Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

Қаланы көркейтуге көп көңіл бөлінуде

0 73

Қалада көпқабатты үйлердің қасбетін қайта жаңғырту жұмыстары жалғасуда. Осыған орай шаһар басшысы Бақытжан Орынбеков Абай даңғылы, Әйтеке би және Қазыбек би көшелерінде шаһарға бірыңғай сәулеттік келбет беру жобасының құрылысына барды.

Бүгінде аталған аумақта 8 үйдің құрылысы басталып, жұмыс қарқын алған. Ал биыл жалпы 16 үйдің қасбеті және шатырлары күрделі жөндеуден өтеді. Олар – Абай даңғылындағы №117, 121, 123, 127, 128, 129, 130, 132, 134, 139, Әйтеке би көшесіндегі №1 , 2 және Қазыбек би көшесіндегі №103, 113, 120, 140 үйлер.

Жоба аясында тұрғын үйлердің тарихи атаулары жаңғыртылып сол қалпында қайта орналастырылады. Шаһар басшысы жауаптыларға жұмысты сапалы әрі ауа райына төзімді етіп орындауды тапсырды. Тұрғындармен тілдесіп, көтерілген мәселелерге түсіндірме жұмыстарын жүргізді.

Айта кетейік, 2024 жылы Төле би және Желтоқсан көшелеріндегі 13 үйдің қасбеті қайта жаңғыртудан өтіп, тұрғындар тарапынан қолдау тапқан болатын. Бұл жемісті жоба алдағы уақытта да жалғасын таппақ.

Қаланың келбетін ашып, көркін кіргізіп тұрған әрі тұрғындардың көзіне оттай басылатын нысанның бірі Абай даңғылының теміржол өткелі маңындағы арка болатын. Аталған аумақта үлкен көпірдің құрылысы басталуына байланысты тараздықтар бұл арканың тағдырына алаңдаушылық білдіріп жүрген еді. Көпір құрылысымен танысуға барған қала әкімі Бақытжан Орынбеков көптің көкейіндегі сауалдың нақты жауабын берді.

Анығын айтар болсақ, шаһар басшысы  қаланың символдарының біріне айналған сәулет нысанын қалпында сақтап, мұқияттылықпен 70 метр солға қарай қайта орналасатынын жеткізді. Ендігі кезекте аталған арка темір жол көпірі жобасындағы жаяу жүргіншілерге арналған өткел алдына қойылады.

Қаланың ертеден келе жатқан сәулеттік туындыларын сақтау маңызды екенін айтқан Б.Орынбеков жұмысты өз деңгейінде атқару үшін жауаптыларға арнайы тапсырма берді.

Осылайша қоғамда көтерілген тағы бір мәселе өз шешімін тапты.

Еркін САЙЫН

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.