Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

Ел алғысын арқалаған Елжан

0 93

Қай уақытта болсын, өрт сөндіруші мен құтқарушы мамандығы өмірде аса қажет. Өйткені, олар аса қымбат адам өмірін құтқарумен айналысады. Су тасқыны, өрт, апаттар, тіпті қарапайым тұрмыстық мәселелерде ең алдымен біз құтқарушылардан көмек сұраймыз. Қиындыққа қарамастан, олар зардап шеккендерге алғашқы көмек көрсетуге асығады.

Алайда, өрт сөндірушілер мен құтқарушылардың өздері бұл ауыр да абыройлы жұмыстарымен жаһанға жар салып, мақтанбайды. Батыл мамандар елдің кез-келген жеріне жедел көмекке келуге дайын. Адам өміріне қауіп төнген уақытта еш кідіруге болмайды. Міне, осындай мамандық иесінің бірі – Тараз қаласындағы №1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің ұжымы арасында   азаматтық қорғау подполковнигі Елжан Ережепов. Ол – тәжірибелі басшы, мықты офицер және азаматтық қорғау саласындағы қызметін төменгі сатыдан бастаған жан.

Бүгінде Төтенше жағдайлар департаментінде ең жауапты әрі техникалық тұрғыдан жабдықталған бөлімшелерінің бірін басқаратын маман қиындығы мол саланы саналы түрде таңдап, 2006 жылы Көкшетау техникалық институтына оқуға түсіп, бірнеше жылдан кейін Сарысу ауданында алғашқы қызмет жолын бастады. Кейін Төтенше жағдайлар департаментінің түрлі бөлімдерінде қызмет атқарып, мол тәжірибе жинады.

Жалпы, Елжан Ережеповтің өмір жолы  жай ғана табысты офицердің тарихы емес,  үлкен отбасылық дәстүрдің жалғасы. Айталық, бала Елжан – Тараз қаласындағы өрт сөндіру бөлімінің жатақханасында өскен. Ағасы Ілияс және інісі Жанболатпен бірге дабыл үнін, каска мен рацияның дыбысын тыңдап ержетсе, әкесі өмірінің 25 жылын өртке қарсы қызметке арнаған, бөлімше командирі, прапорщик шеніндегі ардагер болған.

– Құтқарушы болу үшін жүрек керек. Сондықтан бұл жұмыс таза ер адамдардың жұмысы және оған ер мінезді адамдар ғана шыдай алады. Бұл мамандыққа кездейсоқ адам келмейді. Өйткені, бұл мамандық жақсы физикалық дайындықты, жүйке бекемділігін, төзімділікті, тасып-тулаған апат алдында қорқынышты жеңе білу қабілеттілігін және мінсіз абырой-беделді талап етеді. Мен өзімді абыройлы мамандық иесімін деп санаймын. Сондықтан осы салада жүргеніме еш өкінбеймін, – дейді Елжан Толыбайұлы.

Бүгінде кейіпкеріміз басқаратын мамандандырылған бөлімде бірнеше кәсіби маман еңбек етеді. Ол ұжымда талапшылдығы, әділеттілігі, тәртіптілігі және жоғары адами қасиетімен құрметке ие. Жас мамандар үшін ол – тек басшы ғана емес, бағыт-бағдар беретін тәлімгер ұстаз.

Әрине, өмір бар жерде қатер де бар. Сын сәтте, қиын жағдайда жедел де сауатты қимылдайтын  Елжан сияқты құтқа­рушылардың қызметіне қоғам әрқа­шан зәру. Сондықтан сала маманының еңбегіне жеміс тілейміз!

Жұмаш ЖОЛБОЛДЫ

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.