Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

Дарыны ерек датқа даласының жастары

0 140

       Жастар – қашанда қоғамның қозғаушы күші. Болашағын бағамдайтын мемлекет жастарының санасының ояу, білімінің жоғары болуына басты мән береді. Білім мен ғылымның салтанат құруы Отанның еңсесін ешкімге бастырмауға сеп болатынын бүгінгі заман дәлелдеп отыр. Елiмiздiң болашағы жастардың еңбекқорлығына, талап-тiлегiне, арман-мұратына байланысты.

      Олар ата-бабаларымыздан мұра болып келе жатқан құндылықтарымызды, тарихи дәстүрлерiмiздi жаңғыртып, оны алға бастырып қана қоймай, экономикасын, ғылымын да дамытуға, жiгерлене ел үшiн еңбектенуге мiндеттi. Жастарымыз отаншыл, білімпаз, еңбекқор, үнемшіл, әділ әрі жанашыр болуы қажет екендігін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев үнемі жастардың есіне салып келеді. Айталық 2023 жылы Ақордада Республика күніне орай өткен салтанатты жыйында Президент: «Шын мәнінде, кез келген мемлекетті тұрғындарына қарап бағалайды. Яғни, біздің қандай ел боларымыз өскелең ұрпаққа байланысты. Сондықтан жастарымыз отаншыл, білімпаз, еңбекқор, үнемшіл, әділ әрі жанашыр болуы қажет. Жастар спортпен, дене шынықтырумен айналысуы керек. Мен мұны үнемі айтып жүрмін. Осы құндылықтарды барынша насихаттап, тарату қажет. Сонда жеке адамның қасиеті тұтас ұлттың қасиетіне айналады», – деген болатын.

       Сондай-ақ бүгінгі жастарды Қазақстанның келбеті деуге болатындығын баса айтты Мемлекет басшысы жастар кез келген өзгеріске бейім болатынын жеткізіп, «Әр нәрсені бойына тез сіңіреді. Мен сіздерді жақсыдан үйренуге, жаманнан жиренуге шақырамын. Ұлы Абай айтқан бес нәрседен қашық, бес нәрсеге асық болыңыздар. Сіздер дәріптеген құндылықтар қоғамда тез орнығады. Сіздер қолдаған өзгерістер жылдам жүзеге асады. Бәріміздің тілегіміз – бір, бұл – қоғамымызда жаппай әділеттік орнату. Ендеше, мақсатымызға бірге жетейік. Мен жас ұрпақтың жасампаздық қуатына сенемін. Өздеріңіз сияқты саналы ұл-қыздары бар Қазақстан өркениет көшінің басында болары сөзсіз», – деп жастарға үлкен сенім артқан болатын.

       Мемлекет басшысы сенім артқан жастар ретінде – Байзақ ауданының жастарының атқарып жатқан шаруалары аз емес. Жалпы Байзақ ауданында болашақтың тірегі – жастардың жан-жақты дамуына барлық жағдай жасалып келеді. Білім, өнер, спорт саласында аудан жастары айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізіп, түрлі байқауларда, байрақты бәсекелерде жеңіс тұғырынан көрініп, батырлар мен ақындар елі атанған Байзақ ауданының абыройын асқақтатуда. Бұған Байзақ ауданы әкімдігі ішкі саясат бөлімінің «Жастар ресурстық орталығы» КММ тарапынан атқарылып жатқан жүйелі жұмыстар айқын дәлел болады.

     Бүгінде ауданымызда жалпы 27 724 жас тұрмыс кешуде, бұл аудан халқының 29,1%  пайызын құрайды. Бұл жастар әуелі еліміздің ертеңі, мемлекетіміздің болашағы. Бұлардың қатарында қоғамда талай белестерді бағындырып, өзін-өзі дәлелдеген жастар жетерлік.

