Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

Кемел келешекке кепіл болған құнды құжат

0 261

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2024 жылғы «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты халыққа арнаған Жолдауында әлеуметтік әділеттілік, экономика, және қоғамдық қауіпсіздік мәселелеріне ерекше назар аударып әртүрлі салаға маңызды реформалар ұсынды.

 Бұл Жолдау елдің дамуының жаңа кезеңіне өтуіне жол ашады. Халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту, білім беру мен денсаулық сақтау салаларына қатысты реформалар назардан тыс қалмады. Құнды құжатта оқытушылардың  жалақысын арттыру, білім сапасын жақсарту бойынша нақты шаралар қабылдауды ұсынды. Президент өз сөзінде білім беру жүйесін жетілдірудің маңыздылығын атап өтіп, Қазақстанның әлемдік деңгейдегі білім беру стандарттарына сай болуын қамтамасыз ету үшін бірқатар нақты шараларды ұсынды. Бұл қадамдар елдің болашақтағы дамуы үшін шешуші мәнге ие. Жоғары білім саласында университеттер мен колледждердің білім беру сапасын арттыру және олардың халықаралық рейтингтердегі орнын нығайту міндеті қойылды. Академиялық еркіндікті қамтамасыз ету, білім беру мекемелерінің заманауи технологияларды қолдануын және студенттердің қажетті дағдыларды меңгеруін қолдау туралы айтты. Бұдан бөлек, ғылыми-зерттеу жұмыстарын дамытуға ерекше көңіл бөлінді.Қазақстанның ғылым саласындағы әлеуетін арттыру мақсатында ғылым мен білімді біріктіру, инновациялық жобаларға қолдау көрсету керектігін атап өтті. Ғылыми зерттеулер мен жаңа технологияларды өндіріске енгізу елдің экономикалық дамуына елеулі үлес қосатыны айтылды.

     Аталған Жолдау сапалы білім беру мәселесін алдыңғы қатарға шығарып, елдің білім беру жүйесін жаңғыртуды көздейді. Президент Қ.Тоқаев ұсынған реформалар оқу орындарының материалдық-техникалық базасын нығайтуға, мұғалімдер мен оқытушылардың біліктілігін арттыруға және заманауи білім беру әдістерін енгізуге бағытталған. Сапалы білім – елдің болашағын айқындайтын басты факторлардың бірі, сондықтан бұл саланы дамыту Қазақстанның ұзақ мерзімді дамуының кепілі болмақ. Сонымен қатар, жұмыссыздықпен күресу, әсіресе жастар арасындағы жұмыссыздықты азайту мәселелері Жолдауда кеңінен қаралды. Жастарды жұмыспен қамту және оларға қажетті қолдау көрсету – елдің ұзақ мерзімді дамуындағы маңызды басымдықтар ретінде қарастырылады.

    Сонымен қатар Жолдауда айтылған аса маңызды аспектінің бірі – бизнесті қолдау. Мемлекеттің, әсіресе Ұлттық қордың ақшасы оңды-солды шашу жол емес. Инвестициядан бөлек елде іскерлік белсенділікке қан жүгірту ләзім. Осы мақсатта жазылып жатқан жаңа Салық кодексін қабылдауға ертерек. Барлық тараптың мүддесі ескерілуі шарт.

   –  Салықтық әкімшілендіру ісінде жазалау тәсілінен де бас тартқан абзал. Мәжбүрлеу шараларын қолданбай-ақ, хабарлама жіберу арқылы өндірілетін салық берешегінің жоғарғы шегін көтеруге болады деп ойлаймын. Ал салық берешегі осы шектен асып кетсе, қарыз сомасы аясында ғана шектеу қойылуға тиіс. Яғни борышкердің банктегі есепшоты толық бұғатталмайды. Берешек сомасы тым көп болған жағдайда кепілге мүлік қоюды талап етпей, қарызды бөліп төлеуге мүмкіндік берген жөн, деген Президент шағын және орта бизнеске қолдау күшейтілуі тілге тиек етті.

Бұдан бөлек Жолдауда еліміздің кадрлық әлеуетін арттыруға да баса мән берілді. Бұл туралы Мемлекет басшысы «Экономиканы білікті мамандармен қамтамасыз ету – аса өзекті міндет. Ең алдымен, су, энергетика, құрылыс және басқа да салаларда қатты байқалып отырған кадр тапшылығын жою қажет.

Сондай-ақ болашақта сұранысқа ие болатын кәсіптер үшін білікті мамандар даярлау керек. Бұл бағытта нақты жұмыстар басталды.

Үкімет жоғары білім саласын халықаралық білім беру кеңістігімен ықпалдастырып жатыр. Қазірдің өзінде елімізде шетелдің белгілі 23 жоғары оқу орны жұмыс жүргізе бастады.

Оларға мейлінше қолдау көрсету керек. Атап айтқанда, маман даярлауға берілетін мемлекеттік тапсырысты біртіндеп көбейткен жөн. Бұл тәсілді білім бағдарламасы заман талабына сай келетін өз оқу орындарымызға да қолдануға болады.

Осы ретте грант құны жастарды сапалы оқытуға мүмкіндік беруге тиіс. Мемлекет қаржысын университеттің бәріне шашып, оңды-солды тарата беруге болмайды.

Үздік университеттердің нақты сектормен байланысын нығайту керек. Инновациялық саясатты еліміздің ғылыми-технологиялық басымдықтарымен үйлестіру қажет. Мұндай қадам әр саладағы инновацияға серпін береді. Сондай-ақ жоғары оқу орындарындағы қолданбалы ғылымның әлеуетін арттырады. Сонымен қатар ғалымдардың шетелдегі тағылымдамасын әншейін синекураға және «академиялық туризмге» айналдырмау керек.

Жоғары оқу орындары ғана емес, техникалық және кәсіптік білім беру мекемелері де білікті кадрлар даярлауы қажет. Үкімет колледжде жақсы оқыған түлектерді мамандығы бойынша мемлекеттік қызметке алу мүмкіндігін қарастыруға тиіс, – деген Қасым-Жомарт Кемелұлы кәсіптік білім беру саласына реформа жасау –экономиканың өсімін қамтамасыз ету және инвестициялық тартымдылығын арттыру үшін аса қажет қадам екенін айрықша атап өтті.

Қорыта айтқанда, бұл Жолдау Қазақстанның ұзақ мерзімді дамуына бағытталған маңызды қадамдардың бірі болды. Елдің әр саласындағы реформалар мен жаңалықтар болашақта халықтың әл-ауқатын арттыруға және экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

 

 

Жұмаш ЖОЛБОЛДЫ

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.