Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

Қоғамдық көлік – қала тіршілігінің күретамыры

Таразда жаңа 20 автобус пайдалануға берілді

0 97

Қала тұрғындарын қоғамдық көлікпен қамту қашанда маңызды. Бұл шаһар логистикасын дамытып, өңір экономикасына тың серпін берері сөзсіз. Осы бағыттағы жұмыстар оң нәтижесін беріп, соңғы жылдары Тараз қаласында қоғамдық көліктер жаңартылу үстінде.

Айталық, күні кеше Тараздағы қоғамдық көліктердің қатары тағы 20 автобуспен толықты. Шараға Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков арнайы қатысып, жүргізушілерге автобустардың кілттерін табыстады.

«Smart City Service» ЖШС алып келген «ZHONG TONG» маркалы жолаушы көліктері төмен еденді, пандустармен, ішкі және сыртқы камераларымен, ауа баптағыштармен (кондиционер) қамтамасыз етілген. Бұл автобустар серіктестік қызмет көрсететін №62 маршруттағы кесте санын 8-ге арттырып, маршрутты Нұрлы жол көшесі арқылы «Солнечный» алқабына дейін ұзартады. Сондай-ақ 10 автобус қалалық №1 маршруттағы тозығы жеткен «Dongfeng» және «ПАЗ» марқалы автобустарды алмастырады. Қалған 2 қоғамдық көлік осы маршруттарға резерв ретінде қолданылады.

Айта кетерлігі, серіктестік қазіргі уақытта 6 маршрут бойынша қызмет көрсетуде. Мұнда жылжымалы құрам саны осы жетізілген 20 автобусты есепке алғанда 79 бірлікті құрап отыр.

Бүгінде шаһарда жолаушы тасымалы бағытында 8 мекеме 43 бағыт бойынша қызмет көрсетеді. Жалпы саны 457 автобустың 310-ы – үлкен сыйымдылықты, пайдаланылғанына 3 жыл толмаған жаңа қоғамдық көліктер. 2024 жылы жеткізілген 155 автобус есебінен жаңадан 3 маршрут ашылса, 10 бағыттың көліктері толық жаңартылып, ал 4 маршруттың автобустары ішінара ауыстырылды.

Қоғамдық көліктерді жаңарту және тасымалдаушы мекемелердің шығындарын өтеу үшін жергілікті бюджет есебінен жыл сайын субсидия бөлінуде. Мәселен, 2024 жылы 5,3 млрд теңге субсидия игерілсе, ағымдағы жылы 5,1 млрд теңге қарастырылып, 3,8 млрд теңгесі тиімді жұмсалды. Сонымен қатар 2023-2025 жылдар аралығында қосымша 11 бағыт қосылып, қазіргі уақытта олардың саны 43-ке жетті. Бұдан бөлек, биыл 75 аялдама орнатылып, тағы 5 жаңа маршрут ашу жоспарлануда. Олар Байзақ және Жамбыл аудандарынан қосылған елді мекендерге қатынайды.

Айта кетер жайт, қаланың өркендетуге бағытталған үш жылдық даму картасында қоғамдық көліктерді көбейту көзделген болатын. Бұл меже 2 жылдың ішінде-ақ артығымен орындалды. Дегенмен, биыл да бұл жұмыстар өз жалғасын тауып, жыл басынан бері 35 қоғамдық көлік алынды.

Бұған қоса тамыз айында тағы 50 бірлік «Zhongtong» маркалы автобустарды коммуналдық теңгерімге қабылдап, екі ауданнан қосылған елді мекенге 5 маршрут бойынша қолданысқа беріледі. Сонымен қатар тасымалдаушы мекемелер есебінен тағы 30 бірлік автобус жеткізу көзделуде. Соның арқасында 8 маршрут толық жаңартып, 3 бағыттағы автобустар ішінара ауыстырылады. Осылайша, жыл соңына дейін тағы 85 қоғамдық көлік сатып алынбақ.

Құрмаш Қаптағай

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.