       Мемлекет тарапынан жастарға арналған мемлекеттік бағдарламалар мен жобалар туралы жастарға кеңес беру және ақпараттандыру арқылы жасөспірімдер мен жастардың жеке және әлеуметтік дамуына жәрдемдесу мақсатында  «Jastarga kenes» республикалық жобасы жалғасып келе жатқаны көпке мәлім. Жоба аясында аудан әкімдігінің бөлімдерімен бірлесіп, ауыл және ауылдық округтерде мемлекеттік бағдарламаларды насихаттау мақсатында кәсіпкерлік, жұмыспен қамту, тұрғын үй, құқықтық, психологиялық бағытта кеңестер беру үшін түрлі сала мамандарын тарта отырып, ауыл және ауылдық округтерде 11  көшпелі кеңес беру, 24 ашық есік күні ұйымдастырылды.

      Кеңес беру  алаңдары нәтижесінде,  «Отбасы банкі» арқылы 98  жас тұрғын үй алу және бастапқы жарналарды жинақтау үшін депозит ашты. Бүгінгі күнге әр түрлі бағытта 1 981 жасқа консультациялық кеңестер беріліп, жастар мәселесін оңтайлы шешу мақсатында тиісті мекемелерге жолданды.

      Бәрімізге мәлім, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылғы 1 қыркүйектегі «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Қазақстан халқына  арнаған Жолдауында «Балаларға арналған ұлттық қор» жобасын іске қосу туралы бастама көтеріп: «Әрбір отбасы еліміз пайдаланып жатқан ұлттық байлықтың игілігін көруі керек. Сондықтан, мен жариялаған Балалар жылының аясында «Ұлттық қор – балаларға» атты мүлде жаңа бағдарламаны жүзеге асыру өте маңызды деп санаймын. Ұлттық қордың жыл сайынғы инвестициялық табысының 50 пайызын балалардың арнаулы жинақтаушы есепшотына аударуды ұсынамын. Қаржы әр бала 18 жасқа толғанға дейін аударылып тұрады, оны мерзімінен бұрын есепшоттан шығарып алуға болмайды. Жинақталған қаржы балалар кәмелет жасына толғаннан кейін олардың баспана немесе білім алуына жұмсалатын болады. Бұл қаражат өскелең ұрпақтың үлкен өмірге қадам басуына мүмкіндік береді. Қор, шын мәнінде, ұлттық мәртебеге ие болып, халқымыздың игілігіне қызмет етеді», – деген болатын. Бұған дейін ұлттық қорды тек, мемлекеттің дағдарыс кезінде ғана пайдаланатын, халыққа қол жетімсіз ресурс ретінде санап келген болса ел-жұрт бұл жаңалықты зор қуанышпен қабылдадаған еді.

      Осылайша өткен жылдың 1 қаңтарынан бастап «Ұлттық қор – балаларға» жобасы іске қосылды. Аталған жоба аясында ауданда 2006-2007 жылғы туылған 98 ге жуық жасқа түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, 18 жасқа толған 71 жас қор қаражатын пайдаланды. Оның ішінде 29 жас оқу ақысына төлем жасаса, 42 жас баспаналы болу үшін «Отбасы банк» арқылы депозит ашып, қор қаражатын алды.

     Сонымен қатар уақыттың өзі дәлелдеп көрсеткендей, «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы туған жерге ту тіккен талай жастың жолын ашып, жарқын өмірге қадам басуына түрткі болғаны мәлім. Бұл жобаның аясында жастар ауылдарға жол тартып, еліміз үшін қызмет көрсетіп, бір жағынан өз тұрмысын түзеуге мүмкіндік алды. Осы жобаға қызығушылық танытқан байзақтық жастардың қатары аз емес. Мәселен, 2025 жылы бағдарлама аясында ресурстық орталық тарапынан үгіт-насихат және түсіндіру жұмыстарын жүргізу нәтижесінде 39 дан аса жас қызығушылық танытып, талапқа сәйкес келетін 17 маман Баспана маркет порталы арқылы өтініш тастады.

