. Міне, осының өзінде ақылға салып ойланатын қауым үшін ап-айқын дәлелдер мен талай ғибрат бар», – деп, («Рум» сүресі, 21-аят) ерлі-зайыптылардың арасындағы сүйіспеншілік пен мейірімнің маңыздылығын айтады.
Отбасы – шағын мемлекет. Ал егер жат ағым сол мемлекеттің ішіне іріткі салса, онда бүтін қоғамның іргесі сөгіледі.
Асыл Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Сендердің ең жақсыларың – отбасыңа қамқор болғандарың», – деген (Тирмизи).
Халқымызда «Отан – отбасынан басталады» деген тағылымды сөз бар. Олай болса, отбасымызды жат ағымнан қорғау – тек діни емес, ұлттық әрі адами міндетіміз. Балаға дұрыс бағыт көрсету, ерлі-зайыптылардың мейірімділігі мен түсінігі, ата-анаға құрмет – дініміздің де, дәстүріміздің де өзегі.
Ұлтты ұлт ететін тіл мен дін болса, оны ұстап тұрған – дәстүр мен руханият. Дін – адамды өркениетке жетелейтін құндылықтар жиынтығы, ал ағым – сол құндылықтардан ажырататын бөгде күш.
Қазақ ұлтының тарихи жолы – Ханафи мәзһабы мен Матуриди сенімінде қалыптасты. Бұл – біздің рухани қалқанымыз.
Жат діни ағымдардың айқын сипаты – өздерінен басқа барлық мұсылмандарды адасқан деп санауы. Олар өз тобына кірмегендерді «хақ жолында емес», «бидғатшы» деп айыптап, рухани және әлеуметтік түрде шеттетуге тырысады. Бұл – Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сүннетіне қайшы. Мұндай топтар ел ішіне іріткі салып, бірлік пен бауырмалдыққа үлкен сызат түсіреді.
Кейбір жат ағым өкілдерінің ерекшелігі – қазіргі мемлекеттік құрылымды, оның заңдарын, рәміздерін түгелдей жоққа шығаруында. Олар:
. Заң мен билікті «тағуттық» жүйе деп бағалап, оған бағынуды күпірлікке балайды,
. Еліміздің Әнұранын айту, Туға құрмет көрсету сияқты әрекеттерге қарсы шығып, оларды ширкке балап, жастардың санасын улайды. Бұл – ұлттық бірегейлікке, елдік тұтастыққа қарсы бағытталған қауіпті іс. Себебі, Әнұран – елдің тәуелсіздігін айқындайтын қасиетті рәміз, ол жеке адамға емес, туған жерге, елге, халыққа деген құрметтің белгісі.
Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Мәдинаға қоныс аударғанда сол жердің дәстүрі мен тәртібін бұзбай, керісінше, жергілікті халықпен келісімге келіп, бейбіт өмірді сақтауға күш салды. Демек, шынайы мұсылман – еліне құрметпен қарайтын, тыныштықты, тәртіпті жақтайтын адам.
. Мешіт имамдарына қарсы насихат жүргізеді. Жат ағым өкілдері жақтас жинау үшін, өз сенімін насихаттау үшін көбіне мешіт имамдарына қарсы теріс пікір таратады. Олар имамдарды «шынайы дінді жеткізбейді», «ақиқаттан алыс» деген секілді жалған айыптаулар айтып, жамағаттың сенімін шайқалтқысы келеді. Имамдардың уағыз-насихатын мойындамай, өздерінің бейресми «шейхтарын» алға тартады.
Мұндай әрекет жамағатты екіге бөлу, мешітке деген құрметті азайту, дін қызметкеріне деген сенімсіздік тудыру арқылы алауыздыққа жол ашады.
Жат ағымдардың алдын алу жолдары:
1.Дінге қатысты сұрақтың жауабын және мәліметті сенімді арналардан алу ең басты қорған. Мысалы, мешіт имамынан сұрау. Діни білім алғысы келсе, медресе, университеттерге оқуға түсу.
2.Отбасындағы діни тәрбие. Баланың діни ұстанымы мектепке жетпей-ақ отбасында қаланады. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» дейді қазақ. Дінге қызыққан балаға дұрыс бағытты ата-ана беруі керек.
3.Интернет және медия сауаттылығы. Жат ағымдардың негізгі қаруы – әлеуметтік желілер. Сондықтан жастарға діндегі кез келген ақпаратты тексеру мәдениетін үйрету керек.
4.Заң және қоғамдық қауіпсіздік. Елімізде экстремизм мен радикализмге қарсы нақты шаралар қарастырған. Әр азамат оны білуге тиіс. Сонда ғана қоғамның қауіпсіздігі сақталады.
5.Жамағатпен байланыс. Мешітке жиі келу, имаммен байланыста болу, жамағат ішінде болу – жат ағымдарға қарсы иммунитет. Жалғыз жүрген адам қаскөйлердің нысанасына ілінеді, ал жамағатта қорған бар.
Сондықтан біз жат идеологияға ақылмен, біліммен, көркем насихатпен қарсы тұруымыз керек. Ата дінімізді, ата жолымызды ғылыммен, сабырмен, мейіріммен қорғайық!
Алла Тағала бізге Ислам дінін аманат етті. Ата-бабаларымыз ғасырлар бойы осы аманатқа берік болып, Ханафи мәзһабы мен Матуриди ақидасын ту етіп, елдің бірлігі мен берекесін сақтап келді. Бірлік кеткен жерден береке кетеді. Бөлінушілік – құлдырауға, бірлік өрлеуге бастайды. Бабаларымыздың «Алтау ала болса, ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса, төбедегі келеді» деген нақылы дәл осыны меңзейді.
Жат діни ағымдар – бүгінгі қоғамның басты жауы. Олар жүрекке іріткі салып, жамағатты жікке бөлу арқылы әлсіретуді мақсат тұтады. Олардың мақсаты – дінді тазарту емес, керісінше, оны бөлшектеу.
Еліміздің амандығы мен дініміздің тұтастығы әрбір адамның жауапкершілігінде болмақ. Бірлікті сақтау – иманның белгісі. Бөлінушілікке жол бермей, дұрыс сенімді қорғау – Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сүннетін сақтау.
Алла Тағала бізді іріткі мен бүліктен сақтап, бірлік пен ынтымақтың туын биік ұстайтын қоғам қылғай! «Береке – бірлікте, ырыс – ынтымақта» деген ата-бабамыздың өсиеті әрдайым жүрегімізде болсын!

Әлімбек Байназаров,
дінтанушы, ғалым

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.