Таразда «Мерейлі отбасы-2025» ұлттық конкурсы қалалық кезеңінің жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті.
Жиында қала әкімі Бақытжан Орынбеков іріктеу кезеңінен өткен Бектасовтар әулеті мен Ариповтар жанұясын марапаттап, облыстық кезеңге жолдама берді. Сонымен қатар Жорабаевтар отбасына ерекше құрмет көрсетіліп, қайырымды шаңырақтың берекесі артсын деген ниетпен арнайы номинация табысталды.
Айта кетейік, Бектасовтар әулеті – теміржол саласында 3 буыны еңбек етіп келе жатқан отбасы. Отағасы Күмісхан Бектасов шойынжолда 44 жыл қызмет етіп, «Құрметті теміржолшы» төсбелгісіне ие болған. Отанасы Ұлмекен Бектасова да аталған салада 25 жыл жұмыс істеп, зейнет демалысына шыққан. Бүгінгі таңда Бектасовтар – 2 ұл, 3 қыз, 13 немере, 11 шөбере тәрбиелеп отырған бақытты отбасы.
Сол секілді Ариповтар жанұясының да 3 буыны білім беру саласында ұзақ жыл қызмет еткен. Отанасы Василя Арипова – білім беру саласында 41 жыл еңбек еткен ардагер ұстаз. Бүгінгі күні зейнетке шыққан ардақты ана отбасында 5 қыз, 1 ұл, 20 немере тәрбиелеп өсірген. Айта кетер жайт, Ариповтар әулетінің 6 баласы да ұстаздық жолды таңдап, білім беру саласында қызмет атқаруда.
Ал Жорабаевтар отбасы өз балаларымен қоса мүмкіндігі шектеулі бірнеше баланы асырап, ел қатарлы білім беріп, қоғамнан өз орнын табуларына үлес қосып келеді.
– Алдағы уақытта Сіздер осы конкурстың облыстық кезеңінде өздеріңіздің отбасылық құндылықтарыңыздың арқасында жеңіс тұғырынан көрінеді деген сенімдеміз.
«Отбасының жемісі – тәрбиелі ұлы мен қызы» демекші, мақтан етер ұрпағымыз көп болсын! Қазақтың әр отбасының керегесі кең, шаңырағы биік, босағасы берік болсын! Осындай қуанышты күні баршаңызға зор денсаулық, қажымас қайрат, шынайы бақыт тілеймін, – деген шаһар басшысы мерейлі отбасыларға құрмет көрсетті.
Еркін САЙЫН