Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

Сот сараптамалары саласына соны серпін

0 108

Таразда Сот сараптамалары институтының жаңа ғимараты пайдалануға берілді. Салтанатты шараға Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков арнайы қатысып, ізгі тілегін білдірді.

– Жамбыл облысы бойынша Сот сараптамалары институты жаңа заманауи ғимаратқа көшіп, материалдық-техникалық базасын нығайтуы және сараптамалық қызметтің сапасын арттыруы салаға тың серпін беретіні сөзсіз. Қазіргі таңда институт өз жұмысын жаңа деңгейде, заманауи талаптарға сәйкес бастап отырғанына қуаныштымыз.

Өткен жылы облыс және қала әкімдіктерінің қолдауымен ауданы 2 мың шаршы метр болатын жаңа ғимарат сатып алынды. Желтоқсан айында ғимаратты күрделі жөндеуге 200 миллион теңге көлемінде қаражат бөлінді. Жөндеу жұмыстары сәтті аяқталып, 90-ға жуық қызметкер жаңа ғимаратта еңбек етуге кірісті. Бұл өз кезегінде сот сараптамаларын сапалы, уақытылы және дәл жүргізуге мүмкіндік береді. Мұның барлығы сот жүйесінің ашықтығы мен әділдігіне, сондай-ақ азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға өз үлесін қосады деп сеніммен айта аламыз, – деді шаһар басшысы.

Келесі кезекте сөз алған Сараптамалық қызметті ұйымдастыру департаментінің басшысы Алан Тленчиев пен Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі Сот сараптамалары орталығының директоры Бақытжан Байтілесов жаңа ғимарат сот сараптамасының жұмысын ілгерілетуге тың серпін беретінін айрықша атап өтті.

Жаңа нысанда сот сараптамасының төрт негізгі бағыты бойынша, атап айтсақ химия-токсикология, биология, медициналық криминалистика және наркология салаларында қызмет көрсетіледі. Сонымен қатар сот-медициналық және сот-психиатриялық сараптама кабинеттері, зертханалар, кеңсе, мәжіліс залы мен мұрағат бөлмелері қарастырылған. Бұған қоса ғимарат қауіпсіздік жүйесімен толық қамтылып, 21 бейнебақылау камерасы орнатылған.

Институттың тарихына көз жүгіртсек, аймақта 1952 жылдан бері сот-медициналық сараптамасы, ал 1992 жылдан бастап сот сараптамасы бағыты тұрақты дамып келеді. 2017 жылы бұл екі бағыт біріктіріліп, бірыңғай Сот сараптамалары институты ретінде қайта құрылған болатын.

Құрмаш Қаптағай

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.