      Сонымен бірге ауданымызда жастардың басын біріктіріп жүрген «Жасыл ел» бағдарламасы нәтижелі бастама ретінде  маңыздылығын жоймай келеді. Еңбек маусымында «Жасыл ел» жасағының сарбаздары қаланы көркейту шараларына белсене атсалысып келеді. Қоршаған ортаны таза ұстау – әр азаматтың міндеті. Әр адам тазалық пен тәртіпті өз айналасынан, қоршаған ортасынан бастаса, елге деген сүйіспеншіліктің айқын белгісі болары анық. Бұл жоба – ең табысты және ауқымды әлеуметтік жобалардың бірі. Бұл жастармен жұмыс жасаудың өте маңызды құралы. Олардың өз Отанына деген сүйіспеншілігін оятып, өздерін туған жердің иесі ретінде сезінуге жетелейді. Таза еңбекпен табыс тауып, ата-ананы қуантуды да осы еңбек жасағындағы алғашқы еңбектері арқылы сезіне алады.

       Ауданымыздағы «Жасыл ел» еңбек жасақтарының атқарған жұмыстары мен алдағы жоспарымыз туралы тоқталсақ: Ауданда ағымдағы  жылға бекітілген ережеге сәйкес, 100 жасты «Жасыл ел» бағдарламасы аясында жұмысқа тарту жоспарлануда, 6,0 мын тг қаржы қарастырылды. Жыл басынан бүгінгі күнге дейін наурыз және сәуір айларында 54 жас көктемдік маусымдық жұмыстарда жұмыс жасады. Оның ішінде 35 жас уақытша бос жүрген жас болса, 1 жас пробация есебінде тұрған жас, ал қалған 18 жас өз еркімен өтініш білдірген жастар (студент). Жасалынған жұмыс нәтижесінде, 7 800 м2 аумақ тазаланса, 25,7 тонна қоқыс шығарылды. Ал қалған 46 жасты күздік маусымдық  жұмыспен қамту жоспарланып отыр.

     Сонымен бірге мемлекеттік жастар саясатының 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасын орындау мақсатында және уақытша бос жүрген жастардың уақытын тиімді өткізу мақсатында үстіміздегі жылдың 4 айында аудандық «Жастар ресурстық орталығы» мекемесінің ұйымдастыруымен жалпы  681  іс шара өткізіліп, оған 18 845  жас қамтылды.

       Атап айтқанда, жастардың көпшілігінің сұрауы бойынша IQ JASTAR интеллектуалды ойыны жыл сайын сәтті өткізіліп келеді. Қазіргі уақытта ойынға 22 топтан 168 жас тұрақты қатысуда. Ойынның мақсаты аудан жастары арасында интелектуалды ортаны қалыптастыру, ойын арқылы жастарды еліміздің тарихын, мәдениетін таныту. Халықаралық денсаулық күніне орай  BAIZAQ JUNIOR MARATHON спорттық жарысында 200 жас қатысты, жеңімпаздар бағалы сыйлықтармен марапатталды. Сонымен қатар «Жайдарман жуниор» балалар жайдарман ойындары өткізіліп, жасөспірім балалар арасында үлкен қызығушылық танытып 300 ге жуық бала өз бақтарын сынады.

       Сонымен бірге қоғамды дамытудағы басты факторлардың бірі – оқырман ұлт қалыптастыру. Бұл міндет кітапқа деген қызығушылық пен оқу мәдениетін нығайту арқылы жүзеге асады. Жастардың кітапқа деген сүйіспеншілігін ояту – Қазақстанның рухани, мәдени, ғылыми мүдделері мен білім беру салаларын нығайтудың негізгі бағыттарының бірі. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әртүрлі кездесулерде үнемі айтып келеді.

       Айталық, Президент Түркістан төрінде өткен Ұлттық құрылтайдың «Әділетті Қазақстан – Адал азамат» атты екінші отырысында сөйлеген сөзінде: «Жас ұрпақтың кітапқа құштар­лығын оятуымыз керек. Бұл қиын мәселе екенін түсінемін. Әсіресе, олардың бар назары әлеуметтік желіде болған кезде, тіпті, қиын. Бірақ бұл мәселемен айналысу керек», – деген болатын.

