Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

Шырайлы Шудың шұғылалы жастары

0 827

Қоғамның қозғаушы күші, елдің болашағы – жастар. Әрбір мемлекеттің дамуы мен өркендеуі жас буынның санасы, білімі мен белсенділігіне тікелей байланысты. Жастар – жаңа идеялардың, тың серпін мен өзгерістің символы. Олар тәуелсіз елдің ертеңі ғана емес, бүгінгі күннің нақты әрекет етуші күші.

Бүгінде елімізде жастарға барлық жағдай жасалып отыр. Мемлекет тарапынан түрлі білім беру бағдарламалары, жастарды жұмыспен қамту жобалары, кәсіпкерлікті қолдау бастамалары жүзеге асуда. Сонымен қатар ел болашағына бейжай қарамайтын жас ұрпақтың азаматтық белсенділігі де артып келеді. Олар волонтерлықпен айналысып, қоғамдық шараларға қатысып, экологиялық және әлеуметтік мәселелерге үн қосуда. Мұның барлығы жастардың ел алдындағы жауапкершілігін терең сезінетінін көрсетеді.
Оның үстіне қазіргі заман – белсенділік пен бастамашылық заманы. Әлем күн сайын өзгеріп, жаңарып жатқанда жастардың бойынан табылатын белсенділік, жаңашылдық пен жауапкершілік – қоғам дамуының басты қозғаушы күшіне айналуда. Белсенді жастар – тек ертеңгі күннің үміті ғана емес, бүгінгі күннің нақты тірегі.
Белсенді жастар – өз болашағына бейжай қарамайтын, қоғамның өзекті мәселелеріне терең қарап, түрлі салада өз үлесін қосуға ұмтылатын жас буын. Олар білім алумен қатар, қоғамдық жұмыстарға араласып, волонтерлық қызметпен айналысып, экологиялық, әлеуметтік және мәдени жобаларға қатысады.
Елімізде мұндай жастардың қатары артып келеді. Әсіресе, Шу қаласында қоғамдық істерден шет қалмайтын белсенді де білікті жастардың қалың шоғыры қалыптасқан. Бұған Шу қалалық жастар ресурстық орталығы тарапынан ұйымдастырылып жатқан мәдени-көпшілік шаралар өз септігін тигізуде.
Айталық, Шу қаласында орналасқан С.Сейфуллин, Ы.Алтынсарин, Т.Рысқұлов атындағы орта мектептерде, А.Байтұрсынұлы атындағы гимназияда, «Жібек жолы» мектеп-лицейінде «IQ-SHU» атты танымдық-тағылымды интеллектуалдық ойыны өткізілді. Білімге құштар жандардың басын қосқан бұл шара ақыл мен алғырлықтың алаңына айналды.
Шу ауданының 95 жылдығы және Шу қаласының 65 жылдығына орай өткен ойындарға 100-ге жуық жас қатысып, білімі мен білігін ортаға салды. Жеңімпаз атанған командалар финалдық кезеңге жолдама алып, өздерінің үздік екенін дәлелдеді. Сайыс төрт кезеңнен тұрып, әр айналымда тапқырлық пен алғырлық сынға түсті. Қазылар алқасы қатысушылардың ой ұшқырлығына баса назар аударды.
«Қайырымдылық жасасаң, қайырын өзің көресің» дейді қазақ. Иә, жоқ-жітікке қарасу, жылағанды жұбату, сүрінгенді сүйеу – халқымыздың бойында ежелден қалыптасқан қасиет.
Ата-бабамыз қысқа жіп күрмеуге келмейтін қысылтаяң шақтарда ауызбіршілікті, адалдықты, ынтымақты ту етіп көтерген. Әсіресе, көптің мәселесін қара бастың қамынан жоғары қойған. «Бір үй аш болса – бір ауыл аш, бір ауыл аш болса – бүкіл ел аш» деген қағиданы берік ұстанып, адам тағдыры ұлыс тағдырымен тығыз байланысты екенін қапысыз таныған. «Қыран жемін шашып жейді, құзғын жемін басып жейді» деген мақалдың мәніне терең бойлап, жалғыз өзі тойғанша жұртпен бірге қиналуды жөн көрген.
Осынау асыл қасиет Шу жастарының бойынан әлі күнге үзілген емес. Соның бір айғағы – Шу қалалық жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен және демеушілердің қолдауымен қайырымдылық шарасы өтті. Шара барысында жастар мұқтаж жандарға ет таратып, алғысқа бөленді. Бұл бастама қоғамдағы мейірімділік пен жанашырлықтың жарқын көрінісі екені даусыз.
Сондай-ақ орталықтың ұйытқы болуымен қасапшылар сайысы өтті. Бүгінде мал сойып, ет бұзудың ебін білмейтін жастар көбейіп бара жатқаны жасырын емес. Атамыздан қалған мұраны дәріптеп, жастардың қасапшылық өнерге қызығушылығын арттыру мақсатында ұйымдастырылған жарыстың ерекшелігі сол, демеушілер есебінен алынған қойларды аз уақытта сойып қана қоймай, дұрыс жіліктей білген қатысушылар жеңіс тұғырынан көрінді. Жарысқа кәнігі қасапшылар төрелік етіп, баға берді. Бұдан бөлек, бөлшектелген мал еттері қаладағы көмекке мұқтаж отбасыларға үлестірілді.
Халықаралық театр күніне орай қалада «Театр – өнер айнасы» атты байқау ұйымдастырылып, өңіріміздегі бірнеше театр өз спектакльдерін көрермен назарына ұсынды. Қала әкімі Елдос Нұралиев пен ардагерлер кеңесінің төрағасы Мэлс Нысанбайұлы қойылымның куәсі болып, қатысушыларға сәттілік тіледі.
