Қалалық қоғамдық-саяси газет

Жасөспірімдер қылмысы азаймай тұр

0 326

Жасөспірімдер арасындағы қылмыс неге жиілеп кетті? Оған кім кінәлі немесе кім жауапты? Кәмелетке толмағандармен жасалатын құқық бұзушылық қайткенде азаяды? Ол үшін не істеу керек? Бұл сауалдардың жауабы №30 мектеп-гимназиясында өткен жиында кеңінен қаралды.

Арайлым Шабденова

Шаһар басшысы Қайрат Досаев пен Тараз қалалық полиция басқармасының бастығы Ардақ Мадимаров, Жергілікті полиция қызметінің қызметкерлері, мектеп инспекторлары, қалалық білім бөлімінің қызметкерлері, мектеп директорлары, олардың орынбасарлары мен арнайы орта білім беру мекемелерінің басшылары қатысқан жиында бірқатар мәселелер қаралды. Жамбыл облысы полиция департаменті мен Тараз қаласы әкімдігінің басшылығымен ұйымдастырылған бірлескен кездесуде кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстың, сондай-ақ жасөспірімдердің құқық бұзушылықтарының алдын алу бойынша жауапты сала мамандары хабарлама жасады. Алдымен қалалық ПД Жергілікті полиция қызметінің бастығы, полиция полковнигі Сәбит Мамытбеков баяндама жасап, жасөспірімдер арасында құқық бұзушылықтың алдын алу бойынша атқарылған жұмыстар мен соңғы 8 айдың қорытындысын ортаға салды. Баяндамашы жасөспірімдер құқық бұзушылықтарының негізгі саны кешкі уақытқа келгенін, сондықтан 23.00-ді күтпестен, кештен бастап жедел-алдын алу іс-шараларын өткізу орынды екенін атап өтті.

– Ағымдағы жылдың сегіз айында жасөспірімдердің құқық бұзғаны үшін олардың ата-анасы мен заңды өкілдеріне, сонымен қатар ересектерге 2796 әкімшілік хаттама толтырылды. Ол өткен жылмен салыстырғанда 496 дерекке артқан. Ал қала аумағында кәмелетке толмағандармен 60 қылмыс жасалған, өткен жылы олардың саны 53 болған. Басым көпшілігінде кәмелетке жасы толмаған жасөспірімдермен мүліктік қылмыстар жасалынған, олардың өсімі 32,4 пайызды құрады, яғни 41 ұрлық дерегі, 7 дерегі тонау. Қылмыс жасағандардың ішінде мектеп қабырғасында оқитын 26 оқушымен – 21 қылмыс, орта арнаулы білім ордасында оқитындармен – 34 қылмыс, еш жерде оқымайтындармен 5 қылмыс жасалған. Сондай-ақ кәмелетке толмағандарға қатысты жасалған 102 қылмыс тіркелген, оның ішінде өткен жылы – 64, яғни кәмелетке толмағандарға қатысты жасалған қылмыстардың 59,3 пайызға (64-тен 102-ге) артқаны байқалды. Күнделікті рейдтік және алдын алу жұмыстары барысында Тараз қаласының полиция бөліміне 3082 кәмелетке толмаған жасөспірім, кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына 231 жасөспірім жеткізілген. Қаланың колледждері мен мектептерінде ата-аналар жиналысы өткізілді, онда ата-аналарға ҚР ҚК, ҚР ӘҚБтК баптары түсіндірілді, – деді полиция полковнигі Сәбит Мұсабекұлы.
Жиын барысында белгілі болғандай, бүгінде білім бөліміне қарасты 60 мектепте – 74029, кешкі мектепте – 284, барлығы 74313 оқушы білім алуда екен. Оның ішінде 94-і қылмыстық жазаларын өтеу колониясында бас бостандығынан айырылғандар. Оқушылардың әлеуметтік, тұрмыстық жағдайларына жүргізілген мониторинг бойынша белгілі болғаны: көпбалалы жанұя – 6632 (25221 бала), аз қамтылған отбасы – 3588 (17546 бала), жайсыз отбасы – 66 (126 бала), толық емес отбасы балалары – 10348 (анасымен бірге тұратыны – 8428, тек әкесімен тұратыны – 917, қамқорлықта – 530, туысқан немесе ата-әжелерінің қолында тұратындары – 473) болып отыр. Есепке алынған 55 оқушының (2017 ж. – 71, 2018 ж. – 62) 31-і құқық бұзушылық фактілерімен есепке алынса, ал қалған 24-і қылмыстық әрекеттері үшін қойылғандар. Есепке алынған оқушылардың 21-і толық отбасынан, 34-і толық емес отбасы балалары. Полиция бөлімшелерінің есебіне тіркелген құқық бұзушылықтың басым бөлігін №№2, 7, 10, 11, 28, 35, 38, 50 және кешкі мектеп оқушылары құрап отыр. Жоғарыда аталған полиция бөлімдерінің есебіне алынған 55 оқушының сабақтан тыс уақыты білім бөлімі мен мектептердің қатаң бақылауына қойылып, 42-сі үйірмелерге тартылған екен.

– Кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыс пен құқық бұзушылықтың басым бөлігі талдау көрсеткендей аз қамтылған, жайсыз отбасы балалары тарапынан және сабақтан тыс уақыттарда орын алған. Осыған байланысты оқушылардың бос уақытын тиімді пайдалану мақсатында жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімімен бірлесе отырып үйме-үй аралау жұмыстарын жүргіздік. Себебі отбасындағы тұрақтылық пен ата-ана жауапкершілігі болмаса, қоғам тарапынан алдын алу жұмыстары әлсіз болары сөзсіз. Сондықтан құқық қорғау органдары тарапынан заңнама талаптарына сәйкес ата-аналар жауапкершілігін күшейтуге байланысты жұмыстарға ықпал ету қажет етіледі. Жоғарыда атап өтілген кемшіліктердің бар болғаны мектептерде профилактикалық жұмыс әлі де өз деңгейінде жүргізілмей жатқанын көрсетеді. Құқық бұзушылықтың алдын алу бағытындағы жұмыстардың бірлесіп, сапалы атқарылуы басты назарда болып, бақылау күшейтілетін болады, – деді қалалық білім бөлімінің басшысы Мүбарак Жинақбаева.

Жиын барысында №№29, 26 және 11 орта мектептерінің оқушылары жасаған құқық бұзушылықтың нақты фактілері талқыланды. Қала әкімі Қайрат Досаев №29 орта мектептің директоры Г.Сламовқа және мектеп инспекторына, олардың құқық бұзушылықтың алдын алу, әскери-патриоттық тәрбиедегі олқылықтарды және мектеп секциялары мен үйірмелерінің жұмыстарына көңілі толмайтындығын жеткізді. Кеңес соңында шаһар басшысы құқық қорғау органдары мен білім бөлімінің жасөспірімдер қылмысына қарсы күрестегі бірлескен іс-әрекеттерінің маңыздылығына тоқталып, аталған мектептерде құқық бұзушылықты тексеру жөніндегі комиссия құруды, сондай-ақ қосымша мектеп секциялары мен үйірмелерінің ашылуына назар аударуды тапсырды.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.