      Сонымен бірге Президент Ұлттық құрылтайдың «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» атты үшінші отырысында сөйлеген сөзінде: «Тек ақпараттық технологияның пайдалы жағын алып, зиянды жағынан сақ болған жөн. Ашығын айтсақ,  бала тәрбиесіне теріс ықпал етіп жатыр. Бұл – өкінішке қарай, ақиқат. Балалар түгілі, ата-аналар да әлеуметтік желідегі мағынасыз контентке тым әуес. Біз, ең алдымен, жастарды кітап оқуға баулуымыз керек. Сонда жаппай кітап оқитын ұлтқа айналамыз» – деген болатын  Қасым-Жомарт Тоқаев.

        Мемлекет басшысының кітап оқуға баулуға бағытталған бастамасы еліміз көлемінде жоғары деңгейде қолауын тапты. Мәселен, ағымдағы жылы облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің бастамасымен «Әулиеата – кітап оқитын өңір» жобасы қолға алынған болатын.

     Жобасының ашылу салтанатында сөз алған аймақ басшысы: «Бүгінгі жаһандану заманында ұлттық құндылықтарымыз бен бірегейлігімізді сақтау – аса маңызды. Жастарды кітап оқуға баулып, рухани тәрбиені ұлттық негізде дамыту – біздің басты мақсатымыз. Кітап – адамның ой-өрісін кеңейтіп, рухани байытатын ең құнды құрал, оны ешбір ақпарат көзі алмастыра алмайды», – деп өңір жастарын кітап оқуға шақырған болатын.

        Осыған орай, жоба аясында ауданымызда «KitapTime»  атты кітап оқудан марафон өтті. Марафонға 100 ге жуық жас қатысып, өз өтініштерін білдірді. Кітап тайм марафонында, жазушы Санжар Керімбайдың «Қаныш және ғылыми майдан» кітабынан тестер қойылып, үздік жауап берген жастар бағалы сыйлықтармен марапатталды. Сонымен бірге жас отбасылар арасында «Махаббат қызық мол жылдар» видеоролик байқауыда ұйымдастырылды шараға 21 видеоролик келіп түсті жеңімпаздар анықталып бағалы сыйлықтармен марапатталды. Сонымен бірге жастар арасында әскери патриоттық рухты қалыптастыру Отан алдындағы борышын сезіндіру мақсатында «Жау жүрек мың бала» атты әскери патриоттық ойыны өтті.

     Тағы бір айта кететін дүние, бүгінде жұмысшы мамандықтарының қоғамдағы орыны биік. Қарапайым еңбек адамдары халықтың жанашыры. Бұған Президенттің 2025 жылды Қазақстанда «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялауы да тегін емес. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылы Қазақстан халқына арнаған кезекті Жолдауында «Адал әрі табанды еңбегімен табысқа жеткен адамдар қашанда құрметті, сыйлы болуы керек. Бұл біз ұсынып отырған «Адал азамат – Адал еңбек – Адал табыс» қағидатына толық сай келеді. Бір сөзбен айтқанда, біздің қоғамда еңбекқорлық, кәсібилік сияқты қасиеттер өте жоғары бағалануға тиіс. Өз кәсібін жетік меңгерген мамандар ұлт сапасын арттырады. Сондықтан біз еңбек адамының мәртебесін көтеріп жатырмыз. Бұл бағыттағы жұмыс тоқтамайды, жалғаса береді. Жұмыстың жаманы жоқ, кез келген еңбек – қадірлі. Ең бастысы, әркім жауапкершілікті терең сезініп, өз міндетін сапалы атқаруға тиіс. Сонда ғана еліміз дамудың сара жолына түседі», – деген болатын.