Байқаудан үш ай бұрын жеребе тартылып, әр театрға тиісті тақырыптар берілген болатын. Араға уақыт салып, әр ұжым өзінің шама-шарқынша берілген тақырыпты ашуға, көрерменге ой салуға тырысты. Қойылымдардың тақырыбы да әралуан болды. Әрқайсысы қоғамдағы өзекті мәселелерді көтеріп, жастарды жат әдеттен қашық жүруге шақырды. Әсіресе, қазіргі таңда қоғамдық дертке айналып бара жатқан лудоманияның зардабы, ішімдіктен келетін қауіп, отбасындағы түсіністік сынды маңызды тақырыптар ұтымды сахналанды. Аталмыш байқаудың негізгі мақсаты да осы, яғни жастарға ой салу, жағымсыз әдеттен қашық болуға баулу болатын. Театр ұжымдары бұл үдені жоғары деңгейде алып шыға білді. Сондай-ақ әр ұжымның туындысын кино және театр саласының актерлары, білікті мамандар бағалап, қазылық етті. Нәтижесінде, «Шырақ» балалар және жасөспірімдер театры үздік деп танылса, Шу халық театры екінші орынды еншіледі. Ал қалалық «Шу қаған» халық театры үздік үштікті түйіндеді.
22 сәуір күні Шу қалалық жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен «Әулиеата – кітап оқитын өңір» жобасы аясында «Бүгіннен баста…» тақырыбында халық көп шоғырланатын демалыс орындарының бірі – «Синема паркте» ерекше форматтағы кітап көрмесі ұйымдастырылды. Ашық аспан астында өткен бұл мәдени шара қала тұрғындары мен қонақтарын әдебиет әлеміне жетелеп, кітап пен оқырман арасындағы алтын көпірге айналды.
Көрмеге түрлі жанрдағы кітаптар қойылып, классикалық шығармалармен қатар қазіргі қазақ әдебиетінің тың туындылары да ұсынылды. Балаларға арналған ертегілер, ғылыми-көпшілік еңбектер, мотивациялық кітаптар мен тарихи романдар – барлығы да көрерменнің қызығушылығын оятты.
30 мамыр күні Шу қалалық жастар ресурстық орталығы көпке белгілі фотограф Генадий Сергеевичке тосын сый жасады. Қарапайым еңбек адамының марапатын табыстау үшін үйіне ескертусіз барып, қуанышқа бөледі.
Шу қалалық әкімдігі және қалалық Жастар ресурстық орталығының бірлесе ұйымдастыруымен «Таза қала» жарысы өткізілді. Экологиялық шара алдыңғы жылдары «Қант зауыты» мен «Қосқұдық» шағынаудандарында өтсе, осы жылы «Горгаз» алқабында жалғасты.
Аталған шараға төрт адамнан құралған 11 команда қатысты. Қатысушылар «Горгаз» массивіндегі ұйымдастырушылар белгілеп берген көшелерді 2 сағатта толық тазалап шықты. Шарт бойынша командалар белгіленген уақытта өздеріне тапсырылған көшені тазалап, қоқыстарды арнайы қаптарға толтырып отырды. Соған байланысты сайыста тазалыққа шағым көп түсетін аймақтар таңдалды. Игі шараның соңында жиналған қоқыстар таразыға салынып, өзгелерден қоқысты артық жинаған топтар қала әкімінің арнайы дипломы мен қаржылай жүлделерге ие болды. Қалған 8 командаға да 20 мың теңгеден ынталандыру сыйлықтары берілді. Шу қаласында осымен үшінші мәрте өткізіліп отырған экологиялық шараның басты мақсаты – тұрғындарға қаланың тазалығына бейжай қарамауды насихаттау, әр азаматты өз ауласы мен көшесін таза ұстауға бейімдеу. Шу қаласында мұндай бастамалар алдағы уақытта да өз жалғасын таба бермек.
Бұған қоса аудандық пробация қызметінің есебінде тұрған жастармен «Заң және тәртіп» жобасы аясында «Дойбы – ой додасы» тақырыбында дойбыдан турнир өткізілді. Жастар арасындағы қайта қылмыс жасаудың алдын алу, қоршаған ортаға дұрыс бейімдеу, бос уақытты тиімді пайдалануды мақсат еткен турнир соңында қатысушыларға Алғыс хаттар мен арнайы сыйлықтар табысталды.
Ал Халықаралық балаларды қорғау күнінде балғындарға арналған мерекелік кеш өтті. Іс-шараның басты мақсаты бүлдіршіндерге қуаныш сыйлап, олардың жүздеріне күлкі ұялату болды. Мерекелік кеш барысында балдырғандарға арнайы ойын-сауық бағдарламалары ұсынылды. Балалар ән айтып, би билеп, қызықты ойындарға қатысты. Сонымен қатар шараға демеушілер де атсалысып, балақайларға тәтті сыйлықтар мен балмұздақтар таратылды. Балалар мен ата-аналар да өз кезегінде ұйымдастырушыларға шынайы ризашылықтарын білдірді.
Жастарға арналған шаралар – олардың толыққанды тұлға болып қалыптасуының кепілі. Мұндай жиындар арқылы жаңа буын бойындағы қабілеттері мен мүмкіндіктерін ашып, қоғамға пайдасын тигізетін, белсенді азаматқа айналады. Сондықтан мұндай іс-шаралар алдағы уақытта да үздіксіз жалғасады.

Мақсат ШӘЙМЕРДЕН,
Шу ауданы әкімдігі ішкі саясат бөлімінің
«Шу қалалық жастар ресурстық орталығы» КММ директоры

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.