Қалалық қоғамдық-саяси газет

Елизат – Азия чемпионы

0 230

Үндістанның Нью-Дели қаласында самбодан өткен Азия чемпионатында 75 келі салмақта тараздық Елизат Аязбек алтыннан алқа тағынды.

Оңтүстік Азия еліндегі байрақты бәсекеде бағы жанған спортшыны тараздықтар қаланың шығыс қақпасынан күтіп алды. Аламанда атой салған Елизат – қазіргі таңда Тараз мемлекеттік педагогикалық университетінің студенті. Салтанатты жиында университет ректоры Ержан Әмірбекұлы да төбе көрсетіп, шәкіртіне ілтипатын білдірді. Басшы бұл нәтиженің жерлестері үшін үлкен абырой екеніне тоқталып, алдағы уақытта оның спортпен алаңсыз шұғылдануына қолайлы жағдай жасала беретінін айтты.

Сондай-ақ облыс әкімдігі дене шынықтыру және спорт басқармасына қарасты №7 облыстық мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Қуаныш Есмұрзаев жас спортшының болашағына сенім білдіріп, жеңістің жамбылдықтар үшін зор қуаныш екенін атап өтті. Айталық, аталмыш Азия біріншілігіне 15 мемлекеттің жас балуандары қатысқан. Моңғолия, Жапония, Өзбекстан мемлекетінен келген спортшылар Елизаттың негізгі қарсыластары саналыпты. Өз сөзінде жеңімпаз қыз соңғы сәтте Қырғызстан және Өзбекстан Республикасының балуан қыздарын сын сағатта қапы қалдырып, жеңістің ең биік тұғырына көтерілгенін айтты. Ал жеке бапкері Барбол Жәуіш те шәкіртінің жеңісін қуанышпен жеткізді.

– Елизаттың талантты спортшы болатынын кішкентай кезінен аңғардым. Спортқа баулуыма әуелі анасы біраз уақыт қарсы болып жүрді. 14 жасынан самбо күресінен Талас ауданы, Б.Тоқтықожаұлы атындағы Аққұм орта мектебінің спорт залында жаттықтырып келемін. Төрт жылдың нәтижесін өздеріңіз көріп отырсыздар. Шәкіртім Аққұмда жүріп-ақ, Азияны бағындырды, – деді.

Ал сары құрлықты мойындатқан Елизат Аязбек жиын соңында сөз алып, өзіне қолдау білдірген ата-анасына, жерлестеріне, ТарМПУ-дың ректораты мен оқытушыларына, спорт жанашырларына, жеке бапкері Барбол Жәуішовке алғысын білдірді.

– Айтулы жарысқа ешқандай елдің спортшысы жеңілу үшін келмейді. Менің де қарсыластарым осал емес еді. Алайда біз жақсы дайындықпен бардық. Жерлестерімнің сенімін ақтау үшін барымды салып күрестім. Чемпион болдым. Сәттілік те серік болды. Мұнымен шектелу ойымда жоқ. Енді аз ғана демалып, қайта жаттығуға кірісемін. Алдағы қазан айының 10-14 күндері Өзбекстанда самбодан жастар арасында әлем чемпионаты өтеді. Сол байрақты бәсекеде ел намысын абыройлы қорғау жолында тер төгемін. Жеке бапкерім Барбол ағайыма рақмет. Алдағы уақытта дзюдо күресін қоса алып жүруім мүмкін. Болашақта Әлем, Олимпиада чемпионы болғым келеді, – деген Елизат жеңісін жеңіске жалғайтынына сенімді.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.