     Жал­пы айтқанда Мемлекет басшысының бұл шешімі жұмысшы ма­ман­дықтарының экономикадағы маңыз­ды­лығын арттыру, еңбек нарығындағы тапшылықты жою және жастарды жұ­мысшы мамандықтарға тарту мақсатымен байланысты. Осыған орай ауданымызда алдағы уақытта жұмысшы мамандықтар жылына орай  кәсіби , жұмысшы жастар арасында «ПРОФИ 2025» аудандық байқауы ұйымдастыру жоспарланған, сонымен қатар жастар арасында  аудан әкімінің жыл сайынғы «Байзақ үздіктері» аудандық байқауыда жыл жоспарына бекітілген болатын.

       Сондай-ақ Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев сегізінші шақырылған ҚР Парламенті Мәжілісі депутаттарының алдында сөйлеген сөзінде: «Жұмыссыздықты, әсіресе жастар арасындағы жұмыссыздықты азайтуға ерекше көңіл бөлу керек. Жоғары оқу орындарын, колледждерді бітірушілер, әсіресе білімі жоқ жастардың тұрақты жұмысқа орналасу мүмкіндігі әрқашан бола бермейді. Біз мұны жақсы білеміз. Олар тапқан жұмысын істеп өмір сүреді. Кейбіреулер табыс іздеп, заң бұзуы мүмкін», деді. Президент осы сөзі арқылы жастарға қатысты мәселелердің кең ауқымын атап көрсетті.

        «Еңбек – адамның екінші анасы» дейміз. Тәрбиелік мәні терең бұл тәмсілдің мағынасын «Адамды адам еткен – еңбек» деген тағы бір дана сөз аша түседі. Яғни еңбек адамды өсіреді, өмірден өз орныңды тауып, тұлға болып қалыптасуыңа бастайды, қатарға қосады. Бұл қатарда Байзақ ауданындағы «Болашақ» волонтерлық қозғалысының қызыметі қарқынды. Бүгінде датқа даласының еріктілері көктемдік дала жұмыстарына тартылып, тал егу, көгалдандыру ақцияларына атсалысты. Экологиялық мәдениет қалыптастыру және көгеріштендіру мақсатында еріктілермен «Таза ауыл», «Экосана», «EkoLiFe» «Таза Қазақстан» т.б. тақырыптарында сенбіліктер жұмыстары  ұйымдастырылып, 8 тоннаға жуық күл-қоқыстан тазартылды.

       Шынында, қайырымдылық, қол ұшын созу, қиналғанда жәрдем беру – әлімсақтан бері қазақтың қанына сіңген қасиеттер. Бұл бүгінде заманның көшіне еріп, талабына сай түрленіп, еріктілер деген атауға ие болған. Еріктілердің қатары да жыл өткен сайын артып келеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Волонтерлық – патриотизмнің бір көрінісі. Еріктілер, ең алдымен, елдің игілігіне қызмет етеді. Олардың жұмысы азаматтық қоғамды одан әрі дамытуға мүмкіндік береді. Волонтерлық – «бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып әрекет ету. Волонтерлық – халқымыздың шынайы болмысы. Бұл бастама ұлтты ұйыстырып, мемлекеттілікті нығайту үшін қажет. Волонтерлық – мемлекет пен қоғам ілгерілеуінің жарқын көрінісі. Елдің дамуы мен жетістігі халықтың патриоттық белсенді әрекетіне тікелей байланысты. Олар күн сайын маңызды қызмет етеді. Мұндай азаматтар бізде аз емес. 16 мың адам – бастапқы меже. Келешекте жүз мыңдаған, миллиондаған адам жан-тәнімен, ерікті түрде волонтерлықпен айналысатынына сенімдімін. Мемлекеттің, атқарушы биліктің және Парламент депутаттарының міндеті – волонтерлық қозғалысқа атсалысуға мүмкіндік беру.

      Волонтерлық қызмет реформаларды жүзеге асыруда, жалпы мемлекетімізді жаңғыртуда маңызды рөл атқарады. Яғни волонтерлар өздерінің іс-әрекетімен аса маңызды реформаларды жүзеге асыруға нақты үлес қосады. Еңбекқорлық, әлемге ашықтық арқылы озық технологияға және жоғары еңбек өнімділігіне негізделген жаңа экономика құра аламыз. Волонтерлық идеясын белсенді ілгерілету отандастарымыздың ой-санасының жаңа парадигмасын жаңғыртуға ықпал етеді», – деген болатын.

