Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

Өндірісті өркендетуге ден қойылып отыр

0 134

Сарысу ауданы өңіріміздегі төскейі малға, жер асты қазба байлыққа толы, тарихы терең, шежірелі мекен. Аудан құрылғанда бастапқы мақсаты – мал және егін шаруашылығына бағытталған болатын. 1928 жылы құрылған ауданда бүгінгі күні ауыл шаруашылығымен қатар химия өнеркәсібі дамып келеді. Атап айтсақ, бүгінде өңір елімізге фосфорлы кендері, мәрмар тастары, тұз және басқа да жерасты байлығымен танылуда. Жалпы жері құтты, елі текті киелі мекен туралы тоқтамай ой толғай беруге әбден болады. Ауданда 9 ауылдық округ бар болса, оған қарасты бір қала мен 25 елдімекенде 44 мыңнан аса халық тұрады. Бүгінде ауданның әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерінде оң динамика қалыптасып отыр.

Биыл жалпы құны 5 миллиард 495 миллион теңгені құрайтын 19 инвестициялық жоба қолдау тауып отыр. Сондай-ақ ауданда өнеркәсіп саласында 13 ірі кәсіпорын жұмыс істеуде. Аудандағы кәсіпорындардан мемлекеттік бюджетке жыл сайын 7 миллиард теңге салық түсіп отыр. Оның 2,4 миллиард теңгесі аудандық бюджетке, 1,9 миллиард теңгесі облыстық бюджетке және 2,7 миллиард теңгесі республикалық бюджетке тиесілі. Бұл қаржы халықтың тұрмысын арттыруға бағытталуда. Бүгінгі таңда ірі өнеркәсіп орындары 2600-ден аса азаматты жұмыспен қамтып отыр. Оның ішінде 90 пайызы аудан тұрғындары. Осы жылдың ақпан айында «ЕвроХим» компаниясы бос жұмыс орындары жәрмеңкесін өткізіп, ауданнан 102 адамды жұмысқа қабылдаса, оның 49-ы аудан тұрғындары. Сондай-ақ мамыр айында «QazaqSoda» компаниясы да бос жұмыс орындары жәрмеңкесін өткізген болатын. Онда 208 адамның түйіндемесі жинақталып, 47 адамды жұмысқа қабылдау жоспарланып, өтініш білдірушілердің түйіндемелері бойынша талдау жұмыстары жүргізілуде. Бүгінгі күні ауданда «ЕвроХим» компаниясы минералды тыңайтқыштар өндіріс зауытының құрылысын жүргізуде. Құрылыс жұмыстары 2 кезеңде іске асырылатын болады. І кезең қуаттылығы жылына 800 мың тонна күкірт қышқылы өндірісінің құрылысы, іске асырылу мерзімі 2025 жылдың қараша айы. ІІ кезең минералды тыңайтқыштар және өнеркәсіптік өнімдер өндіру зауытының құрылысы, іске асырылу мерзімі 2026 жылдың ІV тоқсаны. Жобаның жалпы құны 450 миллиард теңге. Зауыт іске қосылу үшін де Үкімет тарапынан газ тарту жұмыстарына 3,9 миллиард теңге бөлініп, мердігер тарапынан кестеге сай газ құбырларын тарту жұмыстары жүргізілуде. Зауыт толық іске қосылған соң қосымша 1700 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Бұдан бөлек, «Qazaq Soda» ЖШС тарапынан жылына 500 мың тонна кальциленген сода өндіретін зауыттың құрылыс жұмыстары жүруде. Жобаның жалпы құны 188 миллиард теңгені құрайды. Құрылыс жұмыстары аяқталған соң 500 жаңа тұрақты жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Зауыт құрылысын 2027 жылы толық аяқтау жоспарланған. Дегенмен қазіргі таңда құрылыс жұмыстары қарқынды жүруде, мүмкіндігінше оны мерзімінен бұрын, яғни 2026 жылдың ІІ жартыжылдығында іске қосу көзделіп отыр. Жалпы ауданда жұмыс істеп жатқан ірі компаниялар тарапынан демеушіліктер көрсетілуде. Сол демеушіліктің арқасында әлеуметтік мәселелер шешіліп, көптеген нысандар ел игілігіне берілуде.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.