      Расында, бүгінде еріктілер көпке үлгі болып, игі істердің басынан табылуда. Ауданымызда да волонтерлық қызметтің көкжиегі кеңейіп, жұмысы жандануда. Мәселен, «Қамқор» бағыттары аясында әлеуметтік аз қамтылған көпбалалы отбасылар мен жалғызбасты қарттардың үйіне дәрі-дәрмек, 7 үйге азық-түлік жеткізіліп, 12  үйге тазалық жұмыстары жүргізілді. Үстіміздегі жылдың 4 айында 98 шара ұйымдастырылып, 814 жас қамтылды.

       Бүгінгі таңда республика көлемінде жастардың жаны сүйіп көретін, әзілкештер сайыстары жоғары деңгейде ұйымдастырылып келеді. Аймағымыздың намысын қорғап жүрген командалар қатары толысып, кәсібилік жағынан өсім байқалады. Бәсекеден қалыспайтын Байзақ жастары бұл бағытта үлкен нәтижелерге қол жеткізу үшін «Жайдарлы Baizaq жастары» атты жайдарманшылар клубын құрған болатын. Аталған клубқа жалпы саны130 жас мүшелікке тіркеліп, бүгінгі күнге клуб 3 жайдарман ойынан өткізіп,жалпы 986 жасты қамтыды. Ал өткен сәуір айының 23 күні «Жайдарман жуниор» ойынының финалдық кезеңі ұйымдастырып, финалға ауылдық округтерден 10 команда ағалап алға шықты.

      Бүгінде жастар арасында түрлі қызығушылықтан туған ойындар көп. Оның бірі – спорттық болса, ендігісі – білім сайысының түрлері. Аудан жастарын ынталандыру, бәсекеге қабілетті жас дарындарға орта жарату мақсатында ауданымызда «BАIZAQ» пікірсайыс клубы құрылып, ережесі бекітілді. Аталмыш клуб мүшелігіне  31 орта мектепте дебат клубтары біріктірілді. Клубтың жұмыс жоспары бекітіліп, Жастарды ынталандыру мақсатында «Baizaq CUP:Tuimekent»,  «Baizaq CUP:GM» атты  кубок жобасы іске асырылды. Бүйырса Республика күніне орай «JASTAR GUP» облыстық дебат турнирін ұйымдастыру жоспарлап отырмыз.

      Сонымен қатар бұқаралық ақпарат құралдарында жастар саясатына қатысты, аудандық «Ауыл жаңалығы» газетіне 64 мақала, әлеуметтік желіге «faсebook» парақшасында 2 160, «instagram» парақшасында 2 097, республикалық, облыстық, аудандық сайттарға 16, басқада әлеуметтік желілер 30  ақпарат жарияланды.

      Жалпы, Байзақ аудандық Жастар ресурстық орталығы – жастардың қоғамдағы орнын анықтауға, олардың әлеуметтену процесін жеңілдетуге, кәсіби және шығармашылық дамуын қолдауға бағытталған маңызды ұйым. Бұл орталықтың жұмысы жастарға өмірлік бағыт беріп, оларды болашаққа сеніммен қадам басуға ынталандырады. Сонымен қатар, жас буынның әлеуметтік жауапкершілігін арттырып, олардың қоғамға деген оң әсерін күшейтеді. Мемлекет тарапынан жастарға жасалған осындай қолдау шаралары қоғамның тұрақты дамуына және жастардың болашақта еліміздің дамуына белсене қатысуына негіз болары даусыз.

     Қорта айтқанда, датқа даласының жастарының атқаратын шаруалары әлі алда, елге қызмет етуге деген сенімі мол.

 

Мұхтар ҚАЗБАЕВ,

Байзақ ауданы әкімдігі ішкі саясат бөлімінің

«Жастар ресурстық орталығы» КММ директоры

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.